Шай императоры - Томас Липтон

2413
Adyrna.kz Telegram

 Шай императоры. «Lipton» брендінің авторы. Томас Липтон мырзаның арқасында шай бұқара халықтың аузына тиді. Оған дейін тек ақсүйектер ғана ішетін «қасиетті сусын» болатын. Ол шайды қорапшаға салып сатуды ойлап тапқан инноватор, жіпке ілінген ұсақ қалташаларға салынған шай салымдарын жаппай өндіріске енгізген кәсіпкер.   

Томас Джонстоун Липтон 1850 жылы 10-мамырда Шотландияның Глазго қаласында дүниеге келеді.

1860 жылға дейін шіркеуде оқыған Томас Липтон 10 жастан бастап Глазгодағы шағын тоқыма фабрикасында жұмыс істейді.

Ол кезеңде бүкіл батыс Еуропа Америка жайлы романтикалық әңгімелердің тұтқыны болып жүрген. Атлант мұхитының ар жағындағы елге біреу барып келсе, барлығы соны қоршай отырып, әңгімесін тәтті қиялмен тыңдайтын. Тылсым әлем жайлы әңгімелерге әбден қаныққан бала Томас 15 жасында екі құрлықтың ортасында жүк тасып жүрген кемелердің біріне мініп, батысты бетке алады.

АҚШ жас келімсекті құшақ жая қарсы ала алмады. Азамат соғысынан әбден титықтаған штаттардағы жағдай мүшкіл. Күйреген экономика, терең дағдарыс. Десе де мемлекет жұмыс күшіне мұқтаж екен. Жас Липтон алғашқыда Вирджиниядағы темекі алқабында, сонан соң оңтүстік Каролинадағы күріш алқабында жұмыс істеді. 1868 жылы Нью-Йорктағы әмбебап тауарлар сататын ірі дүкенге сатушы болып тұрады. Сауда айналымының қайнаған ортасына түскен ол тауарды дүкен сөрелеріне қалай орналастырудан бастап, клиенттермен қалай тіл табысуға болатынын үйреніп шығады. Американдық саудагерлердің «Біз тек Құдайға ғана сенеміз, қалғандарың қолма-қол төлеңдер!» дейтін әйгілі қанатты сөзімен осы кезде танысады. Бұл қанатты сөздің алғашқы бөлігі Американың валюталарында әлі күнге дейін жазылып келеді.

Сату жүйесі мен жарнама жүргізуді шебер меңгерген Томас 21 жасқа толғанда жат елде жинаған 180 фунт ақшасын қалтасына басып, Шотландияға оралады. АҚШ-тан әкелген сыйлықтарын ата-анасына үлестіріп бергеннен кейін, Глазго қаласынан жаңа дүкен ашады. Дүкеннің атын «Lipton»  деп қояды. Өзі сатушы, өзі жүк тасушы, өзі бастық, өзі кассир.

Томас Липтонның Глазгодағы дүкені

Томас Липтон дүкеніне клиенттерді тарту үшін барлық маркетингтік қадамдарды жасады. Оның ойынша дүкенге бірінші рет кірген тұтынушы алғашқы әсерінен оңайлықпен айыға аламай, тұрақты клиентке айналуы тиіс. Дүкеннің аузына лента керіп-қиып, ашылу салтанатын өткізеді. Ашық түсті, көзтартарлық витриналар орналастырады. Сату үстелі мен витринаның үстіне түрлі ассортименттегі тауарларды қолжетімді бағасымен қосып жазып қояды. Жарнама жасауда қисық, дөңес, ойық айналарды да қажетіне пайдаланады. Дүкенге кірер есіктегі айнада адам арық, жіңішке, қырым еті жоқ жан болып көрінеді. Ол айнаның астына «Липтонға кіріп келе жатқан адам» деп жазып қояды. Шығар есіктің аузындағы айнада адам толық, семіз, ұрты салбыраған кісі болып көрінеді. Ал ол айнаның астына «Липтоннан шығып бара жатқан адам» деп жазып қояды. Қалжыңды жаны сүйетін Томас мырза ағылшынның карикатурист суретшісі Уильям Локхартты жалдап, өзі жайлы және дүкені жайлы әзіл-шыны аралас суреттер салғызып, көшенің әр тұстарына ілдіртеді.

