АҚШ елшісі көрген Назарбаев. Демократия мен адам құқығынан сескенетін саясаткер

1839
Adyrna.kz Telegram
Елші Ларри Нэппер (алдыңғы қатарда оң жақтан - екінші) 2004 жылы АҚШ Қорғаныс министрі Дональд Рамсфельдті (оң жақта) Қазақстанға сапары кезінде Қазақстан қорғаныс министрі Мұхтар Алтынбаев (ортада) қарсы алып тұр. (Фото: e-history.kz)
Елші Ларри Нэппер (алдыңғы қатарда оң жақтан - екінші) 2004 жылы АҚШ Қорғаныс министрі Дональд Рамсфельдті (оң жақта) Қазақстанға сапары кезінде Қазақстан қорғаныс министрі Мұхтар Алтынбаев (ортада) қарсы алып тұр. (Фото: e-history.kz)

АҚШ-тың Қазақстандағы бұрынғы елшісі Ларри Нэппер өзінің Қазақстандағы жұмыс тәжірибесі туралы - Нұрсұлтан Назарбаевпен қалай қарым-қатынас орнатқаны, қазақтың қонақжайлығына қайран қалғаны және екі ел президенттерінің кездесуін ұйымдастыруға көмектескені жайлы естеліктерден тұратын екі бөлімді  мақала жариялады.

Ларри Нэппер 2001 - 2004 жылдары АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі қызметін атқарған. Америкада болған 11 қыркүйек оқиғасы және одан кейін осы елдің Таяу Шығыстағы әскери құзырын арттыруы осы кезге сәйкес келді.

Еurasianet.org сайтына шыққан мақаланы orda.kz қайтара жариялаған.

АДАМ ҚҰҚЫҒЫНДАҒЫ КӨРНЕКТІ ҚАРСЫЛАС

Нэппер  Қазақстандағы алғашқы жұмыс күндерінің2001 жылдың 11 қыркүйегінде болған исламшылар басып алған ұшақтар Дүниежүзілік сауда орталығының зәулім ғимараттарына құлаған лаңкестік оқиғаға тұспа-тұс келгенін еске алды. Бұл оның дипломатиялық миссиясына үлкен әсер етті.

«Америкалықтардың көпшілігі үшін Қазақстанды картадан табу қиынға соғады және 1990 жылдары Ауғанстаннан шығарылғаннан бері Америка Құрама Штаттары Орталық Азияны өзінің дипломатиялық басымдықтарының шетіне ығыстырып тастады. Бірақ Буш әкімшілігі Ауғанстандағы Талибан режимін құлату жоспарын жасаған кезде, Орталық Азия әп-сәтте стратегиялық маңызды нысанға айналды», - деп жазды бұрынғы елші.

Содан кейін, 2001 жылы Буш әкімшілігі Талибанды жоюға тырысты және оны тек бомбалау арқылы жасай алмайтынын  түсінді. Америкалықтарға Ауғанстанға кіретін құрлық жолы қажет болды. Бұл үшін Орталық Азия өте қолайлы еді. Бұған Ресей қарсы келмеді, өйткені ол кезде ол Талибанды жоюға мүдделі болды. Ал америкалық дипломаттар Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесу үшін оны жан-жақты зерттей бастады.

«Америкалық елшілермен, соның ішінде менімен де Назарбаев мейірімді, көңілді және ынтымақтастыққа дайын бола алар еді, бірақ әңгіменің тақырыбы Қазақстандағы демократиялық кемшілік немесе адам құқықтарының бұзылуына ойысса, ол тіпті тәжірибелі дипломаттарды да шаршататын соққы жасай алады. Назарбаев дипломатиялық мансабымда мен шешкен даулардағы ең көрнекті қарсылас болды», - дейді Ларри Нэппер.

ҚҰПИЯ СӨЗ БАЙЛАСУ

Америка дипломатына шешуді тапсырған мәселелердің бірі – ұшу құқығын алу мәселесі. Өйткені, АҚШ авиациясына Қазақстанның әуе кеңістігіне кіру қажет еді. Келіссөз жүргізу ұзақ әрі күрделі мәселеге айналды. Себебі, елші Алматыда, ал сол кездегі Қазақстан сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Астанада болды.

Олар қауіпсіз телефон желісі арқылы сөйлесуге тырысқанымен, байланыс сапасы  нашар болғандықтан, ұялы телефондарды пайдалануға тура келді. Дегенмен, дипломат пен министр айтылған ақпараттың тарап кетуіне жол бермеу үшін «тыңшылық тілді» ойлап тапқан.

«Біз ұялы телефонымызбен дала бүркіттерінің көші-қоны туралы сөйлестік. Сөйтсе де бұл бізді тыңдап отырған ресейліктерді Қазақстанның сыртқы істер министрі мен Америка елшісі орнитологияға құмар екеніне сендіруі екіталай», -деп әзілі аралас шындықты жазды Наппер.

Нәтижесінде Қазақстан АҚШ-қа өз әуе кеңістігіне кіруге рұқсат берді. Америкалықтар Талибан режимін құлатты, бұл Назарбаевқа қатты әсер етті.

«МЕН МИЛЛИОН ОРЫСТЫ ҚУЫП ЖІБЕРЕР ЕДІМ»

Сол кездегі АҚШ Мемлекеттік хатшысы Колин Пауэлл Қазақстанға ресми сапармен ұшып келіп, Қазақстан президентін Джордж Бушпен кездесуге шақырды. Дәл осыны Назарбаев та көптен күткен еді.

Қазақстан Пауэлл делегациясының Рамазан айында сапарлағанына қарамастан ауқымды түрде қарсы алып, мемлекеттік хатшы мен оның серіктеріне  дәм мен «кез келген тағамға арналған алкогольдің таңдауын» ұсынды. Кешкі астан (дәлірек айтсақ тойдан) кейін Назарбаев, Пауэлл, Ыдырысов және Нэппер төртеуінің сөйлесуге мүмкіндіктері болды. Қазақстан президенті Джордж Бушпен кездесуді асыға күтіп, АҚШ-пен бірге терроризммен күресуге және энергетика саласында ынтымақтасуға уәде берді. Бірақ ол адам құқықтары мен демократия туралы айтудан бас тартты.

«Осы кездесу мен түскі астан кейін америкалық делегацияның кейбір мүшелері қазақтың қонақжайлылығынан аяқтарынан әрең тұрды», - деп еске алады Ларри Наппер.

2001 жылдың желтоқсанында Назарбаев АҚШ-қа қарымта сапармен барды. Ол Джордж Бушпен және ең ірі америкалық инвесторлар – ExxonMobil және Chevron өкілдерімен кездесті.

АҚШ вице-президенті Дик Чейнимен және Буш әкімшілігінің басқа да шенеуніктерімен іскерлік кездесуге арналған түскі ас кезінде Назарбаев күтпеген жерден шабуылға шықты. Ол Қазақстанның әлі күнге дейін АҚШ-пен сауданы шектейтін атышулы Джексон-Вэник заңына бағынып отырғанына наразылығын білдірді. Әуелде бұл заң эмиграцияға кедергі келтіретін елдерді «жазалау» арқылы енгізілгенін еске салды. Сонымен қатар, тәуелсіз Қазақстанның кінәлі емес екенін атап өтті.

«Егер еврейлер Қазақстаннан кетуді қаласа, бәріне рұқсат берер едім! Қосымша бір миллион орысқа да!»- деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Америкалықтар үшін бұл мәлімдеме күлкі тудырды, бірақ АҚШ Қазақстанды бұрыннан ескірген санкциялардан шығаруға уәде берген жоқ. Дегенмен осы әңгімеден кейін 2002 жылғы наурызда АҚШ Қазақстанды нарықтық экономикаға ие мемлекет ретінде ресми түрде таныды. Бұл Қазақстанның ДСҰ-ға жету жолындағы маңызды қадамы болды.

Кеңес Үкіметімен сауда-саттықты шектейтін Джексон-Вэник заңы 1974 жылы бекіген. Оның ішінде АҚШ үкіметінен несие алуға тыйым салынады. Тауар сату мен сатып алуға қосымша тарифтер мен алымдар қосылады. Бастамашы болған екі конгрессменнің атымен атылған заңның күшін жою үшін Қазақстан тәуелсіздіктен соң бірнеше мәрте ұсыныс жасағанымен нәтиже жоқ. Заң күшін жойса, қазақ кәсіпкерлеріне Америкаға өз өнімдерін жеткізу едәуір жеңілдейді деп есептеледі. Бір қызығы бұл заң қазір Қырғызстан мен Ресейге жүрмейді.

ИРАКТАҒЫ ҚАЗАҚТАР

Назарбаев пен Буш жақсы араласқанымен АҚШ Иракқа басып кірер алдында Қазақстан президенті америкалықтардың басымдықтары өзгергенін түсінді. Саддам Хусейннің тағдырына немқұрайлы қараса да,  АҚШ-тың Ауғанстаннан бас тартып, Иракқа назар аударуы бірінші президентке ұнамады.

Назарбаев АҚШ армиясы орталық қолбасшылығының басшысы генерал Томми Фрэнкспен кездесуде одан Иракқа әскерлердің  нақты кіретін күнін айтуды талап етті. Фрэнкс ашуға булығып, соңында  мұның бәрін әзілге айналдырды. Ол қолын үстелге қойып: «Президент мырза, біз бүгін Иракқа басып кірмейтінімізге сенімді бола аласыз. Өйткені, мен бүгін Қазақстандамын,» - деді.

Назарбаев күліп, қайтадан генералға сұрақ қоймады.

Қазақстан билігі Американың Иракқа басып кіруіне риза болмағанмен, Назарбаев мұнда да адалдығын көрсетуге мүмкіндік тапты. Қазақстан Иракқа америкалық әскерилерге миналарды тазартуға көмектесу үшін әскери инженерлердің шағын тобын жіберді. Бұл көмек аз және қысқа мерзімді болғанымен, белгілі бір деңгейде елдің АҚШ-пен байланысын нығайтуға көмектесті деуге болады.

БИОЛОГИЯЛЫҚ ЗЕРТХАНАНЫҢ ШЫНДЫҒЫ ҚАНДАЙ?

Нэппер өзінің естеліктерінде ресейлік және ресейшіл үгітшілер қазақстандықтарды жиі қорқытатын "АҚШ-тың биологиялық зертханалары" туралы да айтты. Оның айтуынша, түрлі токсиндері мен қауіпті бактериялардың үлгілері бар зертханалар Қазақстанда бұрыннан бар. Олар Кеңес Одағынан қалған.

«Қазақстан вакциналарды зерттеу мен өндіруді жалғастыру үшін әлемдегі ең ірі патогендік үлгілердің, соның ішінде оба, сібір жарасы және туляремия бактерияларының бірін сақтап қалды. Бұл өте қауіпті микроорганизмдер бүкіл Қазақстан бойынша ғылыми және ауылшаруашылық станцияларында көбіне қауіпсіздік талаптарынсызсақталды. Кейбір штамдар әдеттегі ас үй тоңазытқыштарында қол жетпейтін жерлерде сақталды», -  дейді Ларри Нэппер.

Вашингтон Қазақстанға штаммдардың осы топтамасын сатып алуды ұсынды. Бірақ, үкімет бас тартты. Содан кейін америкалықтар басқа амал ойлап тапты. Олар 2003 жылы үлгілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оларды зерттеу үшін 40 миллион доллар грант бөлетіндерін мәлімдеді. 2004 жылы Қазақстан мен АҚШ Қазақстан бақылауында болатын қауіпсіз және заманауи зертхана құру туралы келісті. Ол жерде Кеңес заманынан бері сақталған оба және басқа да қауіпті аурулар бактериялары вакцина жасау мақсатында зерттелетін болды. Мұндай зертхана 2020 жылы ресми түрде ашылды. Кейбіреулер сол зертханамен интернетттің сенгіш қолданушыларын қорқытуға тырысады.

Пікірлер