Мұстафа Шоқай мұрасы. «Әдебиеттегі жала құжатпен дәлелденген жоқ»

2946
Adyrna.kz Telegram
Фото: Әбдіуақап Қараның Facebook парақшасынан
Фото: Әбдіуақап Қараның Facebook парақшасынан

Түркиядағы қазақ ғалымы, доктор Әбдіуақап Қара Мұстафа Шоқайдың француз тілінде жазған мақалаларын іріктеп, жинақ етіп шығарды. Қазақ, түрік, орыс және түпнұсқа француз тілінде жеке-жеке кітап болып шыққан бұл еңбек «Кеңес одағының түркі әлемі саясаты» деп аталады. Шоқайтанушы ғалыммен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

Тек  қазақ халқы ғана емес, күллі түркі халықтарының бірлігі мен ынтымағын аңсап, ұлт мұраты үшін күрескен, Түркістан идеясының авторы Мұстафа Шоқайдың болмысы әлі толық ашылмаған. Ол ел тарихында түркі халықтарының біртұтас идеясының авторы, саяси қайраткер ретінде қалды. Таяуда шоқайтанушы ғалым, профессор, докторӘбдіуақап Қараның құрастыруымен Мұстафа Шоқайдың мақалаларының жинағы жарық көрді. «Кеңес одағының түркі әлемі саясаты» деп аталатын бұл кітапқа Мұстафа Шоқайдың француз тілінде жазған мақалалары топтастырылған. Жаңа дүние осы мақалалардың қазақ, орыс және түрік тіліндегі аудармасы ретінде әр тілде жеке кітап ретінде жарық көрді. Қайраткердің көпшілік біле бермейтін мақалалары басылған «Кеңес одағының түркі әлемі саясаты» атты кітабын қолға алып, оны құрастырып, жарыққа шығарған доктор Әбдіуақап Қарадан сұхбат алдық.

«БҰЛ КІТАП АЛҒАШҚЫСЫ ДА, СОҢҒЫСЫ ДА ЕМЕС»

- Кеңес Одағы құрамында болған елдерде Мұстафа Шоқайды «сатқын» деп білетіндер әлі де кездеседі.  Бұл кітап Шоқайдың атына кір келтіретіндерге тосқауыл бола алады ма?

- Мұстафа Шоқай Кеңес Одағында«сатқын» деп жала жабылды. Енді Тәуелсіздік алғаннан кейін 30 жылдағы уақытта қазақ тарихшылары мұны жоққа шығарды, архивтегі деректермен дәлелдеді. Енді бұл «сатқын» деген мәселені жою бір кітап көлемінде бітетін жұмыс емес. Бұл Мұстафа мақалаларын топтастырылған кітаптардың алғашқы да, соңғысы да емес. Бұл кітапШоқайдың сатқын еместігін көрсететін  кітап. Мұнда да біз деректер мен мәліметтерді бердік. Бірақ, басты мәселе, менің ойымша, насихаттауда жатыр.

- Бұл кітап қанша тілге аударылып, жазылды?

- Мұстафа Шоқайды тек қазақтарға ғана танып қоймайды. Бірақ оның жетістіктерін біз қазақтар ғана білеміз. Басқа халықтар көп біле бермейді. Неге? Өйткені қазақ тарихшылары қазақ тілінде ғана жазады. Шоқай туралы зертттеу еңбектерінде басқа тілдерде, әсіресе, орыс тілінде жазу керек екен. Неге? Өйткені «сатқын» деген мәселе сол орыс тіліндегі ақпаратта көп кездеседі. Ағылшын тілінде, түрік тілінде, неміс, француз тілдерінде ақпаратты көп кездестірмейміз. Сондықтан бұл мәселені алдымен орыс тілділерге осы деректерді жеткізу керек. Мына кітаптың түпнұсқасы француз тілінде. Себебі Мұстафа Шоқайдың француз тіліндегі 120 мақаласынан зерттеп, Түркі дүниесіне қатысты 41 мақаласын кітапқа топтастырып, өткен жылы жарияладық. Енді биыл француз тіліндегі мақалаларын үш тілге аударып шықтық. Әрине бірінші қазақ, түрік, одан кейін орыс тіліне міндетті түрде аудардық. Себебі орыс тілді оқырманда Мұстафа Шоқайдың шындығын оқысын, кітап арқылы көрсін. Егер де бұл кітаптағы мәліметтерге келіспесе, оқырман оған қарсы дерек көрсетсін.

Біз орыс тілінде шығарған себебіміз бір жағынан Түркі дүниесінен өзге халықтар, атап айтқанда, өзбектер, түрікмендер, қырғыздар, әзербайжандар, татарлар бүкіл Кеңес кезіндегі халықтар түрік тілі мен орыс тілін білді. Бұл кітап оларға жетеді. Себебі Мұстафа Шоқай сол халықтардың тәуелсіздігі үшін күрескен, мақала жазған. Сол халықтар да Шоқайды жақсы көреді. Сол мәліметтермен тікелей таныссын деген мақсатта орыс тілінде аударма болды.

Екінші мақсатымыз, орыс тілді оқырмандар өзімізде бар. Қазақ тілін білмейтін, тек орыс тілін білетін Қазақстандағы азаматтарымыз оқысын, Ресей азаматтары оқысын. Мұстафа Шоқайдың ешқандай «сатқын» еместігін біздің кітапқа жазған қомақты мәліметтерден таныссын деген мақсат болды. Дегенімдей, бір кітаппен оған жабылған «сатқын» деген жансақ көзқарасты біржолата жоюымыз мүмкін емес. Бірақ бұл кітап сол мақсатта жасалған бір қадам, бір тамшы.

«ҚАЗАҚ ТІЛДІ ОҚЫРМАННАН СҰРАНЫС КӨП»

- Мұстафа Шоқайдың рухани, мәдени, саяси мұрасын игеріп, әлемге таныстыратын бұл туынды қанша тиражбен басылды?

- Мұның тиражы көп емес. Түркияда қазақ тілді оқырман өте аз. Біздің Түркияда жаһандануды оқитындар азайды. Әдетте бізде мың тиражбен шығады. Біз енді қазақ тіліндегі кітабымызды 300 тиражбен басып шығардық. Таяуда ғанаҚазақстанға бардық, Қызылордада болдық. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің жанында Мұстафа Шоқайды зерттеу орталығы бар. Ғылыми-практикалық конференцияда бұл кітаптың тұсаукесері болды. Осы орайда келген ғалымдармен бірге Қызылорданың әкімі Нұрлыбек Нәлібаев мырзаға кіру мүмкіндігіміз болды. Ол жерде Шоқайға қатысты әкімге бірнеше өтініш айтылды. Мен де бір өтініш жасадым.

«Енді мына кітап қазақ тілінде Түркияда шықты. Бірақ Түркиядан кітап тасып жүру қиын әрі оқырманға жеткізілуі де қымбатқа түседі. Сондықтан Қызылорда облысы әкімінің қолдауымен осы кітап Қазақстанда басылып шықса дедік. Бұл кітапқа сұраныс жоғары. Әлеуметтік желіде «бұл кітапты қайдан аламыз?» деген сұрақтар бар. Түркиядан алу қымбатқа түседі, уақыт кетеді»,-дедім. Әкімге Мұстафа Шоқай кітабын осы жерде басып, оқырманға қолжетімді ету ұсынысын айттық. Ол «заң шеңберінде қарастырамыз» деді.

ЖИНАҚТЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ

- Бұл Шоқай туралы алғашқы және соңғы кітап емес. Дегенмен бұл кітаптың Мұстафа Шоқай туралы жазылған өзге еңбектерден айырмашылығы неде?

- Бұл кітап ерекше. Себебі бұған дейін Шоқайдың «Яш Түркістан»журналындағы мақалалары Қазақстандағы «Қайнар» баспасында 18 том болып жарық көрген. Одан кейін ол екі томға қосымша мәліметтер болып жарық көрді. Енді «Яш Түркістан» журналындағы мақалалар аударма. Бұл журналдың тілі қазақша емес, араб әріптерімен шығады және бүкіл түркі тілдерінен құралған тіл деп айтылады. Журналдың редакция ұжымы ол тілді «шағатай тілі» деп атаған. Ұжымның өзі де «ХV ғасырдағы шағатай тілімен ХХ ғасырдағы мәселені көтере алмаймыз»  деп айтады.

