Интернет-алаяқтық: Шен мен шекара таңдамайды

4517
Adyrna.kz Telegram

«Аңқау елге - арамза молда». Иә, қағыс естіп, қалт оқыған жоқсыз. Расында айласын асырып, елдің аузын айға қаратып жүргендер жетерлік. Барлығына себеп - сауат!  Құқықтық сауаттың һәм ақпаратқа қанық болмаудың арты алаяқтардың «жемтігі» болуға әкеп соғуда.   Ресми деректерге сүйенсек, биыл жыл басынан бастап, қазақстандықтар интернет-алаяқтықтың құрбаны болып, 6,5 мыңнан астам жағдай тіркелген. Салдарынан, 11 млрд теңге залал келтірілген. Бұл туралы ҚР ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев  ағымдағы жылы 3 маусымда өткен баспасөз мәслихатында айтқан болатын.

Ғаламтор кеңістігінде алшаң басқандардың алғашқы айласы жалған хабарландыру орналастыру екен. Бүгінде интернет-дүкеннің саудасы қызып тұр. Уақыты санаулы, сағатпен жарысып, күнмен таласып жүрген жандар үшін онлайн тапсырыс таптырмас көмек. Бұқараның басымдық берген мұндай қызмет көрсету түрін алаяқтар өз пайдаларына жаратқан. Әлде бір затты сататын кейіп танатып, жүз пайыз алдын ала төлемді талап етеді. Көкейдегі қаржысын есеп шотына аударып алғаннан кейін, байланыстан ажырайды. Солайша, зат қолға тиместен қалта жұқарып қала береді.   Алданып қалғандар айылын тартып құқық қорғау органдарына жүгінері хақ. Биыл дәл осылай онлайн тапсырыс берем деп, ойда жоқта қалтасынан қағылған 2,7 мыңнан астам адам шағым түсірген.

Қоғамның сеніміне кіріп, санасын улайтындай әккі қылмыскерлердің нендей қасиеті бар дерсіз? Олардың көбісі  «оңай ақша табудың жолын білем», «қалтқысыз сенсең байлыққа кенелесің» деп, адамдарды оп-оңай уысына түсіреді.   Жүз теңге беріп, мың теңге алмасын біле тұра, тәуекелге бел буатындарда жоқ емес. «Мүмкін, бағым жанар, мағанда байлық бұйырар,  жылдам баюдың инвестициялық схемаларын зерделейм, артынша қаражат қорымды көбейтем» деп, соңғы тиынын санап береді.  Деректерге көз жүгіртсек, инвестиция салып, алданғандардың саны биылғы жылы 700 адамға жеткен екен.

Адамды алдап, ақысына кірудің тағы бір жолы құзырлы орган қызметкері болып танысу, одан қалса банк немесе микроқаржы ұйымдарында істейтін маман ретінде хабарласу.  Бұл тәсілдер қазіргі таңда ел арасында аса танымал.

«Әуелде сіздің есеп шотыңыздағы қаржыны сақтау үшін смс хабарландырудағы құпия санды айтыңыз» десе, ендігі кезекте тікелей несие рәсімдеуге интермелеуге көшкен.  Қандай да бір, «қаржылық операция» деп жұрттың зәресін алып, Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің атын жамылып, айласын асыруға құлықтылардың қатары артқан.  Сондай-ақ, осындай жағдайға ұқсас әрекет, WhatsApp  мессенджері арқылы жүзеге асырылуда.

Мұнда да адамдарға өз шоттарынан ақша алу әрекеттері туралы айтылады және оларға ақшаны «қауіпсіз» шотқа аударуды ұсынады. Сондай-ақ, адамдардан жеке деректерді алдап алғаннан кейін, олар кейінірек несие рәсімдейді. Биыл осындай 2 мыңға жуық жағдай тіркелді.

Интернеттегі әр палтформаны зерделеген қылмыскерлер TikTok әлеуметтік желісіне де ауыз салған.  Олар онда онлайн-банкингтің көмегімен азаматтардың шоттарына белгілі бір ақша аударымдарын жібереді. Бұдан кейін ықтимал құрбанның мобильдік нөміріне ақшаны басқа адамға  «қателесіп» жіберген адамнан қоңырау түседі. Ақшаны  кері аударған болсаңыз, онда алаяқтардың арбауына іліндім деп естептей беріңіз. Өйткені, сіздің шотыңыз транзит шот ретінде пайланылуы ықтимал.

Сол үшін де мамандар, шотыңызға түскен қаражаттарды бақылап отыруға кеңес береді.  Ал, шыныменде қаржы шотқа қателесіп түскен жағдайда, қаржыны қайтару үшін банкке барып өтінім беру керек.

Алаяқтардың әлеуметті басынуының тоқтайтын түрі жоқ. Олар тіпті лауазымды тұлғалардың атын жамылыпта ойға алған істерін іске асыруға құлықты.

Оған дәлел, Instagram желісінде Алматы  полиция департаментінің басшысы Арыстанғани Заппаровтың атынан WhatsApp және  Telegram-да ақша жинауды талап еткен  sms тарауы. Аталмыш іс бойынша жәбірленуіші  өзі шағым түсірген еді.

Адамның шені тұрмақ, шекара таңдамайтын кәдуілгі қылмыскерлердің жолын кесу мемлекет алдындағы маңызды іс болғаны ақиқат. Киберқылмыс пен интернет-алаяқтықтың санын азайтуға мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі пәрмен берген еді.

Президент қаңтар айында Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында сөйлеген сөзінде «қылмыстық топтармен ымырасыз күресу – сіздердің тікелей міндеттеріңіз әрі қызметтік борыштарыңыз» деген болатын.

Әрине, қылмыстың өтеуі-жаза. Оны Президенттің өзі де баса айтты.

« Ұрылар мен бандиттер түрмеде отыруы керек. Бұл – сіздердің криминалға қарсы әрекеттеріңіздің бірден-бір мақсаты»,-деген болатын Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Мамандар, алаяқтардың құрбанына көбіне 30 бен 60 жас аралығындағы адамдар айналады деген пайымда.  Жауаптылар, азаматтарды жеке басына тиісті мәліметтерді ашық дереккөздерге орналастырмауға және оларды еш жерде жарияламауға шақырады.

Пікірлер