Tele2 мен Altel. Қазақстандықтар байланыс операторларының жұмысына шағымданды

1204
Adyrna.kz Telegram
Фото: Ашық дереккөзден
Фото: Ашық дереккөзден

Қазақстандықтар 4 тамыз күні Tele2 мен Altel операторларындағы интернет мәселесіне шағымданды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Бүгін елімізде Теле2 мен Altel байланыс операторларында байланыс сөніп, интернет қолжетімсіз болды.  Ал желі қолданушылары интернеттегі ақау еліміздің оңтүстігі мен астанада да туындағанын айтып, шағым білдірді.

"Шымкент, Tele2-де интернет мүлде істемейді. Үш сағат болды. Бір сағаттан бері Алтелде интернет жоқ. Тіпті хабарлама да келмейді", – деп жазды желі қолданушылары.

Сондай-ақ, Tele2-дегі байланыс мәселесі Тараз бен Алматы қалаларында да бірнеше сағатқа созылған. Ал оператордың қолданушылары сall-орталықпен де байланыса алмағанын айтып, шағым білдірді.

Тариф бағасы мен тиімді ұсыныстар туралы жиі хабарлама жолдап, ақпарат беретін Теle2 мен Altel байланыс мәселесіне қатысты ешқандай ақпарат ұсынбады. Тек Instagram желісіндегі операторлардың жасанды боты сауал жолдаған қолданушыға ғана интернеттің жартылай өшірілгені туралы хабарлаған.

Алайда техникалық ақауға не себеп болғаны айтылмады.

"Құрметті абонент, қазір интернет жартылай өшірілген. Біздің мамандар жағдайды түзету үшін қолдан келгенді жасайды", – делінген хабарламада.

Tele2 операторының ресми сайтында тарифтер бағасы 990 теңгеден басталып (Білім), 6590 теңгеге дейін шарықтайтыны көрсетілген. Ал халық:

"Ай сайын 5 мыңдап тариф төлейміз. Бірақ Tele2-де байланыс жиі болмай қалады", "Қаланың сыртына шыға қалсаң бәрі өшеді, "тарифтер бағасы қымбат, ал сапасы төмен" деп жарыса жазуда.

"Адырна" ұлттық порталының Telegram арнасында жарияланған сауалнама бойынша дауыс берген 74 адамның 53% ел аумағында байланыстың нашар ұстайтынын айтады. Ал 47%-ы интернет қызметіне көңілі толатынын жеткізген.

Пікірлер