- Мұстафа Шоқайдың француз тіліндегі мақалаларын өзге тілге аударуда қиындықтар болды ма?

- «Яш Түркістан» журналындағы мақалаларды аударуда қателіктер мен қиындықтар болды. Ол тілді түсіну қиын. Журнал тілін түсіну үшін бірнеше түркі тілін білу керек. Оның сыртында француз тіліндегі мақаланың ерекшелігі бар. Менің ойымша, салыстырып оқысақ, біз шығарған кітаптағы мақалалар өте жинақы, тілі өткір, оқырманға да оқуға тартымды. Оның себебі Мұстафа Шоқай оны француз тілінде жазғаннан кейін француз журналының оқырмандарына қарата жазылған. Ал француздар Түркістандық емес, Түркістандағы қазақтардың, өзбектердің, өзгенің жағдайын білмейді. Олар жат халық. Сондықтан оларды мақаланы түсінуі үшін ашық тілді жүйені қолданған. Одан кейін жалықпас үшін үлкен шеберлікпен жазған. Кейде мұндай саяси, тарихи, экономикалық мақалаларды әр адам оқи алмайды. Маманы болмағаннан кейін адамды жалықтырады. Шоқайдың мақаласын кез келген адам өте бір тартымды тілмен оқи алады, жалықпайды. Бұл кітап өзгелерден тартымды тілімен өзгеше.

АУДАРМАШЫ МЕНАВТОРДЫҢ ДЕҢГЕЙІН КӨРСЕТЕТІН КІТАП

- Кітаптың Түркиядағы тұсаукесер рәсімінеТүркияның беделді азаматтары мен  Қазақстаннан арнайы қонақтар да барған екен. Сол туралы айтып берсеңіз.
- Ұлттық тарихи музей директорының орынбасары Ақмарал Ибраева келді. Ол кісінің шәкірті Әсемгүл Темірханова деген жас маман тарихы бар, докторант атағын алған. Оның бізге тигізген  үлесі өте көп. Мен өзім кезінде Азаттық радиосында аудармамен айналыстым. Егер аударма сапалы болмаса, жақсы авторды нашар етіп көрсетеді. Егерде нашар автор жақсы аудармашыға түссе, аудармашы оны көтеріп жібереді. Мен аударма сапасына қатты мән бердім. Бұл автор анау-мынау емес, Түркі дүниесінің біртуар азаматы, қайраткері. Сондықтан оның жазбаларын нашар ету ыңғайсыз болады. Мұстафа Шоқайдың әр сөзін аударуда сапалы болғанын қаладық. Сол себепті аударма жұмысы бойынша кітапты екі ғалымға жіберіп, тексерттік.

Орыс тіліндегі аударма біткеннен кейін Қазақстандағы Әсемгүл Темірхановаға қарап шығуы үшін жібердік. Екіншіден Еуразия Ұлттық университетінің белгілі профессоры Мақсат Алпысбесұлына да жібердік. Екеуі де сапалы аударма екенін айтты. Емле қателіктерін түзеттік.

Еуразия Ұлттық университетінің белгілі профессоры Данагүл Махатқызына қазақ тіліндегі аударманы жібердік. Ол кісі қарап шықты. Мемлекеттік тарих институтындағы жас ғалым Нұржан Қоңырбай да қарап шықты.

Түрік тіліндегі нұсқаны Түркиядағы екі жас ғалымға жібердік. Солай аударманың сапасына көз жеткізіп, баспаға бердік. Ұлттық Тарих музей институты директорының орынбасары Ақмарал Ибраева шәкіртін ертіп, Анкарадағы тұсаукесерге келіп, ат салысты. Үлес қосқаны үшін көп рақметімді айтамын!

- Мұстафа Шоқай қуғындалған басқа қайраткерлерге қарағанда елімізге кеш оралды. Оның еңбектері әлі көп адамға белгісіз.Осы еңбектен Мұстафа Шоқайдың болмысы толық ашылды ма?

- Мұстафа Шоқайды көп адам әлі нақты біле бермейді. Оның еңбектері оқырман қолына толық жетпей отыр. ХХІ ғасырда кітап оқу да қалып барады. Кино, сериал деген адамның уақытын алады. Сондықтан біз оқырманды кіналамай, Шоқай туралы қызықты кітап жазуға тырысамыз. Бізде үлкен міндет пен жауапкершілік бар.

РОМАНДАҒЫ ОҚИҒА ТАРИХИ ДЕРЕКПЕН СӘЙКЕС КЕЛМЕЙДІ

- Мұстафа Шоқайды танытудың тағы қандай жолы бар?

-  Сонымен қатар, Шоқайдың идеаларын қамтып, оқырманға жеткізу үшін сериал мен кино өте маңызды екен. Өткен айларда «Міржақып. Оян, қазақ!» өте сәтті шығып, халық қызықты. Оның алдында Ахмет, Абай сынды түрлі киноларға халық қызығуда. Әрине, киногерлер мен сценариистерде жауапкершілік жоғары болуы керек. Тақырыпқа адал болуы керек. Көрермен қызықсын деп бұрмалап жатса, ол да дұрыс емес. Онда біз Мұстафа Шоқайдың болмысын халық жадында қате қалыптастырып аламыз. Соңғы уақытта түсірілген тарихи фильмдер нақты жасалған.  Осы сияқты Мұстафа Шоқайды да нақты шындыққа сүйене отырып, тарихи фильмдерді түсіру керек. Шоқай тек қазақтың емес,  күллі түріктің қайраткері. Ол туралы шығарма, еңбек жазарда аса мұқиятпен қарау керек.

- Мұстафа Шоқайды «сатқын» деп танудың мәнісі неде?

- Мұстафа Шоқайға жағылған жала роман арқылы келді. Мұстафа Шоқай сатқын емес! Ол туралы еш дәлел, факт жоқ. Кеңес Одағы оған қарсы ғылыми мақаламен «сатқын» деп оған ат қойып айдатқан жоқ. Жала болғандықтан ол бір фантазия арқылы құралған. Серік Шәкібаевтың «Үлкен Түркістанның күйреуі» атты романында ғана жала жабылған. Соны орыс, қазақ, қырғыз тілінде көп тиражбен таратып, халық жадында Мұстафа Шоқай «сатқын»  деген ұғым қалып кеткен.

Ол нацистермен бірге болмаймын деген. Нацистер Шоқайдың қарсы болғаны үшін оған у беріп, өлтірген. Елі үшін жанын берген адамды «сатқын» деп тану үлкен жала!  Бұған қарсы болатын ғалым болса, дерекпен келсін.

Екінші дүниежүзілік соғысынан кейін немістердің архиві Кеңес қолына өткен. «Осы неміс архивтерінен Мұстафа Шоқайдың сатқындығы туралы деректерді табыңдар!» деп Сталин бұйрық береді.  Кеңес Одағының Қауіпсіздік министрлігі ақтарып, «сатқындық туралы ешқандай дерек жоқ» деп Сталинге рапорт берген. Шоқайдың «сатқындығы» туралы дерек жоқ. Яғни, Мұстафа Шоқайға әдебиетте жабылған жала құжаттармен дәлелденген жоқ.

Ал Мұстафаны сатқын ғылып көрсеткен көркем әдебиет тарихи дерек ретінде жүрмейді.

- Мұстафа Шоқайдың ұлылығын дәріптеген ел туралы бірер сөз болса?

- Мұстафа Шоқай расында ұлы тұлға. Оны тек түркі халықтары емес, бүкіл Еуропа мойындайды. Парижге барсаңыздар, Мұстафа Шоқай тұрған үй бар. Француз халқы Шоқайды құрметтеп, оның үйінің жанынан саябақ ашып, ішіне мүсінін қойып отыр. Ешбір ел, әсіресе Франция секілді Еуропа мәдениеті аса дамыған ел өзге мемлекеттің ұлы тұлғасына мүсін қойып, саябақ ашпайды. Олай жасау үшін өте биік тұлға болуы керек. Міне, Мұстафа Шоқай осындай құрметке бөленген. Француздар бүгін Мұстафа Шоқайды аса құрметтейді.Ол тек өз елі үшін емес, өзі болған барлық елдің тәуелсіздігі үшін күрескен ұлы тұлға. Біз оны құрметтеп, насихаттауға тиіспіз.

- Уақыт бөліп сұхбат бергеніңізге көп рақмет!

 

Сымбат Наухан

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер