Қазақстан қорғаныс ведомствосының басшысы Ұжымдық қауіпсіздік шарты туралы ұйымы қорғаныс министрлері кеңесінің отырысына келген ресейлік әріптесімен кездесті, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Генерал-полковник Руслан Жақсылықов Андрей Белоусовты Қорғаныс министрі лауазымына тағайындалуымен құттықтады.
Тараптар екіжақты әскери ынтымақтастықтың өзекті аспектілерін талқылап, кадр дайындау және Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарты ұйымы шеңберіндегі оқу-жаттығуларды қоса алғанда, бірлескен іс-шараларды өткізу мәселелерін қозғады.
Сондай-ақ, өңірлік ұйымдар аясындағы өзара іс-қимыл туралы да сөз болды. 2024 жылы Қазақстан ҰҚШҰ мен ШЫҰ-ға, ал Ресей ТМД-ға төрағалық етеді. Тараптар мемлекетаралық бірлестіктердегі ынтымақтастық өңірлік қауіпсіздікті нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.
Оның практикалық тұрғыда іске асырылуы көпжақты оқу-жаттығулар шеңберінде де жүзеге асырылады. Генерал-полковник Руслан Жақсылықов ресейлік әріптесін биылғы жылдың шілде айында Қазақстанның батысында «Бірлестік» оқу-жаттығуы өтетінінен хабардар етті. Бірлескен іс-қимылдардың жоспарына сәйкес Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан әскери контингенттері қарулы қақтығыстарды оқшаулауға және заңсыз құралымдарға қарсы іс-қимылға байланысты оқу-жауынгерлік міндеттерді бірлесіп пысықтайды.
Кездесу қорытындысы бойынша қорғаныс ведомстволарының басшылары көпжоспарлы өзара іс-қимылды жалғастыруға уағдаласты.