Кредит зардабынан жастарды қалай қорғаймыз?

1771
Adyrna.kz Telegram
Сурет: akshamat.kz
Сурет: akshamat.kz

Философ, қоғам белсендісі Әбдірашит Бәкірұлы қоғамда жиі көрініс беріп келе жатқан келеңсіз оқиғалардың  төркінін несие ауыртпалығымен байланыстырады. Банктердің тек өз мүддесін көздейтінін айтқан ол жастарға несие беруде ата-ана келісімін талап етуді ұсынады.

Елімізде кейінгі кезде жағымсыз хабарлар көбейіп барады: «бір қалада қыздар биіктен секіріп қаза тапты», «елімізде суицид саны жоғары», «жаңа отаудың жартысы ажырасып жатыр», «қыздарымыз бен ұлдарымыз шет елдерге кетіп жатыр», «күнделікті тауарлар бағасы өсіп барады», «кедейлер мен қайыршылар көбейді», «жастар қылмысы жоғары», «қоғам діни радикалданып барады» және т.т. жаңалықтарға етіміз де үйрене бастады...

Әрине, бұл мәселелердің барлығы, жеке дара құбылыстар ретінде арнайы органдардан өз бағасын алып жатады... Бірақ, онда артқа тартушы келеңсіздіктерден арылу жолдары қандай деген басты сұраққа жауап берілмейді. Мүмкін, оны шешу жолдары тексеруші мекемеге белгілі шығар, бірақ, олардың қандай шара қабылдағандарынан халық бейхабар. Өйткені, біздің елде негативті жағдайды талқылау, одан құтылудың жолдарын қоғам болып талдау, қоғам болып әрекет ету институты қалыптаспаған. Оны санаулы қоғамдық ұйымдар «зерттейді», ақыр соңы ол қоғамдық ұйымның «гранттық қаржыландырумен» аяқталады. Сонымен, нүкте. Сондықтан, біз мұндай құбылыстардың себебін ғана айтамыз. Ал, оның салдарымен күресуде нәтиже жоқ. Өкінішке орай, бұл – қазіргі орта шындығы. Басқаша жағдайда бір негативтің қайталанып отыруы, бір сүрінген жерден тағы да сүріну болмас еді...

Иә, елімізде, мемлекет пен қоғам дамуын стратегиялық тұрғыда зерттеуші институттар бар. Бірақ, олардың зерттеулері тек «зерттеу тақырыбы» болып қана қалуда. Мәселен, олардың ұсыныстары неге Мәжіліс депутаттарына таратылмайды? Неге депутаттар солар ұсынған ғылыми негізге сүйеніп, үкіметке, министрліктерге, әкімдіктерге, жергілікті шенеуніктерге, оқу орындарына, мектептерге, тіптен, тұрғындарға ортақ талап қоя алмайды? Ол жоқ, жабық есік. Содан болар, депутаттарға негізгі ақпараттар тек қоғамнан ғана жетеді. Ал, ол үнемі де «болары болып, бояуы сіңген» ақпарат болып шығады. Сөйтіп біз тек «салдармен» ғана күресеміз – соттаймыз, жазалаймыз, қызметтен аламыз... Ал, «алдыналу тетіктері» бойынша атқарылатын жұмыстар жоққа тән. Нәтижесінде еліміз тұрақты даму бағытынан ажырап, көптеген көрсеткіш бойынша – мысалы, спортта, мәдениетте, әлеуметтік мәселелерде – үнемі артта қалып отырады...

ОҢДЫ-СОЛДЫ КРЕДИТ ТАРАТУ ЖАҚСЫЛЫҚҚА АПАРМАЙДЫ

Сол қатардан табылатын қоғамдағы өткір мәселелердің бірі – кредит мәселесі. Жуырда Astana Finance Days сессиясында Freedom банкінің директорлар кеңесінің мүшесі Айдос Жұмағұлов халықтың 56%ның несие тарихы нашар, соның салдарынан олар ипотекалық бағдарламаларға қатысуға мүмкіндік ала алмайды деп мәлімдеді. Оның айтуынша, еліміздегі тұрғындардың қаржылық сауаттылығы үшін үлкен жауапкершілік қаржы институттарының мойнында екен... Шындығында бұл дұрыс па? Негізі, бұл мәселемен қаржылық институттары, банкілер айналыспауы тиіс. Мұнымен негізінен Отбасылық институттары айналысуы тиіс. Ол институттар әрбір азаматты қаржылық сауаттылыққа үйретіп, ондағы «тұтынушылық мінез-құлықтағы» белгілі бір ауытқуларды дер кезінде түзетіп, адамдарды қателіктерден сақтауы және қорғауы тиіс емес пе?

Ал, егер мұны қаржылық институттың құзырына қалдырса, олар міндетті түрде өз өнімдерін өткізуге ғана күш салып, клиенттердің мінез-құлқын өзгертеді. Ол үшін оларда нақты бір жауапкершілік жоқ. Мәселен, дамыған елдерде халықтың 65%-ы депозиттерге ие екен. Бұл көрсеткіш бізде халықтың 34%-ын құрайды. Ендеше, бұл біздің халықтың қаржылық сауаттылығы одан екі есеге жуық төмендігін білдіреді деген сөз. Өйткені, бізде «отбасын қаржылық жоспарлау» деген атымен жоқ. Әркім өз білгенімен жүр...

Мысалы, қазақ кредит алып, дәстүріне салып той жасауды машыққа айналдырған. Ақыр соңы, кредит қыспағына шыдамаған жас отбасылар жылға жетержетпестен ажырасып тынуда. Бұл, қай жағынан болмасын, мемлекет үшін тұрақсыздықтың көрсеткіші болып табылады: демографияның құлдырауы, психологиялық күйзелістерден туындайтын трагедиялар, ден саулыққа зиян келуі, жетімдердің көбеюі және т.с.с. көзге көрінетінкөрінбейтін күйзелістерге алып келеді...

Жұмағұлов айтқан статистикаға сәйкес, 9-10 миллион экономикалық белсенді халықтың ішінен шамамен 8 миллионы бір жолы несие өнімдерін қолданған екен. Яғни, елімізде кредитпен «бетпебет жолықпаған» адам некенсаяқ десе болады. Соның ішінде, ең қауіптісі деп сарапшы «18-23 жас аралығындағы жастардың мерзімі өткен несиелерінің үлесі жыл сайын өсіп келе жатқанын» атап өтті. Егер 2022 жылдың басында олардың үлесі 13,1%-ды құраса, 2024 жылдың тамызына қарай ол 20,3%-ға жетті. Жұмағұловтың пікірінше, тұтынушылық несиелер мен бөліп төлеу жүйелері қазақстандықтардың жастардың мінез-құлқын өзгертеді. Осының әсерінен 18 жастағы жігіт немесе қыз адамды үнемі езіп тұратын «кредит мұңы» кеселіне тап болады. Бұл олардың болашақ өмірін бақытты жоспарлауына үлкен кедергі.

Осылай қалыптаса келе, олар, енді, отбасын құрып, өздерін үйжаймен қамтамасыз ету жағдайына жеткенде 25 жас пен 30 жас аралығында – не ипотекалық кредитке, не, автонесиеге қол жеткізе алмайды екен. «Қазір банкілер мұндай клиенттердің 87%-ынан бас тартуда. Себебі 56%-ының несие тарихы нашар, 31%-ының табысы жеткіліксіз», – деген Жұмағұлов.

Сондықтан, мен өз елінің болашағын ойлаған азамат ретінде «Жастарды кредиттен қорғау» атты мемлекеттік деңгейде бағдарлама қабылдап, оны шұғыл іске қосу қажет екендігін айтар едім. Бұл шараны жергілікті әкімшіліктердегі әлеуметтік жұмыс қызметкерлері, оқу орындарындары атааналармен бірлесе отырып, тығыз байланыста атқарса – өмір тәжірибесі аз жастарды болашақ қателіктерден сақтауға болар еді.

Мысалы, өткен жылы менің 1 курстағы студент немерем достарының қызығушылығына еліктеп, ақылы оқу курсына жазылады. Оны ешкімге айтпай, өз бетінше Каспи банктен 650 мың теңге кредит алып, оқу ақысын төлейді. Біраз  уақыттан кейін оған курс жақпай қалды. Бірақ, кредит со күйінде... Амал жоқ жыл бойы, оның кредитін ата мен әже болып жабумен болдық... Бала да қателігін сезініп, күйзелді. Жарайды, біз немереміздің қателігін көтере алдық. Алайда, қаншама бала «телефонмен алған кредиттерін» жасырып, соңы үлкен проценттер мен проблемаларға алып келіп жатқаны шындық емес пе! Міне, осындай жағдайда, табыс көзі жоқ жастарға оңдысолды кредит беруші банктерге тосқауыл қою керек қой. Оны қалай жасауға болар еді? Ол үшін мемлекет кредит беруші банктерді өз табыс көзі жоқ жас клиенттерінен (жастардан) жергілікті отбасылық институттар арқылы «атаанасымен келісілген» деген анықтама (справка) алып келуін талап етуге міндеттесе – көп жастарды мұндай депрессиялық қадамдарға барудан сақтауға болар еді.

Біз, балаларымызды, жастарымызды бүгінгі күннің «жылт етер» қызығымен емес, олардың бақытты, саналы болашағына басымдық беретін қоғам құруымыз қажет.

Ойланайық...

 Әбдірашит Бәкірұлы

Пікірлер