Ақтау қаласы 6 млн 125 мың теңгеге 14 ту сатып алмақ

2041
Adyrna.kz Telegram
Сурет: lrt.lt
Сурет: lrt.lt

 22 шілде күні Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі "Көшеде ілуге арналған 7,5-ке 15 метрлік Мемлекеттік туларды сатып алу" деген тақырыппен тендер жариялады, деп хабарлайды Адырна ұлттық порталы satypalu.gov.kz/ сайтына сілтеме жасап.

Мемлекеттік сатып алу құны 6 125 000 теңгені құрайды. Сатып алынатын тулардың жалпы саны - 14 дана, яғни әр тудың құны - 437 мың 500 теңге. Тендер жеңімпазы 29 шілде күні анықталады. Техникалық сипаттамада Мемлекеттік тулардың көшеге ілінетіні, туды сублимационды басу тәсілімен политекс матасынан дайындау керектігі, көлемі - 7,5*15 метр, қалыңдығы 200 г/м2 кем емес, тудың түсі екі жағынан да 100 пайыз бірдей болу қажеттігі, кепілдік мерзімі 1 жыл екені жазылған.

Әрине, 7,5х15 метр өте үлкен көлем. Сатып алынатын Мемлекеттік тулардың құнына оны жеткізу, жүкті түсіру кіреді. Тапсырысты орындаушы шартқа қол қойғаннан кейін күнтүзбелік 30 күн ішінде туды Ақтау қаласы, 4 ш/а қала әкімдігіне жеткізуі тиіс. Демек, 6 125 000 теңгеге сатып алынған туды тігетін тұғырды дайындау, орнату, т.б жұмыстарға басқа тендер жарияланады деген сөз.

Біз Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінен "бұл тулардың нақты қай жерлерге орнатылатынын" сұрап хат жаздық. Алдағы уақытта олардан жеткен жауапты қосымша жариялайтын боламыз.

Ақан Асыл

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер