ЕРЛАН ТӨЛЕУТАЙ: Ақын Бақтыбай жайлы ақтық сөз

2476
Adyrna.kz Telegram
Фото: Ortalyk.kz
Фото: Ortalyk.kz

Талантты ақын, Жаңаарқаның тумасы – Бақтыбай Аманжолов өмірден өтті. Ерлан Төлеутай өзінің фейсбук парақшасына ақын жайында естелік жазбасын қалдырды, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Ақын Бақтыбай Аманжолов дүниеден өтіпті. Жастайынан өмір теперішін көп көрген тағдырлы ақын еді. Ол аздай өмірінің соңғы екі жылында айықпас дертпен алысты. Кеше сұм ажал аяулы ақынды алып тыныпты.

Бақтыбай ағамен Қарағандыда тұрған жылдары жиі ұшырасып тұрдым; көбінесе кездейсоқ кездесіп қалатынбыз. Қарағандының жанындағы Дубовка деген орысы көп поселкеде тұрушы еді. Бір-екі рет үйіне де барғаным есімде. Қоштасып кетіп бара жатқанда, есігінің алдында шошайып қала беретін. Осылай ол өзінің жалғыздығын сездіргендей болушы еді. Жас кезінде, деген шағында абақты көрген жан еді. Меніңше, жан жалғыздығы оған осы абақтыдан кейін жабысқан сияқты. Сотталған адаммен кім жолдас болсын ол заманда, өзі ақын болса... Білетіндер «оның тағдырының бұлай бұралаң болуына, кілт қияс тартуына оның отқа, суға қарамайтын беттілігі мен ер көңілділігі жеткен» дейді. Өзің ер көңілді, жаужүрек болсаң, оның үстіне ақын болсаң – Құдайдан не тілейсің?! Мұндай жанды тағдыр аямайды ғой, тағдыр демей, қоғам дейікші. Дұрысы сол, меніңше.

Қоғам демекші, Бақтыбай ақын қоғаммен, оның ішінде ақындармен араласпай, саяқ ғұмыр кешті. Ол да оның бір жұмбағы. Тек Жезқазған қаласы облыс орталығы боп тұрған кезде «Аққұс» атты облыстық Жазушылар ұйымының қолдауымен пышақтың қырындай бір-екі жинағы аз тиражбен жарық көрді. Аймақтық әдеби ортаның бір шу етіп, басыла қалғаны есімде. Сонымен ақынның өлеңдегі ғұмыры тамам болды-ау деймін, бұдан кейін бір-екі газет-журналдарда басылғаны болмаса, жыр жинағы жарық көре қойған жоқ.

Ақынның жыр кештерінде, не түрлі жиындарда күркіреп өлең оқығанын да көрмеппін. Менің есімде ол өлең оқығанын көрмеген жалғыз ақын боп қалар, сірә. Ақындар әнші секілді қасиетке ие, топ көрсе өлең оқығысы кеп арқаланып тұрады. Ал Бақтыбай ақын сахнаға ұмтылмайтын, мүшәйраларға да қатыспайтын. Бәлкім, қатысқан шығар, бірақ жүлде алды деп естімеппін. Ер көңілді, батыр кеуделі ақынның сахнаға шығып, өлең оқымай кеткені – ол да бір жұмбақ.

Бәлкім ақын болған соң ұмтылуы керек пе еді? Өзі батыр тұлғалы, еңселі ер, жыр кештеріне кеуделеп келіп, «мен өлең оқимын», – десе ешкім алдын кес-кестей алмас еді. Бірақ ол жыр кештерінен, жалпы жиын атаулыдан аулақ жүрді.

Атын ұмыттым, оның ақындығы тәп-тәуір қызы бар еді. Студент кезінде біз оны Бақтыбай ағаның қызы деп жыр кештерінде өлең оқытатынбыз. Қазіргі тағдырынан бейхабармын. Бақтыбай ағаның бір жолы «Менің қызым ақын», – деп мақтанғаны есімде. Өзі жанына жақын осы қызынан үміт күтетін. Осылайша мен оның мақтанғанын бірінші рет әрі соңғы рет көрдім.

Өзі қанша сездірмегенмен оның жүзінде әлдебір қаяудың табы сезіліп тұратын. Ол онысын жарқылдаған ер көңілімен жуып-шаятын. Қаяудың табы оның үнімен де байқалғандай болушы еді. Бақтыбай ақын менің есімде осылай қалды.

Қазаны естіген соң, қарындасы Қымбат Әбілда апайға көңіл айттым. «Бақсыз, бапсыз өткен сорлы ағам-ай», – деп жылап отыр. Өзі ауырып қалыпты.

Одан кейін ақын Ержан Алаштуғанға хабарластым. Сәби кезінде Ержанның аузына түкірген еді. Ұзақ әңгімелестік. «Тағдырлы ақындар» атты жыр жинағына өлеңдерін енгіздім. 111 ақынның өлеңі кірген көлемді жинақ болды, жыл соңына дейін шығып қалар», – дейді. Айта келіп, «1921 жылы жас өлген Бернияз Күлеевтен бастадым. 100 жылдың ішінде 111 ақынды өлтіріппіз, масқара, қырып салыппыз ғой, ақындарды», – дейді қамырықты үнмен. Айтуынша, бұл ақындардың көбісі әдеби ортаға танылмай, жастай, абақтыда, кісі қолынан, өзіне-өзі қол салған, адасып кеткен, от пен судан ажалды болған ақындар екен, ішінде тіпті қасқыр жеп кеткен ақын да бар. Естіп отырып жаным түршікті.

Махамбетке дейін қазақта ақын өлтіру болмаған. Басқа, басқа, хан өлтіруге бата алмаған ақынды. Себебі ақын – сөз иесі. Сөз иесі қазақта ежелден қасиетті саналған. Ал Махамбет – өз қазағы өлтірген тұңғыш ақын. Содан бері ақын өлтіру тоқтаған емес

Қазақта ақын өлтіру ойыны бодандықпен бірге келген нәубет еді. Тоқтамай жатыр, тиылмай жатыр. Бүгін де бір ақын өлді. Жалғыздықтан, құсалықтан өлді. Әр ақын өлген сайын қазақтың сөзі өледі. Бүгін де бір сөзі өлді қазақтың. Меніңше, асқақ үнді әншінің, дәулескер күйшінің, дүлдүл жыршының, жалпы көшелі өнер иесінің – бәрі ақын! Өйткені олар халықтың арман-аңсарынан, мұңы мен қуанышынан жаралған жандар. Олар еркіндікті жырлаушылар, халықтық дүниетанымды сақтаушылар, қоғамға өң беруші, ұлттың мәдениеті мен эстеткалық талғамын түзушілер. Бірақ бұл сәулелі жандарға оң қабақпен қарап отырған кім бар? Қоғамың қағынып тұр, орысшыл билігіңнің түрі суық, тағы кай сәулелінің, қай аяулының түбіне жетсек екен деп, түксиіп отыр.

Осылайша, бақ-талайсыз қаншама ардақтылар дүниеден баз кешуде. Көшелі өнерпазды ардақтап төрге оздыратын, лебізінен үлгі алатын қараша халық еді, халық та ұлттық санадан, жұрттық сападан айырылған қазір. Кірме дін мен тобырлық мәдениетті қолдаған отыз жылғы озбыр билік түбіне жетіп кетті бәрінің. Не дегендейсің, туған бұқараңның жайы осы болған соң. Әр қазақтың ардақтысы, әр аяулы өнерпазы дүниеден өткен сайын көзіңнің жасын бір төгіп аласың. Басқа қолыңнан не келеді? Жылаған әйел де бір, біз де бір.

Қайран Бақтыбай аға-ай, мұнда жариялайын десем, дұрыс бір суретіңіз де жоқ екен, не қолымда бір жыр кітабыңыз сақталмапты.

Өлең өлкесіне «Армысың ақ зер әлем!», – деп келіп едіңіз, сұм жалғаннан өтерде не айтқыңыз келді екен? Не де болса, ішіңізде кетті. Маған Сіздің соңғы жырыңыз жазылмай кеткендей көрінеді.

Бақұл бол, Бақтыбай аға! Көрмеген көшеңізден жарылқасын!

Ерлан Төлеутай

Пікірлер