Амангелді Кеңшілікұлы. Қайран, көкем

1312
Adyrna.kz Telegram

Зәулім бәйтеректей саясын паналатқан ол шын мәнісінде де менің нағыз көкем болды.

Сондықтан да ол туралы көңілсіз ойға шомып, басымнан бұл-бұл ұшқан сағым жылдарды сағынып, өткен шақпен сөйлеу менің жаныма оңай тиіп тұрған жоқ.
Жүрегінің жылуын сыйлап, дүние-ғапылдың шытырман шырғалаңында маған жол көрсетіп, ақылын үйретіп, Темірқазық жұлдызымдай жарқыраған қайран көкем-ай! Тағдырдың тауқыметін жеңілдетіп, талай мәрте көмек қолын созып, тіршіліктің қапырық ымыртында өміріме шуағын шашқан сіздің мына фәниге енді қайтып оралмайтыныңызды еске алу, мені жарты әлемімді жоғалтқандай күйге душар еткенін түсінетін кім бар дейсің. Сіздің асыл бейнеңіз мен үшін жалған тіршіліктің түнегінде жарқ ете қалған сұлу сәуледей болып еді. Сол әдемі сәуленің мейірімі жүрегімді жылытып, жан әлемімді нұрландырып жіберген шуақты шақтарды қалай ұмыта аламын. Шіркін-ай, ол уақыт та басымыздан қарлығаштай ұшып кеткен, дариға-дәурен болған екен-ау! Неге екенін білмеймін, мәңгілік мекеніне көшіп алған Жұмабек көкем туралы көңілсіз ойлар сезімімді сүргілегенде, онымен ең алғаш кездесіп, бірге жұмыс істеу бақыты бұйырған «махаббат қызық мол жылдар» есіме түсіп, күні кеше ғана көрген түсімдей жадымда жаңғырып сала береді.

Тәуелсіздіктің таңы әлі атпағанымен, алғашқы самалы енді ғана соққан сол жылдың күзінде, мен әскери борышымды өтеп келіп, оқуымды жалғастыруға кірісіп кеткен едім. Кеңестер империясының аспанын дірілдеткен демократиялық өзгерістерден соң, ашық айтпасақ та, іргетасы шатқаяқтай бастаған тоталитарлық режимнің құлауына санаулы күндер қалғанын бәріміз де ішімізден сезіп жүрдік. Зәреміз зәр түбіне кетіп қорқып, атын бір-бірімізге сыбырлап жеткізуге де сескенетін, шығармаларын қолымызға ұстап, парақтамақ түгіл, не жазғандарынан да хабар-ошарымыз жоқ Алаш арыстары Ахмет, Міржақып, Жүсіпбек пен Мағжандардың ақталып, еңбектерінің кітап болып шығуы, қоғамдық санаға қозғау салып, елдің егемендік алуға деген құлшынысын арттырып, азаттықтың ауасымен енді-енді тыныстап келе жатқан қалың қазақтың көңілін күпті етіп қойды. Қалалар түгіл, демократиялық өзгерістердің жаңғырығы шалғайдағы ауылдарға дейін жетіп, әр оқиғаны, әр жаңалықты қалт жібермей, ел құлағы елеңдеп жатты. Біз бұрын-соңды көп ести қоймағанымызбен, Батыс елдерінде баяғыдан айтылып жүрген демократия, сөз бостандығы, плюрализм деген тұрғыдағы ұғымдарды жұрттың бәрі талқылап, жаңадан ашқан жаңалықтай күнде сарнай бергендіктен, бірте-бірте оған да құлағымыз үйреніп, етіміз өліп кетті. Әрине, қандай жаңалықтың да жаршысы болып, қарға қадым алда жүретін хабаршысы да, орын алған саяси оқиғаларды сана сүзгісінен өткізіп саралап, жілігін шағып талдап, түсіндіріп беріп отыратын ақылшысы да - сол елдің баспасөзі. Дегенмен, тәуелсіздіктің арайлы шуағы енді ғана сібірлеген сәруар шақта, мемлекеттік идеологияны қалыптастыру, көрші мемлекеттердің көбісінде соғыс өрті тұтанып, экономикамыз құлдырай бастаған мазасыз мезгілде «арбаны да сындырмай, өгізді де өлтіріп алмай», елдің бірлігін сақтап, халықтың әлеуметтік ахуалын да қаперден шығармай, ешқандай көнтөгізсіз, дербес саясатымызды жүргізіп, ұлттық ұпайымызды да түгендеу оңай іс болған жоқ. Елдің елгезек көңілі теңіздей толқып тұрған осындай өліара шақта дүниеге келіп, оқырманға жол тартқан «Халық кеңесі» газетінің тәуелсіз Қазақстан тарихында алатын өзіне лайық орны болды.

Ұзақ жылдар бойы «Егемен Қазақстанда» түрлі жауапты қызметтерді абыроймен атқарып, ыстығына күйіп, суығына тоңған ұлттық журналистиканың патриархы Сарбас Ақтаев жаңадан тұсауы кесілген «Халық кеңесінің» редакторы болып тағайындалғанда, ешкім де бұл басылымды азғантай уақыт ішінде еңсесін тіктеп, аузын айға білеген ақпарат құралдарымен бәсекелесіп, ой жарыстыра алатын газетке айналып кетеді деп ойлаған жоқ. Кімнің не түрткенін қырағы қырандай бақылап жүретін Сарбас ағамыз өзі жақсы танитын, журналистиканың қазанында қайнаған, «балағының биті бар» сайдың тасындай мықты жігіттерге қызмет ұсынып, жұмысқа шақырды. Еркіндік беріп, олардың батыл ойларын, қоғамның қоясын қопарған ащы мақалаларын, журналистік зерттеулерін газетке қорықпай басып, шығармашылық жағдай туғызды. Жең ұшынан жалғасқан, сыбайласқан жемқорлық тақырыбын да батыл көтеріп, «Карапетянның қолы» деген мақаланы жариялап, газет сол кездегі ірі олигархтардың бірімен соттасуға дейін барған-тұғын. Биліктегі атқамінерлердің де шаңын қағып алып, қоғамдық пікір туғызған мінезді басылыммен жұрт санаса бастап, «Халық кеңесі» - «халықтың көзі, құлағы, һәм тіліне» ғана емес, қорғаны мен қамқоршысына да айнала білді. Журналистік парызын адал атқарған тілшілер редакция қоржынына түскен әр хатқа зор жауапкершілікпен қарап, қалың бұқараның мұң-мұқтажын Жоғарғы Кеңеске дер кезінде жеткізіп, мәселе етіп көтерді. Газет оқырмандарының хаттары негізінде журналистік зерттеулер жүргізіліп, неше түрлі былықтың беті ашылып, «түкірігі жерге түспейтін» талай шенеуніктің масқарасы да шықты.

Жұмабек көкеммен мені табыстырған да осы «Халық кеңесі» газеті болды. Ол кездері журналистика факультетінің мақала жазуға қаламы төселіп қалған студенттері оқудан қол үзбей, оң жамбасына келген бір басылыммен қоян-қолтық араласып, тапсырмаларын орындап, түрлі тақырыптарды зерттеп, кәсіби шеберлігін шыңдай бастайтын. Республикалық ақпарат құралдары осылайша, өздеріне керек білікті мамандарды алыстан іздемей-ақ, университет қабырғасынан тәрбиелеп, оқуын тәмәмдаған түлектерді сабылып жұмыс істеу әурешілігінен босататын. Төртінші курсқа табан тірегенде «келешекте қандай газетте жұмыс істеймін?» деген желім сауал мені де қайта-қайта алаңдатып, бірнеше республикалық газет-журналдарға жазған дүниелерімді жіберіп, бағымды сынап көруге тәуекел еттім.

