Тарихи жеңіс! Әлемдік додада топжарған қазақ фильмі

3555
Adyrna.kz Telegram

Қазақстандық фильм дүлдүлдер бақ сынаған кинофестивальде топ жарып, Алтын кубокті қанжығаға байлады. Режиссер Данияр Саламаттың «Талақ» фильмі Халықаралық Шанхай фестивалінде үздік деп танылды. Бұл- әлемдік кинодағы тарихи жеңістің бірі. Әлемнің ең озық 14 фильмнен озып шығып, талғампаз көрермендерді ерекше таңқалдырған фильмнің режиссері Данияр Саламатпен жеке сұхбаттасып, фильм туралы сұрадық.

- Ең әуелі “Талақ” фильмі Шанхай кинофестивалінде үздік шыққанымен құттықтаймыз! Бұл фестивальде қанша туынды көрсетілді?

- Шанхай кинофестивалінде біз әу баста іріктеу кезеңіне қатысқанбыз. Іріктеу әлемнің әр елінде алты айдай жүрді. Мұнда біз өзімізден кейін 11 сәуірде берген іріктеуге ілінгенкартиналар саны 3300 деген деректі айтты. Осылардың ішінен біз іріктеліп, финалға ілініп, Шанхай қаласына жолдама алдық. Финалда 14 фильм ұсынылды. Себебі бұл А классындағы кинофестиваль болғаннан кейін алпауыт елдерден дамушы елдерге дейін қатысуға мүмкіндік туды. Соған іріктелген фильмнің бірі болдық. Біз Аргентина, Франция, Жапония, Бразилия, Қытай елдерінің режиссерлерімен бақ сынастық. Атап айтар болсақ, Иранның кинематографиясы өте қатты дамыған. Ол жақтың фильмі авангардтық дәрежеде екенін білеміз. Солармен өткен бәсекеде үздік шығу - біз үшін үлкен қуаныш!

«Талақ» пен «Әже»

- Неге фильмнің атауы “Талақ”? Жалпы туынды қандай бағытта?

- Фильмнің атауын «Талақ» деп қоюымыздың себебі негізінен 1920 жылдардағы қазақ өміріндегі елеулі өзгерістерді көрсетуге тырыстық. Әу бастағы арманымыз осы болды. Әрине, біз әдебиеттен материал іздедік. Осы уақытта жас кезімізден бері оқып келе жатқан Бейімбет Майлиннің шығармасы жадымызда қалып кеткен. Кейін Мұхтар Әуезовтың, Жүсіпбек Аймауытовтың шығармалары болды. Осы туындыларды іріктей келе біз Майлиннің шығармаларына тоқталдық. Оның шығармаларын типтік образға бай деп айта аламыз. Типтік образдардағы еңбектер үлкен әрекетке әкеледі. Ал әрекеттің соңы белгілі бір қорытындыға тірелетін еді. Сол себепті Бейімбет Майлиннің «Талақ» шығармасын экрандауға тырыстық. «Талақ» және «Әже» деген екі шығармасының басын қосып, сценарий жазып шығып, оны экрандадық. Талақ сөзінің мағынасы өте кең. Қазақтың өзінде «дүниені тәлк еттім», «талақ еттім» деген ауыз екі сөздер қолданылады. Талақ деп ер мен әйелдің ғана ажырасуын айтпаймыз. Бұл жерде сол кездегі далаға революциямен келген әділетсіз күштің әсерінен өзінің құндылығынан, тұрмысынан айырылған қазақтың хәлін суреттейді. «Талақ» деген ұғым бір жақты ғана шешім қабылдау деген мағына. Сол себепті фильмде қазақ даласындағы бір жақты жүріп жатқан өзгерісті көрсеттік. Себебі халық еріксіз өз құндылығын талақ етті.

«Ең үздік әйел рөлі»

- Актерлік құрамда кімдер бар? Бас актер ретінде кім таңдалды? «Талақ» фильмінің идеясы, сценарийы қанша уақыт бойы жазылды?

- Актерлік құрам ерекше. Басты рөлде өзімнің шәкіртім Ерболат Әлқожа ойнады. Қазір қазақ киносында жиі көрініп жүр. Ол менің жанымда, шәкіртім есебінде 20 жылдан артық жүрді. Ал сценарий 10 жыл бұрын жазылып бастады. Сол кезден бастап рөлді осы актерға арнап жаздым. Өйткені актерді мен жақсы білетін едім. Ерболат Әлқожа сценарийды жазылып жатқанынан бастап оқи бастады. Сол себепті оған дайын жүрді. Араға он жыл салып, фильмді түсіруге мүмкіншілік алғанда оған киноға түсу, образды сомдау аса бір қиындық тудырмады. Актер 1-2 дубльмен фильмді аяқтап шықты. Ал актрисамыз Амира Омарова ең соңынан табылған актриса болды. Себебі көп уақыт бойы актриса таба алмадық. Амираның түр-тұлғасы, ұстанымын сол қыздан тапқандай болдым, - дейді режиссер.

Айта кетейік, «Талақ» фильмі бас жүлдені иеленсе, қазақ қызы Амира Омарова Шанхай фестивалінде Амира Омарова үздік актриса деп танылды.

Мемлекет үшін маңызды фильмдер

- Ойыңызды жүзеге асыруға қанша қаражат кетті?

- «Талақ» фильмі Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының тапсырысымен шықты. Бізге Мәдениет министрлігінің, Ұлттық киноны қолдау орталығымен арнайы қаржы бөлінді. Осындай тарихи фильмдер, мемлекет үшін маңызды, елімізге керек фильмдер мемлекет тарапынан қолдау көріп, жарыққа шыққаны дұрыс деп ойлаймын. Біздің фильмге біраз қаржы кетті.

- Алдағы уақытта “Талақ” фильмі көрерменге жол тарта ма? Кинотеатрдан, әлде теледидардан ба?

- Алдағы уақытта «Талақ» фильмінің жарты жылға жуық фестивальдік ғұмыры қалды. Күзге қарай Бейімбет Майлиннің 150 жылдығына орай орайластыра отырып, үлкен тұсаукесер өткізуді жоспарлап жатырмыз. Күзге қарай көрермен шығармамен қауышады деген сенімдемін!

Сымбат Наухан

”Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер