Сегізінші аспирант

1296
Adyrna.kz Telegram

Бірге оқыдық. Бір бөлмеде тұрдық. Бір аудиторияда білім алдық. Қолды-аяққа тұрмайтын адам айтқысыз жыбырлақ бала болды өзі.

Бір өзінде жиырма бес аттың күші бар шығар. Жоғарғы курстың қыздары «Осы Тоқтағазин деген жатақхананың бес-алты баспалдағын бір-ақ аттап жүретін ана бір бала ма?», – деп сұрайды. Ертелі-кеш һәм күні-түні мақала жазады. Сабақтан шыққан соң Тимирязев, 46 мен Горький, 50-дің арасына екі-үш рет қатынайды. Тимирязев, 46 – біздің бесінші жатақхананың сол кездегі адресі. Ал Горький, 50 – газет-журналдар редакциясының мекен-жайы. «Қобыратып түнімен көп қағазын, Отырады Мұратбек Тоқтағазин» деген шымшыма шумақ студенттердің аузында жүретін мезгіл. «Том мен Джерри» мультфильмінің кейіпкерлері секілді көз ілеспес жылдамдықпен зулап бара жатады. Көк базардың жанындағы тоғыз қабатты үйге шетімізден сүйреп апарады. Танымайтын адамы жоқ. Тынымсыздың тынымсызы. Сол тоқтамайтын Тоқтағазиннің арқасында өзіміз де ақпарат әлеміндегі аға буынмен тығыз байланыс орнаттық.
Жұрттың бәрі оны Алматыда қалатын шығар деп ойлаған. Ол бірден Целиноградқа тартты. Бәлкім, талай нәрсенің тыңын игергісі келген болар. Сол жерде өсіп-өнді. Кейін оның соңынан күллі Астана көшіп барды.
Ғылыми атақ-дәрежеге ертерек қол жеткізген мен бұрынғы жүйе бойынша сегіз ізденушіге кандидаттық диссертация қорғаттым. Сегізінші аспирантым – осы желден жүйрік Мұратбек Тоқтағазин. Курстасыңа ғылыми жетекші болу дегенді бастарыңызға бермесін. Не сөзің өтпейді, не төзім жетпейді. Тәртіпке шақырғаныңа көне қоймайды. Айтқаныңды құлағына қыстырмайды. Оның үстіне ізденушімнің алапат энергиясына төтеп беру оңай емес. Бара жатқанның балтасын, келе жатқанның кетпенін іле кететін алымды да, шалымды, жұлымыр сегізінші аспирантым қалған жеті аспирантымның екі аяғын бір етікке тығады... Шынымды айтсам, кейде соларға қосып, өзімді де жұмсап жібере жаздайды.
Абырой-беделі ешкімнен кем емес. Еуразия ұлттық университетінің профессоры. Бас редакторлар клубының вице-президенті. Өзі Астанада тұрса да, шалғайдағы Семейдің жігіті болса да, сонау жер түбіндегі Шымкенттен шығатын бір белгілі газеттің бас редакторы. Бұл үнемі осында жүреді, ал газеті өзі-і-і беттеліп, өзі-і-і басылып, Мұратбекті асықпай іздеп, елордаға өзі-і-і келеді. Өстіп жүргеніне бір емес, бірнеше жыл болды. Соның бәрінің қиюын келтіріп отырған удай пысық баладан айналып кетпейсің бе?!
Имандылық жолына ертерек ден қойды. Діни ұстанымы берік. Құранды құйқылжытып оқиды. Ортамыздағы молдамыз да, имамымыз да, қариымыз да сол. Қатар жүрген соң, еркінсіп кейде Мұратбек, кейде Мурка дей береміз. Бірде дастархан басында отырғанымызда үйреншікті әдетпен «Мурка, құран оқып жіберші», – деп қалып едік, досымыз Дихан Қамзабекұлы: «Молданы «Мурка» деуге бола ма, осы?», – деді жай ғана... Содан соң Мурка мәселесіне көп жолаңқырамаймыз.

* * *
Сол Мұратбек кеше Журналистер мерекесіне орай өткен жиында «Құрмет» орденін өңіріне тақты. Мемлекеттік марапат иеленді. Мемлекеттік деңгейде құрметтелді. Бұл марапатты Президенттің кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы Берік Уәли мен Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның өзі тапсырды. Қой, енді Мурка дегенді осымен доғару керек шығар... "Құрмет" орденінің кавалерін Мурка деп шақыру дегеніңіз... Құтты болсын, Мур... Мұратбек, бақ-дәрежең арта берсін, сүйікті де сүйекті сегізінші аспирантым!

Бауыржан Омарұлы

Пікірлер