Анау-мынау емес, «Қазақ әдебиеті» газетінде «Тоқыраудың тоңын жібітсек» деген материалым жарық көргенде, қуаныштан қатты толқып, аспандағы Айға қолым жеткендей көңіл-күйді басымнан кешкенімді әлі күнге дейін ұмыта алмаймын. Жазған шығармаңның жұрттың бәрі қызығып оқитын, жүздеген мың тиражбен елге тарайтын әдеби басылымда шығуы кім үшін болса да, зор бақыт еді, ол жылдары. Жаңадан ашылған «Өркен» апталығы «Конфронтация» деген дүниемді жариялап, ол мақала қоғамда қызу пікірталас туғызды. «Жас Алаш» газеті мен «Жұлдыз» журналында да әдеби сындарым басылып, мәртебем көтеріліп, замандастарымның арасындағы беделім күшейе түсті. Студенттерді айтпағанда, тіпті, университетте дәріс оқитын ұстаздарым да маған жылы қабақ танытып, құрметпен қарайтын болды. Әрине, бұрқыратып жазып, мақалаларым республикалық басылымдарда жарық көрген сайын, абыройым арта түскен мен жұмысты оңай табатыныма қатты сендім. Бірақ, кәсібіңе лайық қызмет табу, дәл мен ойлағандай оңай шаруа болмай шықты. Ізденіп жазған жақсы материалдарыңды қуана-қуана жариялағанымен, газет-журналдардың бәрі әлі де оңы мен солын толық танып үлгермеген, тәжірибесі шамалы студенттерді алғысы келмей, жылы сөзбен шығарып салатын. Міне, осылайша жұмыс іздеп жүрген күндерімнің бірінде Бейбіт Сапаралы ағаммен ойда-жоқта кездесіп қалып, ол маған жаңадан ашылған «Халық кеңесі» газетіне баруға ақыл-кеңес берді. Енді ғана ашылған басылымның бірінші орынбасары Жұмабек Кенжалинге хабарласып, мені сыртымнан жақсылап таныстырып та қойды.

Ертеңіне мені ол таңғы сағат тоғызда қабылдады. Мерзімді басылымдардағы жарық көрген, оқырманға ой саларлық салмақты дүниелеріне қарап, бір рет те көрмеген Жұмабек Кенжалинді мен жасы біразға келіп қалған, үлкен кісі ма деп жорамалдап жүрсем, отыздан енді ғана асқан жігіт ағасы болып шықты. Көзі күлімдеген, көркіне көз тоймайтын келбетті де, сұлу жігіт екен. Ең алғаш көргенде мен оны Сәкен Сейфуллинге қатты ұқсаттым. Сөздің емес, істің адамы екені қимылының шапшаңдығынан көрініп тұрды. Өте қарапайым. Жүзі жылы. Сөйлеген сөзінде, адаммен қарым-қатынасында қолы қызметке жетсе өзгеріп шыға келетін жаман бастықтарға тән кердеңдіктің ізі де жоқ. Жас болса да, өмірдің үлкен мектебінен өтіп, жақсыларға жанаса жүріп, олардың бойындағы асыл қасиеттерді бойына сіңірген тәрбиелілігі бірден көрініп тұр. Жағдайымды тәпіштеп сұрап болған соң, ол мені газеттің бас редакторы Сарбас Ақтаевқа ертіп апарды. Бас редактор да мені жақсы қарсы алды. Әкемді қалай жұмысқа алғанын еске түсіріп, шешіліп көп әңгіме айтты. Жұмабек көкем болса, басылым беттерінде шыққан дүниелерімді аузының суы құрып мақтап, газетке қолынан жазу келетін жастарды көбірек тарту керек екенін бастырмалатып айтып жатыр. Әлі толық танып та үлгермеген маған жаны ашып, балапанын қорғаған торғайдай шыр-пыр болған көкеме дән риза болып, жаным жылып, жүрегім елжіреп кетті. Сарбас ағай да әңгімені тым ұзаққа созбай, «осы баланың жұмысына өзің жауап бересің» деген ишараны қабағымен білдірді. Көктен сұрағаным жерден табылып, Жұмабек көкемнің арқасында мен тез арада жұмысқа қабылданып, «Халық кеңесі» газетінің «Саясат» бөлімінен, Марат Тоқашбаев ағамның жанынан бір-ақ шықтым. Марат ағам да мені сыртымнан жақсы біледі екен. Әкемнің көзін көріп, онымен «Жетісу» газетінде бірге жұмыс істеген ол да қатты қуанып жатыр. Күні кеше ғана балалар басылымына болса да ілігіп кетуге зар болып жүрген менің қуанышым қойныма сыймай кетті, сол сәтте қандай көңіл-күйді басымнан кешкенімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын.
«Халық кеңесі» газеті мен үшін үлкен өмір мектебі болды. Сол уақыттағы Жұмабек көкемнің бар ықыласымен маған көмектесіп, көрсеткен қамқорлығын екі дүниеде де ұмыта алмаймын. Мен ол кісіге сырттай қатты сүйсінетінмін. Жалғыз мен ғана емес, газетте жұмыс істегендердің бәрі де, үлкені де, кішісі де оны керемет құрметтейтін. Досы түгіл, сыртынан көре алмайтын дұшпандарын да ол жамандамайтын. Қазақтың аса көрнекті ақыны Темірхан Медетбектің бірде әзіл-шынын араластырып айтқан мынандай бір сөзін өз құлағыммен естігенім бар: «Егер Жұмабекпен әңгімелесіп отырып, сөз арасында біреуді жамандай бастасаң, ол бөлмесін саған тастап, сылтау тауып, өзі сыртқа шығып кетеді».

Темірхан ақынның айтқан сөздерінде расында да үлкен шындық бар. «Халық кеңесі» газетінде бірге жұмыс істеген жылдарда осы сөздің ақиқат екеніне менің көзім талай мәрте жеткен. Өз басым ол кісінің аузынан адам баласы туралы айтқан бір ауыз жаман сөзін естіген жоқпын. Жәрдем сұрап келген пенде баласының ешқайсынан да қолынан келген көмегін аямайтын. Мені ғана емес, сол кездері мерзімді басылымдарда көрініп, елге танылып қалғанымен, әлі бұғанасы бекіп, қабырғасы қата қоймаған журналистика факультетінің студенттері Саттар Бейсеков, Мұхтар Анарбеков пен Думан Рамазандарды да жұмысқа алып, ағалық қамқорлық танытты. Саттар ерте қайтыс болып кетті. Ал, Мұхтар мен Думан қазақтың талантты қаламгерлеріне айналды. Әйткенмен, демократиялық өзгерістердің арқасында дүниеге келген «Халық кеңесі» газетінің ғұмыры ұзақ болмады. Мен ол кезде жеке кәсібімді ашып, жұмыстан кеткендіктен, елдің сүйіп оқитын басылымына айналған газеттің не себептен жабылып қалғанын аса жақсы білмеймін. Бірақ, сол кездері «Халық кеңесінің» бас редакторы болған Жұмабек Кенжалиннің жеке басының қамын ғана ойламай, беделін салып жүгіріп, жабылып қалған газет қызметкерлерінің бәріне де қиын уақытта жұмыс тауып бергенін, кейін жігіттерден естідім.

Ең соңғы рет Жұмабек көкемді Астанада өткен «Үркер» сыйлығын табыс ету салтанатының рәсімінде көрдім. Елордаға қоныс аударғаннан кейін бір-екі жылдан соң екеуміз хабарласқанбыз. Сонда әңгіме барысында ол биыл алпысқа толып жатқанын айтып қалған. Құдай қаласа мерейлі мерейтойын туған жерінде өткізбек ойы бар екенін тілге тиек етіп, мені өзімен бірге елге баруға шақырды. Көкемнің бұл ұсынысына қуана-қуана келісіп, кез-келген уақытта оған еріп Торғайға баруға дайын екенімді жеткіздім. Бірақ содан кейін ол хабар-ошарсыз кетті. Ел жақтан оның алпыс жылдығы өткені туралы да ештеңе естімедім.
Министрліктің «Үркер» сыйлығына орай ұйымдастырған іс-шарасы бір себептермен дәл белгіленген уақытында басталған жоқ. Сол күні, шақырылған жерге бір минут кешікпей баратын көкеммен асықпай сөйлесудің орайы келе қалды. Біраз уақыттан бері бір-бірімізді көрмеген екеуміз шер тарқатысып, жағдай сұрасып, өткен-кеткенді еске түсіріп, асықпай ұзақ сөйлестік. Әңгіме барысында ол ұлы үйленетін болған соң алпыс жылдығын өткізуге байланысты шаруаларды кейінге қалдыра тұруға тура келгенін айтты. Көңілімізде әлі талай айтылмай қалған сыр толып қалған екеуміз бір-бірімізбен қимай қоштастық. Бірнеше күннен кейін көкемнің кенеттен дүние салғаны туралы суық хабарды естіп, төбемнен жай түскендей есеңгіреп қалдым. Маңдайыма сыймай кеткен, қайран көкем-ай!

Амангелді Кеңшілікұлы

Пікірлер