12 маусым – Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезі басталған күн

1271
Adyrna.kz Telegram

Бүгін, 12 маусым – Қазақстан Халық ағарту комиссариатының ұйымдастыруымен дәл 100 жыл бұрын 1924 жылы Орынборда алғаш рет Қазақ Білімпаздарының съезі шақырылған күн, деп жазады “Адырна” ұлттық порталы.

Қазақ АССР-і орнағаннан соң 1924 жылы Орынборда маусымның 12-сінде Қазақ (қырғыз) білімпаздарының тұңғыш съезі шақырылды. Осы съезде 12-13 жыл бойы қолданылып, орнығып қалған қазақ тілінің дыбыстық табиғатына лайықталып өзгертілген, ресми түрде қабылданған альфавиттің мәні жөнінде, дыбыс әдісімен оқыту ісі жөніндегі мәселелер талқыланды.

Алты күнге созылған жиынның күн тәртібінде 6 өзекті мәселе қаралған екен. Бұлар: жазу мен әліпби мәселелері, қазақша пән сөздері, ауыз әдебиетін жию шаралары, оқу, ғылым кітаптарын көбейту және бастауыш мектептің бағдарламалары.

Профессор Шерубай Құрманбайұлының пікірінше, съезде, әсіресе тіл мәселесіне айрықша көңіл бөлінген. Съездің күн тәртібіндегі негізгі алты мәселенің үшеуін, яғни тең жартысын тікелей тіл мәселелері құраған. Білімпаздар құрылтайы қазақ тілі мен әдебиетінің ғылыми жүйесі, әсіресе әліпби, орфография, терминология, оқыту әдістемесі, ономастика т. б. салалар бойынша маңызды қаулылар қабылдайды. Зиялылар басқосуының және бір маңыздысы – сонау қасаң заманда ағартушылыққа, білім мен ғылымға қатысты көтерілген мәселенің әлі күнге де өзекті болып тұруында.

 

Пікірлер