Томас Липтон жасы 25-ке толғанда оның Шотландиядағы дүкендерінің саны жиырмадан асты. Тұтынушылардың көңілін табу мақсатында түрлі акциялар өткізеді. Америкадан көлемі тым үлкен ірімшік пісіріп әкеліп, Глазго қаласындағы дүкендерінің бірінде сатады. Жарнама құжатына сенсек ірімшікті дайындауға қатарынан алты күн сауылған 800 сиырдың сүті кетіпті. Пішіні алып болса, атағы одан да дардай ірімшік Липтонға жақсы жарнама болды. Дәу ірімшікті қала тұрғындары бір сағаттың ішінде сатып алып кетеді. Томас Липтон бұл акцияның арқасында халықтың есінде тек кәсіпкер ретінде емес, жұрттың көкейінде жүрген мұқтаждықты дәл басатын білгір маман ретінде қалды.

Ол делдалдармен байланысын үзіп, өнімдерді фермерлер мен диқандардың өздерінен тікелей сатып алуға көшеді. 1885 жылы Чикагодан азық-түліктерді қаптайтын фабрика және сақтайтын қойма ашады. Өзге штаттардан да жаңа сауда нүктелерін іске қосады. Отыздың бел ортасына келген кәсіпкердің сұрапыл қарқынын тоқтату мүмкін емес еді. Америка мен Британия Корольдігіндегі және Еуропаның басқа елдеріндегі дүкендерінің жалпы саны 300-ден асып жығылған Томас Липтонның жеке қазынасы 1890 жылы 1 миллион фунд стерлингке жуықтапты. Бірақ бір бармағын ішіне бүккен еңбекқор кәсіпкердің тағы бір көздегені бар болатын.

Томас Липтонның делдардардың көмегінсіз қол жеткізе алмайтын бір тауары бар еді. Ол – шай. Сонау Үндістаннан тасымалданатын хош иісті, үгітілген құрғақ жапырақтар ең бірінші король сарайындағы ақсүйектер мен қалталы бай-бағландардың ғана уысына түсетін бағалы өнім болатын. Томас сирек әрі қымбат тауарды бүкіл халыққа қолжетімді еткісі келді. Көп ұзамай шайға бәсекелес болып есептелетін Цейлондағы кофе алқаптары белгісіз ауруға ұшырағандықтан, ол жерлер әдейі өртеліп жатқаны туралы хабарды естиді. 40 жасар Липтон теңіз жолымен Цейлон аралына жол тартады. Делдалдарды күмәндандырмас үшін, оларды Австралияға дүкен ашуға бара жатырмын деп алдайды.

Цейлонға келісімен кофе алқаптарынан босаған 5500 акр жерді сатып алып, шай өсіруге кіріседі. Шайды тек сатумен емес, оны егіп, өсіруді де өз мойнына алған ол ору, жинау, тасу, кептіру, үгіту, қаптау жұмыстарына өзі бас-көз болды. Шаруасына сол замандағы алдыңғы қатарлы технологияларды да қолдана білді. Мәселен, алқаптан өңдеу фабрикасына дейінгі арақашықтық ұзақ болғандықтан, екі аралыққа жоғарғы биіктікте арқанжол жүргізіп, буып түйілген тауарларды сол арқылы тасымалдайды. Шайларды өз еліне жеткізетін жеке флоты да бар еді. Алғашқыда клиперлер мен жеңіл желкенді кемелерді пайдаланса, уақыт өте келе пароходтар сатып алады.

Томас Липтонның Цейлондағы шай жинау науқаны

XIX ғасырдың соңында жарнаманың қадірін аса жақсы ұққан бір адам болса, осы Томас Липтон шығар. Портта жүктерді кемеге тиер кезде және кемеден түсірер кезде арнайы оркестр ойнатып тұрыпты. Жүк тасуды қара жұмыстан гөрі көңіл-күйді көтеретін шоуға айналдырған. Аса қиын шақтарда да жарнаманың пайдасын бір сәт есінен шығармапты. Күндердің бірінде Липтонның кемелері Британия жағалауларына жақындағанда кеме апатқа ұшырап, ішіне су кете бастайды. Томас шай тиелген теңдерді теңізге лақтырайын деп жатқан жұмысшыларын тоқтатып, теңдердің сыртына апыл-ғұпыл әлденелер жабыстырады. Сонан соң ғана теңдерді суға тастауға нұсқау береді. Толқынмен жағалауға шыққан шайларды көрген адамдар әр теңнің сыртындағы «Липтонның шайын ішіңіздер» деген сөйлемді оқыған.

Глазгоға жеткен Томас шайдың фунтын 1 шиллингтен сатады. Ал оның әлі күнге дейін делдалдардан тауар қабылдайтын бәсекелестері ол кезде дәл сол салмақтағы шайларды 4 шиллинг бағаға сатып жатқан болатын. Алайда ол тағы бір кедергіге жолықты. Шотландықтардың арасында «арзан шай – сапасыз шай» деген көзқарас қалыптасыпты. Нарықтағы көлденең көк аттылар әртүрлі шөп үгінділерін шайға қосып, оны арзан бағаға сатып, шай туралы түсініктің берекесін кетірген екен.

Томас Липтон блендерлердің (шай құрамын дайындаушы мамандар) көмегіне жүгініп, әртүрлі сұрыптарды араластырып шай қоспасын жасатады. Үш құрлыққа табаны тиген шай королі бір сұрыптағы шайдың әр елде әртүрлі дәм беретінін байқаған. Оның себебі әр жердегі су құрамдарының әрқилы болуында еді. Сол себепті ол шай қоспасын жергілікті елдердегі су дәмі мен құрамына лайықтап дайындайды.

Әбден өңдеуден өткен шайын арнайы қорапшаларға салып сатады. Бұл тарихтағы аса ірі инновациялық жаңалық еді. Оған дейін шайлар салмағы бойынша өлшеп сатылатын. Дизайнмен әспеттелген қорапшаның сыртына «Lipton» деп өз ныспысын жазғызады. Липтонның жарнамалық ұраны да тілге жеңіл, көкейге қонымды шықты: «Шай алқабынан бірден шәйнекке!». Осы сөйлем Британия Корольдігіндегі барлық пойыздар мен автобустардың сыртында жазулы тұрды. Тұтынушылар енді «Lipton»-ды күдіктенбей ішетін болды.

Сол замандағы «Lipton» шайының қорапшаларының сырты

Шай императоры 1893 жылы «Thomas J. Lipton Co» компаниясын құрады. Ол кезде Липтонның барлық сауда нүктелері мен фирмаларындағы жұмысшылардың саны 10 мыңға жеткен. Оның қол астында көкөніс пен жеміс-жидек бақшалары, ет өңдеу фабрикалары, консерві зауыттары, шарап дүкендері, қойма кешендері мен ұсақ-түйек заттар сататын дүңгіршектер жұмыс істеді.

Алғашқыда Томас мырза шайдың үш түрін өндірді. Үшеуінің ішіндегі ең танымалы «Qualite–1» деп аталды. Шайдың бұл сұрпы салынған сары қорапшаның сыртына «Lipton» таңбасы қызыл әріппен басылды. «Qualite–1» осы күні біз ішіп жүрген «Lipton Yellow Label» шайының прототипі еді.

Томас Липтонның аты мен даңқы Виктория патшайымның да құлағына жетеді. Патшайым «Ағылшындардың өмір сүру стиліне» үлкен өзгеріс әкелгені үшін, Липтонға «сэр» атағын беріп, рыцарьлық дәрежеге көтереді.

1898 жылы «Thomas J. Lipton Co» компаниясының акцияларының едәуір бөлігі сатылымға түсіп, биржадағы сауда нәтижесінде Томас Липтон тағы 2 миллион фунт стерлингтің иесі атанады.

Томас Липтонның шай өндірісіне қосқан кезекті үлесі – ұсақ қалташаларға (пакетик) салынған шай салымдарын өндіріске енгізуі. Бір нәрсені есте ұстау керек: шайды ұсақ қалташаларға салып пайдалануды ойлап тапқан Томас Липтон емес, Нью-Йорк саудагері Том Салливан. Томас Липтон жаңалықты өндірісте қарқынды қолданушы ғана. Том Салливан 1904 жылдан бастап ресторандарға шай салымдарын ұсақ қалташаларға салып үлестіреді. Жаңа идея ресторан қожайындарының көңілінен шығып, жаңалық басқа аймақтарға тез тарайды. Шай қалташаларының қабы ретінде алғашқыда жұқа мата, кейіннен дәке пайдаланылған. Томас Липтон тың идеяны дереу қағып алып, кәдесіне жаратты.

Шай корольі өмірінің соңына дейін регатамен шұғылданады. Арнайы қайық сатып салып, көптеген суда жүзу сайыстарына қатысқан. Алайда оның спорттағы девизі «Ең бастысы жеңіс емес, ең бастысы қатысып, бақ сынау» болыпты.

Томас Липтон 1931 жылы 2-қазанда көз жұмды.

Түйін

Бүгінгі батыс Еуропаның ғажайып әлеуметтік саясаты Томас Липтоннан қалған ба дерсің. Дәл өзінен қалмаса да оған Томас Липтон сияқты тұлғалардың қосқан үлесі ұшан-теңіз. Шайды бірінші қорапшаға, одан қалса ұсақ қалташаға салып, төрт есе арзан бағамен тұтынушыларына жеткізіп берген адамның еңбегінің адалдығына шүбә келтіру қиын.

Асыл Абай

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер