Жетісуда өнеркәсіп өндірісі көлеміндегі өңдеу секторының үлесі - 80%

2191
Adyrna.kz Telegram

Жетісу облысы құрылғаннан бері 23 жаңа кәсіпорын іске қосылып, жұмыс істеп тұрған 5-і кеңейтілген, 759 жаңа жұмыс орындары ашылған. Ал биыл құны 39 млрд. теңге болатын 12 кәсіпорын іске қосылып, 500-ден астам жұмыс орны ашылады. Бұл жайлы бүгін журналистерге Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Астана қаласында өткен брифингіде айтып берді, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі. 

Баяндамашының айтуынша, өңірде өнеркәсіп өндірісі көлеміндегі өңдеу секторының үлесі 80%-ға жеткен. Облыста негізгінен ашытқы (уыт), электрлі аккумуляторлар, жоғары вольтты электр тарату желілеріне арналған темір бетонды және металл тіректер өндіріледі. Биыл 12 жаңа кәсіпорын пайдалануға беріледі. Соның ірілері – керамикалық плиталар шығаратын «Алмаз Керамикс» кәсіпорны, күн панельдерін шығаратын «Майами Солар»  кәсіпорны және  «EcoWattAKA» компаниясының жел электр стансысы.

Ал «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы мен «Қорғас» ХШЫО – облыстағы даму нүктесінің бірі. Мұнда қазір 2030 жылға дейін жалпы инвестиция көлемі 622 млрд.теңге болатын 52 жобаны іске асыру жоспарлануда.

- Тау-кен саласын дамыту шеңберінде құны 1,3 трлн. теңге болатын, 2 мыңнан астам жұмыс орнын ашатын металлургия комбинатының құрылысы жүргізіле бастаған. Оның қуаты жылына 860 мың мыс концентратын өндіруге жетеді. Қазіргі кезде құрал-жабдықтар мен тауарларды сақтайтын қоймалар мен басқа да техникалық ғимараттар салынып бітті. Комбинаттың құрылысы 2025 жылы басталып, 2027 жылы аяқталады деп жоспарланған, - деді спикер.

Жалпы облыстың 2030 жылға дейінгі инвестициялық портфеліне құны 2,2 трлн. теңге болатын, 9 мыңнан астам жұмыс орнын құратын  184 жоба енгізілген.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер