Ерте тұрмысқа шығу. Жырақтағы Ирак және Қазақстандағы ахуал

1537
Adyrna.kz Telegram

Жақында Иракта қыздардың некеге тұру жасын он бестен 9 жасқа төмендету ұсынылды. Бастама шиит партиялары арасында қолдау табуда. Оны жақтаушылардың айтуынша бұл барлық мұсылмандар үшін міндетті деп саналатын шариғат нормаларына сай.  Дегенмен, сыншылар мұндай өзгерістер адам құқықтарының, әсіресе әйелдер мен балалар құқығының бұзылуына әкелуі мүмкін екенін ескертеді. Қазақстанда да ара-тұра ерте тұрмысқа шығу немесе ерте жастан қатынасқа түсіп қалу деректері кездеседі.

Жақында Қазақстанда белгілі әнші Абай Бегейдің 16 жастағы қызының тұрмысқа шығуы көптің ашуын тудырды. Бірі 18-ге толмай тұрмысқа шығу заңсыз екенін айтса, енді бірі ерте тұрмысқа шығуды жарнамалап жатқанын, тіпті Ирактың қабылдағалы жатқан жаңа заңын қолдау екенін айтады. Бұл қайдан шықты?

БАҒДАТТА НЕ БОЛЫП ЕДІ?

Иракта бұған дейін 1959 жылы қабылданған «Жеке мәртебе туралы» заң Ирактағы әйелдердің құқықтарын ілгерілетудегі басты белгі ретінде қарастырылған еді. Ол отбасы мәселелерінің юрисдикциясын діни органдардан мемлекетке берді және неке жасын 18 деп белгіледі.

Алайда соңғы кездері консервативтік шиит мұсылман депутаттары қолдаған жаңа заң жобасы діни заңдарды қайта енгізуге, сөйтіп неке жасын тағы да өзгертуге себеп болуы мүмкін. Сондай-ақ, бұл заң жобасы әртүрлі халқы бар Ирактағы басқа діни топтардың құқығын қарастырмауда.

ЮНИСЕФ мәліметі бойынша, Ирактағы қыздардың 28 пайызыы 18 жасқа толмай күйеуге шыққан, ал жаңа заң жобасы орнаса бұл мәселе тіпті, шиеленісуі мүмкін.

«9 ЖАСТАҒЫ ҚЫЗҒА ҮЙЛЕНУ – АЗҒЫНДЫҚ»

Мәдениеттанушы әрі дінтанушы Елнар Берікбаев 9 жастағы қызға үйлену Конституцияға ғана қайшы емес, азғындық екенін айтады.

— Иракта және басқа да бірқатар мұсылман елдерде кішкентай қыздармен некеге тұру бұрыннан келе жатқан дәстүр. Егер Ирак билігі 9 жастағы қыздармен некеге тұруды заңдастыруға шешім қабылдауын жарияламағанында, қарапайым жұртшылық мұны ешқашан білмес еді, - дейді ол.

Айтуынша, заң жобасын қолдаушылар Мұхаммед пайғамбарды 9 жастағы Айша есімді қызға үйленген деп есептейді. Яғни, олар өз қалауларын ақтау үшін тиісті хадистерге жүгінеді. «Шамамен екі жылдан кейін ол Айшаға алты жасында некелесіп, тоғыз жасында оған үйленді» (Сахих әл-Бухари, 3896). Олар пайғамбардың амалдары мен сөздері сүннет, яғни әрбір мұсылманға үлгі деп есептегендіктен, мұның дұрыс емес екенін түсінсе де, заңның өзгертілуіне қарсылық білдірмейді.  Мысалы, ислам көп әйел алуды және туысқандар арасындағы некеге рұқсат береді. Бірақ бұл жер бетіндегі барлық мұсылмандар осы дәстүрді сақтауға міндетті дегенді білдірмейді.  Заман өзгереді, көп дәстүрдің қазіргі әлемде алатын орны жоқ. Кішкентай қыздармен некеге тұру тек Конституцияға ғана қайшы емес, сонымен бірге адамзат құндылығына қайшы азғындық, - дейді дінтанушы.

«АРАБТАРДЫҢ САЛТ-ДӘСТҮРІН КӨШІРУДІҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ»

Сонымен қатар, дінтанушы кішкентай қыздарды некеге алудың соңы қайғылы аяқталған оқиғалар көп кездесетінін айтады.

– Мұсылман елдерде кішкентай қыздарды үлкен еркектерге күйеуге беретіні жасырын емес. Көбінесе, қыздар бірінші неке түнінде жыныс мүшелерінің жарылуынан қайтыс болады, - дейді Елнар Берікбаев.

