Шежіре - өміртанудың, адамтанудың, қоғамтанудың мектебі

1677
Adyrna.kz Telegram

Ойдан және қиялдан тудыруға келмейтіні – тарих. Тарих өткен өмірді сөз еткенімен, бүгінге және келешекке қызмет етеді. Алайда тарих заңдылықтары мен ережелеріне бағынбайтын бір сала бар – ол шежіре!

Шежіре (арабша – шежіре, қазақша – ұрық-бұтақ (үрім-бұтақ) – қазақ ішінде есте жоқ ескі замандардан бері ауызекі айтылып, ішінара жазылып келе жатқан ру-тайпаларымыздың дүние бастауы. Онда қазақ халқының өмірі, мақсат-мұраты, адамгершілік, ұлттық құндылықтары, ерліктері баяндалады. «Бөлшексіз бүтін жоқ» деген. Ру шежіресі – қазақтың бір бөлшегі, ру тарихы – қазақ тарихының бір бөлімі. Қазіргі таңда ру шежіресіне қызығушы, оқушы қауым да көп, оған тоқтау да жоқ. Бірақ, шежірені қарақан бастың қамына, домбыт мақтанға пайдалануға болмайды. Шежірені білу, бөлінуге емес – бірігуге итермелеуге тиіс. Ру деген – о бастан бөліну үшін емес, бірігу үшін құрылған қоғамдық институт.

Егер біз жеті атамызды тектеп, шежіремізді білсек, бір-бірімізге ағайын, жамағайын, алыс ағайын, нағашы-жиен, құда-жекжат, т.б. туысқандығымызды сақтайыз. Ол үшін шежіремізді көзіміздің қарашығындай сақтап, толықтырып, жинастырып, ғылыми негізде жүйелеп отыруымыз керек. Қай елдің болмасын ерекшелігі мен қарым-қабілетін оның шежіресінен білуге болады. Шежіреге берік ел ешқашан азбайды да, тозбайды. Шежіре жеті атаны білуден басталады. «Жеті атасын білмеген – ер жетесіз, жеті ғасыр тарихын білмеген – ел жетесіз», «Жеті атасын білмеген – жетімдіктің белгісі», «Жеті атасын білген ұл жеті жұрттың қамын жер, жеті атасын білмеген құлағы мен жағын жер», дейді қазақ. Ертеректе «Адам жеті жұрттың тілін білсе – ол дана адам болып есептеледі» деген түсінік болған. Әрине бір адам мықты болса – әулет мықты, әулет мықты болса – ауыл мықты, ауыл мықты болса – мемлекеттің діңгегі мықты болады. Сондықтан кез келген қазақ жеті атасын жатқа білуі керек деп санаған. Жеті ата дегеніміз – жеті ұрпақ: ата, әке, бала, немере, шөбере, шөпшек, немене. Жеті ата баладан өрлей еспетеледі: бала, әке, ата, арғы ата, баба, тек ата, түп ата.

Қазақ 7 атаға жақын – ағайын, 20 атаға жақын – жамағайын атанып, ру дәрежесіне жеткен. Бірақ қыз алыспаған. 40 атаға дейін –  алыс ағайын аттанып, тайпа дәрежесіне жеткен. Бірақ қыз алыспаған. Әр ұрпақтың жасын орта есеппен «25 жас» деп есептеп, оны 40-қа көбейтсек – 1000 жыл болады. Яғни 40 атаға жетіп, «қаймана қазақ» атанғанда ғана қазекең: «Қаймана қазақ болыстық, қыз алып, қыз берісуге толыстық», деп бір-бірімен құдандаласып, құда-жекжат атанған. «Құда мың жылдық» деген мәтел содан шыққан. Ондай тамыры тереңнен жалғасқан туысқандық қатынасты ешкім үзе алмайды. Біз тіліміздегі осы «туысқан» сөзін өне бойымызда ағып тұрған «қан» сөзімен байланыстырамыз. Махмұт Қашқаридің «Диуани лұғат-әт-Түрк» еңбегінде «қаң» сөзі «ата, әке» деп беріліпті. Осыдан «аталас, әкелес» мағынасындағы «қаңдас» сөзі пайда болған. «Шал-шауқан» деген де сөз тіркесі бар. Мұндағы «шал» сөзі «кәрі адам» дегенді білдірсе, «шау+қан» дегендегі «шау» сөзі де «кәрі» деген мағына береді. Ал «қан» сөзі «қаңның» өзгеріске түскен түрі, мағынасы – кәрі әке. Туысқан атаулары «ағайын, жамағайын, алыс ағайын, қаймана қазақ» деп аталатын төрттік өлшемнен тұрады.

1) Ағайын – қыз алысып, қыз беріспейтін ұрпақ: Ата. Әке. Бала. Немере.

Шөбере. Шөпшек. Немене.

2) Жамағайын – қыз алысып, қыз беріспейтін ұрпақ: Көрежат – көре тұрып, жат болған адам. Жүрежат – жүре барып, жат болған адам. Туажат – туа салып, жат болған адам...

3) Алыс ағайын – қыз алысып, қыз беріспейтін ұрпақ...

4) Қаймана қазақ – қыз алысып, қыз берісуге жеткен ұрпақ. Қаймана – жат, бөтен адам, «көлденең көк атты» деген сөз. «Қаймана қазақтың беретінін беріпсің», «Сенен айдаладағы қаймана қазақ жақсы екен», т.б. Осылайша қазақ қаймана қазақ болғанда ғана қалыңмалын атап, қыз алысып, қыз беріскен.

Қалыңмал беру әр өңірде әр түрлі болғанмен, оның мөлшері құдалардың әл-ауқатына қарай белгіленеді. Ең жоғарғы қалыңмал –  қырық жеті. Қырық жетінің басты өлшемі – үш тоғыз. Қалыңмалсыз қыз болмайды. Мейлі ол соқыр, ақсақ болсын, мейлі ол ер дауысты, не кердауысты болсын, қыздың қалыңмалы болады. Қыз бала жарық дүниеге айы-күні жетіп, толық күнімен келгенде «қырық жеті келді» деп, ал шала туғанда «отыз жеті келді» деп сүйіншілеген. Сүйінші сұраған кісіге қыз әкесі «тоғызбасының» (тоғыз түйе, тоғыз жылқы, тоғыз қой) біреуін жетелеткен. Яғни не түйе, не жылқы, не қой атаған, ешкі не сиыр атамаған.

Қырық жеті – бала ана құрсағынан жарық дүниеге шыққанға дейін жеті сатыдан өтеді. Әр саты қырық күнді қамтиды. Осыны қырық жеті деп атайды. Бұл жеті рет қырық деген сатыны білдіреді. Қырықты жетіге көбейтсек, екі жүз сексен күн шығады. Бұл – тоғыз ай тоғыз күн. Отыз жеті – бала анасының құрсағында отыз жеті апта жатқан. Отызды жетіге еселесек, екі жүз он күн шығады. Бұл – жеті айлық бала.

Қалыңмалдың төрт өлшемі бар:

1) Қырық жеті (байтал). Егер байтал буаз болса – екі басқа есеп, кейде өзара келісіп, сый-сияпатқа төрт-бес байтал қосады.

2) Отыз жеті (байтал).

3) Жиырма жеті (байтал) – бұны «үйірімен үш тоғыз» дейді. «Түйені келесімен, жылқыны үйірімен, қойды отарымен, сиырды табынымен», дегендей бір үйірде айғырымен тоғыз бас байтал болады.

4) Он жеті (байтал).

Мінеки, осылайша бүкіл қазақ бір атаның ұрпағы, бір тамырдың бұтағы деген қағидамен өсіп-өркендеп келеміз. Қазақы әдеппен ру сұрасамыз, ата қуысамыз (ата дегені – ру, ру дегені – ата). Сөйтіп бір-бірімізге нағашы-жиен, бөле-бажа, құда-жекжат болып жақындаса түсеміз. Қандай ғажап жүйе! Қазақ елін, руын, сүйегін, жеті атасын, кіндік қаны тамған жерін біледі, ешқашан ұмытпайды және оны ұрпағына аманат етеді. Алыстан алты жасар бала келсе, аттан түсіп, жөн сұрайды. Алдымен «Есімің кім?» дейді. Мен «Айдын» деп жауап беремін. Содан кейін барып, «Қай елсің?» дейді. Мен «Найман» деймін. «Найманның ішінде руың кім» деп сұрайды. Мен «Қаракереймін» деймін. Үшінші сұрағын «Сүйегің кім?» деп қояды. «Құттықадам» деп айтамын. Ең соңында «Жеті атаңды ата!» дейді. Сосын туыс, құда, жиен, күйеу, нағашы және тағы басқа жақындығыңды біліп алған соң, әңгімесін де, әзілін де соған қарай өрбітеді. Қазақ өстіп жөн-жосық сұрасудың арқасында тегін сақтап жүрген бірегей халық. Сол себепті қаны да таза. Ата-тегін білмей өскен ұл өз қарындасына үйленуі, ал қыз өз ағасына тұрмысқа шығуы ықтимал. Бірде атақты шипагер Өтейбойдақ Тiлеуқабылұлын Әз-Жәнiбек хан шақырып алып: «Өтеке, бiздiң елiмiздiң денi сау, өмiрi ұзақ, бақытты болу үшiн не iстеуi керек?» дегенде, Өтейбойдақ: «Тақсыр, ең алдымен қол алып, амандасуды тыйыңыз. Екiншi, беттен сүйiп амандасуды тыйыңыз. Үшiншi, жетi атадан аспай қыз алысуды тыйыңыз. Бар пәленi осылар таратады», деген екен. Міне, содан бастап туысқан, қандас адамдар арасында қыз алысып, қыз берісу тыйылған деседі.

Сосын қазақтың жүз ұғымы бойынша да ешқандай туыстық атау жоқ, тек қаны бір, атасы бөлек емес ағайын ғана бар. «Оғызнама» жырында: «Әкесі үш ұлына үш түрлі зат беріпті: соқа, көзе (тостаған) және садақ. Соқа алғаны – шаруашылыққа епті болыпты, көзе алғаны – ілім-білім тостағанынан сусындапты, садақ алғаны – жауынгер болыпты», делінген. Бірақ жырды аудару барысында аудармашылар тарапынан қателік кеткен сыңайлы. Оғыз ханда үш емес, алты ұл болған. Оғыз хан оларға екі түрлі оқ беріп, екі топқа бөліп, әрбіріне құс сыйлаған.  Дәл осындай аңыз сақтарда да бар. Оғыз бен сақ – қазақ тарихында із қалдырған, этногенезінде елеулі рөл ойнаған тайпалар. Бұл аңыз үнділердің брахман – абыз-білімдар, кшатрий – әскер-жауынгер және вайшья – дихан-қолөнерші касталарымен үйлесіп жатыр. Яғни ол аңыз ежелгі заманнан бері бар. Біздегі үш жүзге байланысты қазіргі сөз соның сәл түрленген түрі. Ұлы жүз – шаруаға, малға, экономикаға бейім (соқа, қауға); Орта жүз – ілім-білімге әуес (тостаған, көзе, қалам); Кіші жүз – әскери іс-қимылға (найза, садақ) шебер дегендегі «қауға» сөздерін ойдан қосқан. Ешбір қисыны жоқ. Қауғаның бергі атауы – шелек, арғы атауы – көнек (көннен, ірі малдың бас терісінен жасалған, құдықтан су тартатын ыдыс). Сондықтан жоғарыда айтылған тәмсілдің тұтас бір жүзді малға, дауға, жауға қоюына еш қатысы жоқ. Малды бар қазақ баққан, дауды бар қазақ қуған, найзаны бар қазақ ұстаған. Қазақ шежіресінде бұл үш айтылымға сай ештеңе жазылмаған. Соқа да, қауға да үйсінге таңба болып берілмеген. Және ол касталық үрдіс те емес. Егер үйсін малмен, шаруамен ғана айналысуға тиісті болса, Кушан, Парфия, Бактрия сияқты мемлекетерді құра алар ма еді? Әрине, жоқ! Бұл тәмсілдің дұрыс нұсқасы – Ұлы Жүзге жалау беріп, алға қой. Орта Жүзге қамшы беріп, ханға қой. Кіші Жүзге найза беріп, жауға қой. Мұндағы жалау таңбаның төркіні соғыста көтеріп жүретін алауды білдіреді. Бұл  үйсін Майқы биден қалған ұлы мұра. Шежіре бойынша, қазақ үш жүзге бөлінгенде ең алда  жалау таңба ұстаған үйсін баласы, одан кейін  қамшы таңба ұстаған алты арыс (арғын, найман, керей, уақ, қоңырат, қыпшақ), соңынан  найза таңба ұстаған алшын баласы жүргені айтылады.

Айдын Рысбекұлы,

геральдист

Пікірлер