Атырау әкімдігі дін ісінде неге зайырлылық танытпайды?

2686
Adyrna.kz Telegram

Атырау облысында мемлекеттік мекеменің қаржыландыруымен "Aзан" атты діни интернет-радио іске қосылмақ, - деп хабарлайды Адырна ұлттық порталы.

Қазақстан - зайырлы мемлекет. Конституцияда мемлекетіміздің ешқандай дінге басымдық бермейтіні тайға таңба басқандай жазылған. Соған қарамастан, Атырау облысы Дін істері басқармасы «Азан» атты діни бағыттағы радио ашқалы жатқаны қалай? Мемлекеттің бюджетінен қаржыландырылғалы отырған бұл радио қандай дінді насихаттамақ?

Облыстық Дін басқармасы таратқан ақпаратта: "Атырау облыстық Дін істері басқармасының "Қазір қоғамда жат діни ағым идеологиясына иммунитет қалыптастыру мақсатында әлеуметтік желілер, газет-журналдар және телеэкрандарда ақпарат көптеп таратылуда. Алайда ақпарат таратудың бүгін де бастапқы үш түрі ескеріліп жүрсе де,  төртінші түрін, яғни радио арқылы ақпарат тарату мәселелері елімізде қарастырылмаған. Соған байланысты өңірде алғаш рет «Азан» радиосы өз жұмысын бастамақ. «Азан» радиосы — дін мен дәстүр, уақыт пен заман талабының тоғысқан ортасы. Ұлтымыздың өткені мен болашағына үн тастаушы, өскелең ұрпақ пен аға буынды байланыстыратын алтын көпір, ақпаратты-сараптамалық алаң" делінген.

Әкімдік құрамындағы Діни басқарма жат діни ағыммен күресіп, зарарлы діни топтарды заң аясында ауыздықтауға міндетті. Оған ешкімнің қарсылығы жоқ. Бірақ, жат діни ағым идеологиясына қарсы иммунитет қалыптастыру үшін бұқаралық ақпарат құралын ашып, дін мен дәстүрді сабақтастыра насихаттау басқарманың құзіретіне кіре ме? Зайырлы мемлекеттің заңы бұған рұқсат ете ма? Атырау облысы әкімдігіне қарасты Діни басқарманың мүфтияттың міндетін атқаруға талпынуының астарында не жатыр?

Атырау облысы Дін істері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мұхтар Ізғалиев радио жайлы: "Мұнда қазіргі тыңдарманның көкейінде жүрген сұраққа жауап, таңдау алдында тұрған жас буынға жол көрсету, билік пен қоғамның бір арнада тең диалог құруына мұрындық болатын пікірталас ортасы бар. "Азан" радиосы — зерделі ақпаратты таратуға, үйретуге және жол сілтеуге бағыттайтын нұсқаушы болуды көздейді" депті.

Мұхтар Ізғалиев өзі басқарып отырған мемлекеттік мекеменің негізгі міндетіне не кіріп, не кірмейтінін білмейтін сияқты. Дін істері басқармасы деген Қазақстан азаматтарының қандай дінді ұстанып, қандай жолмен жүруін көрсететін, дін үйрететін мешіт-медресе емес. Ол - мемлекеттік мекеме. Дін істері басқармасы, барлық дінге бірдей көзқараста қарап, дінішілік һәм дінаралық ахуалдарды жүйелеп отыруға тиісті. Оның бұдан басқа міндеті жоқ. Дәстүр-салтты, дінді, Құдайды насихаттау басқарманың құзіретіне кірмейді.

"Азан" деген діни рәсімге, атап айтқанда мұсылмандыққа ғана қатысты сөз. Мұсылмандар намазға жамағатты шақыру үшін азан айтады.  Демек осы бір радиоға атау болған діни сөзден-ақ облыстық дін істері басқармасының мемлекеттік зайырлылық ұстанымын аяқ асты етіп, мемлекетіміздегі басқа да діндердің  құқығын таптап, тек ислами бағыттағы радио ашуды көздеп отырғанын байқауға болады.

Ақан Әділ

Адырна ұлттық порталы

Пікірлер