Айтуынша, мұндай мысалдар ислам елдерінде көп кездеседі. Мәселен, Йеменде Раванна есімді 8 жастағы қыз өзінен 5 есе үлкен еркекке тұрмысқа шыққан. Алғашқы неке түнінен кейін Йемен ауылдарының бірінде ол қыздың жансыз денесі табылған. Сараптама нәтижесінде, 8 жастағы Раванна 40 жастағы еркектің зорлығынан ішіне қан кетуден қайтыс болған.

Сол Йемендегі 13 жастағы Асс Илхам әл-Махдидің өзінен жасы үлкен еркекке үйлену тойы да қайғылы аяқталды. Неке түнінен кейін туыстары қызды ес-түссіз, жалаңаш күйінде тауып алған. Баланың жыныс мүшелерінің тілігі бар екені анықталды. Дәрігерлер төрт күн бойы оның өмірі үшін күрескенімен, аман алып қала алмаған.

Ал Ауғанстанда 9 жастағы қыз 55 жастағы ер адамға тұрмысқа шығып, неке түнінен кейін қайтыс болды. Парвина есімді бойжеткен 55 жастағы ер адамға 2000 доллар үшін тұрмысқа шыққан.

- Көріп отырғанымыздай, ерлі-зайыптылардың жас айырмашылығы 30-40 жасқа дейін жетеді. Ерте тұрмысқа шығып, 16 жасқа толмай ана атану Қазақстанда да кездеседі. Бұл Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi бойынша (124-бап. Кәмелетке толмағандардың сыбайлас жемқорлығы) жауапқа тартылатынын айтқым келеді. Яғни, кәмелетке толмаған деп танылған адамға күш қолданбай, азғындық әрекеттер жасау - жеті жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Сондықтан, мен әрдайым арабтардың әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін көшірудің қажеті жоқ екенін айтамын, - деді Елнар Берікбаев.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АХУАЛ СТАТИСТИКАСЫ

БҰҰ бағалауы бойынша Қазақстанда 15 пен 19 жас аралығындағы қыздардың 5,52 пайызы тұрмысқа шыққан, яғни, бағаланған 169 елдің ішінде 67 орында тұр.

Бізде тіпті 10 жастағы қыз баланың жүкті болып қалғаны туралы деректер бар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жасөспірім қыздардың босанып қалу дерегі бойынша Қазақстан 180 мемлекеттің ішінде 29 орында тұр. Кейінгі бірнеше жылда 15-18 жас аралығындағы қыздардың бала туу көрсеткіші 50,5 пайызға артты. Былтыр күзде Ranking.kz агенттігі елде 2017 жылы – 3,4 мың, ал 2022 жылы 5,2 мыңға жуық кәмелетке толмаған қыз жүкті болғанын жазды. Былтырғы көрсеткіш те 5 мыңға жуықтады.

Ал 14 жастағы жасөспірімдердің 10 пайызы, 15-17 жастағы жасөспірімдердің 21 пайызы кемінде бір рет жыныстық қатынаста болған деп есептеледі. Салдарынан 15-19 жас аралығындағы жасөспірімдердің 16,7 пайызы кемінде бір рет жүкті болған, олардың ішінде 62 пайызы босанған, 22 пайызы жасанды түсік жасатқан. Ал 16 пайызында жүктілік табиғи түсік тастаумен аяқталған.

«ЗАҢ АЛДЫНДА ЖАУАПТЫ»

Белгілі  заңгер Тілеужан Кішкенбаев Қазақстанда 16 жасқа толмаған қызбен қарым-қатынасқа түскен ер азамат заңды түрде жауапкершілікке тартылатынын айтады.

— Қазақстанда заңды некеге тек 18 жасқа толғандар ғана тұрады. Ал 16 жасқа толмаған қызбен қарым-қатынасқа түсуге болмайды. Бізде Қылмыстық Кодекстің 122 бабында, егер 16 жасқа толмаған қызбен қарым-қатынасқа түсетін болса, онда ол 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Кейде көріп жатамыз, 14-15 жаста үйленіп, 16 жасында ана атанып жатады. Бұл бойынша органдар тексеріп, жүкті болған уақытын анықтап, ерте қарым-қатынасқа түскен болса, күйеуін қылмыстық жауапкершілікке тарта алады. Қанша жерден өздерінің келісіммен болса да, оған қарамайды. Өйткені, заңда көрсетілген. Егер 16 жастағы қыз босанып жатса, оның жүкті болған уақытын анықтап, он бес жасында қарым қатынасқа түскені медицинамен дәлелденетін болса, дәрігерлер құзырлы органдарды шақыру керек. Немесе біреу хабар берсе, ақпарат органдарға жететін болса, кінәлі адам қылмыстық жауапкершілікке тартылуы қажет.  Көп жағдайда бізде бұл туралы біле бермейді. Қыздың келісімімен болғанын алға тартады. Алайда, қыздың келісімімен болса да, заң алдында жауап беруге міндеттеледі,- дейді заңгер.

Дана Нұрмұханбет

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер