«Мұстафа Шоқай жабылған жаладан ақталмай жүр». Күрескер еңбектерін зерттеуші Әбдіуақап Қара

4133
Adyrna.kz Telegram

Алматыда түркиялық шоқайтанушы ғалым Әбдіуақап Қараның «Кеңес Одағының Түркі әлемі саясаты» атты кітабының тұсаукесері өтті. Онда саясаткер, күрескер Мұстафа Шоқайдың мақалалары жинақталған.

Жиында қайраткер тұлғасын зерттеу және жаңадан шыққан кітаптың басқа да тілдерге аударылып жатқаны айтылды. Тағы бір мұстафатанушы ғалым Бақыт Садықованың Әбдіуақап Қараға аманаттаған сыйын кітап авторы Мұстафа мұражайына жеткізетінін айтты.

Профессор Әбдіуақап Қараның құрастыруымен Мұстафа Шоқайдың 41 мақаласы толық бір кітапқа топтастырылып,  құнды еңбек төрт тілде жарық көрген болатын. Кітаптың тұсаукесері Түркия елінің Анкара қаласында өтіп, кейіннен Қазақстанға да жетті. Қызылорда қаласы мен Астанада болған кітаптың тұсаукесері көптің назарына іліккен. «Кеңес Одағының Түркі әлемі саясаты» атты кітабының тұсаукесері Алматы қаласындағы Фараби атындағы Қазақтың Ұлттық университетінде өтті. Кітап қазақ, орыс, түрік және француз тілдерінде бөлек-бөлек жинақ ретінде жарияланған.

«АҒЫЛШЫН ТІЛІНЕ ДЕ АУДАРДЫҚ»

Түркияның Мимар Синан университетінің профессоры, ғалым  Әбдіуақап Қара елге қазақ, түрік, орыс, француз тілдерінде жарық көрген Мұстафа Шоқай еңбектерінің басы қосылған кітаптарды арнайы әкеліп, таныстырған рәсімде былай деді.

- Мен арнайы Парижге барып, Мұстафа Шоқай жазған 700-ге жуық мақаланың фото-көшірмесін жасап алдым. Оның 120-ға жуығы француз тілінде жазылған. Кейбір мақалаларға бір ғасыр болған. Кейін зерттеушілер мен тарихшылардың қызығушылығы артқаннан соң кітап ретінде шығаруды жөн көрдім. Ең басты деген 120 мақаланың ішінен 41 мақаланы аударып алдым. Деректің бұзылмауы үшін дәл аударма жасадық. Астына мақала туралы деректі де беріп қойдық. Бұл кітап шыққаннан кейін бір туысыма қазақша және түрікше кітаптарды сыйға тарттым. Олар «Біз тілді жақсы түсінбейміз» деді. Солай неге ағылшын тіліне аудармасқа деген ұсыныс тастады. Германия, Франциядағы, Швециядағы, бүкіл Еуропадағы қазақтардың, халықтың оқуы үшін ағылшын тіліне де аударма жасадық. Ол да жақын арада шығады.

ӨЗБЕК ЖӘНЕ НЕМІС ТІЛДЕРІНДЕ ДЕ ЖАРЫҚ КӨРМЕК

Бұл кітапқа қызыққандар көп. Соның бірі – өзбек және қырғыз халқы. Авторға Ташкент пен Бішкектен келген ғалымдар өз тілдеріне аударуға ұсыныс тастаған. Сәуір айында Мұстафа Шоқайдың мақалалары топтастырылған «Кеңес Одағының Түркі әлемі саясаты» атты кітабының өзбек тіліндегі аудармасы жарық көретін болады. Автордың сөзінше, кітапты неміс тіліне аудару да жоспарланып отыр.

- Мұстафа Шоқай жабылған жаладан әлі күнге дейін ақталмай жүр. Мұның бір себебі біздің қазақ тілінде жазуымыз. Ал қазақ тілін тек біздің ел ғана оқиды. Біз мұны өзгелерге таныстыра алмаймыз. Менің негізгі мақсатым – Шоқайды жабылған нақақ жаладан арылту. Сол себепті де кітаптар түрлі тілге аударылып, әлем халықтарының оқуына мүмкіндік туып тұр, - деді автор.

ҒАЛЫМНЫҢ ҒАЛЫМҒА СЫЙЫ МҰРАЖАЙҒА ТАБЫСТАЛАДЫ

Түркі әлемінде еңбегі зор Мұстафа Шоқайды зерттеуші ғалымдар Қазақстанда санаулы. Тұлға еңбектерін қазақ қыздарының ішінде алғаш зерттеген - ғалым, профессор, шоқайтанушы Бақыт Садықова. Ол өз күшімен, өз қаржысына, француз достарының көмегімен, әр түрлі кезеңдерде, 5 кітап жазып, басып үлгерген.  Рәсімге келген Мұстафа Шоқайдың туысы Гүлбаршын Заирова Әбдіуақап Қараға Бақыт Садықованың сәлемін жеткізді.

- Жақында Бақыт Садықова қатты сырқаттанып қалды. Қолын да сындырып алды. Сол себепті аманат етіп тапсырылған бір құнды еңбегі бар еді. Мына сурет – Тбилисиде 1919 жылы Мұстафа мен Марияның ең алғашқы, түпнұсқа суреті. Осы сурет Бақыт апайдың үйінде ілініп тұратын. Ол кісі Мұстафа Шоқайдың ұрпағы ретінде  жазу машинкасын, мөрлерін ұрпағы ретінде мұражайға тапсырған. Енді осы құнды сыйлықты мен апайдың айтуымен Әбдіуақап Қараға табыстасам деймін, - деді Гүлбаршын Заирова.

Шоқайтанушы, «Кеңес Одағының Түркі әлемі саясаты» атты кітаптың авторы Әбдіуақап Қара бұл бағалы мұраны Астана қаласындағы №51 Мұстафа Шоқай атындағы мектеп гимназиясында ашылған мұражайға табыстауды жөн санады. Енді сурет Астана қаласына жеткізілетін болады.

Сондай-ақ презентация барысында Мұстафа Шоқайдың екі бірдей төлқұжаты жақын арада Қазақстанға келетіні айтылды. Ол да Астанадағы музейге табысталмақ.

Сымбат Наухан

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер