Қаза тапқандар бар. Израиль Газадағы мектепке соққы жасады

1345
Adyrna.kz Telegram
фото:  x.com/HossamShabat
фото: x.com/HossamShabat

Сенбі, 10 тамыз күні Израиль қорғаныс күштері (IDF) Газа секторындағы Әл-Табиин мектебіне әуеден соққы жасады, - деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы DW басылымына сілтеме жасап.

IDF айтуынша, ғимаратта Израильге шабуылдар жоспарланған палестиналық Хамас қозғалысының басқару орталығы орналасқан. Хабарламада командалық пункттің табылғаны, шабуылдың АҚШ пен Израильдің барлау қызметтерімен үйлестірілгені атап өтілді. Сонымен бірге, мектеп ғимаратының жанында орналасқан мешіт Газа қаласының тұрғындары үшін баспана ретінде қызмет етеді, деп хабарлады Израиль армиясы.

«Шабуылға дейін бейбіт тұрғындарды қорғау үшін бірнеше қадамдар жасалды. Оның ішінде оқ-дәрілерді әуеден бақылау және барлау шаралары жүргізілді», - делінген хабарламада.

IDF «Хамас халықаралық құқықты жүйелі түрде бұзды және азаматтық орындарға әрекет етеді, бейбіт тұрғындар мен мекемелерді өзінің лаңкестік әрекеттері үшін тірі қалқан ретінде аяусыз пайдаланады» деп қосты.

Катар телеарнасы Al Jazeera мен Al-Mayadeen телеарнасының хабарлауынша, соққы салдарынан кемінде 100 адам қаза тауып, ондаған адам жараланған. Палестиналық WAFA ақпарат агенттігінің хабарлауынша, мектепте соғыстың салдарынан баспаналарын тастап кетуге мәжбүр болған палестиналықтар болған. Куәгерлердің сөзінше, соққы ескертусіз сенбі күні күн шықпай тұрып жұрт намаз оқып жатқан шақта жасалған. Ғимаратқа екі ракета түскен деп айтылады.

Израиль армиясының өкілі өз кезегінде шабуыл нәтижесінде «20-ға жуық содырдың» өлтірілгенін айтты. Оның айтуынша, ХАМАС таратқан ақпарат IDF деректеріне сәйкес келмейді және соққы түріне және қолданылған зымырандардың дәлдігіне жанаспайды.

Пікірлер