BAQYLA козғалысы елдегі 27 қалада 3,2 мыңнан астам сайлау учаскесін бақылады

5177
Adyrna.kz Telegram

Еліміз бойынша BAQYLA қозғалысы 5 мыңнан астам бақылаушыны жүйелі оқытып, арнайы учаскелерге жолдады. 20 қарашада өткен кезектен тыс президент сайлауында сайлау процесін бақылауға араласып, республика бойынша 27 қала мен елді-мекенді қамти алды.

Бұған дейін Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан бойынша 10 мыңнан астам сайлау учаскелері бар екенін мәлімдеді. Біз соның 3,2 мыңға жуық учаскесін, яғни 30 пайызын қамти алдық деп айта аламыз.

Сайлау процесі біз күткендей тартысты өтпеді. Өйткені Тоқаевтан басқа үміткерлердің танымалдығының төмен болуы әрі науқан барысында жүргізген үгіт-насихаттың осалдығы себеп болды деген пікірдеміз. Оған қоса, сайлау науқаны екі айға жуық уақытқа созылғанына қарамастан, сайлаушылар кейбір үміткерлердің есімін жаттап та үлгермеді.

Үміткерлер арасында күрес қызу шықпаған соң, сайлау күні бақылау процесі де аса тартысты болмады. Үміткерлерге қатысты дауыс санауды бұрмалаудың қажеттілігінің жоқтығынан да болар, өткен сайлаумен салыстырғанда заң бұзушылық та азырақ тіркелді.

Бақылаушыларды сайлау учаскелеріне кіргізбей, оларға хаттама бермей, уақытынан бұрын шығарып жіберуге тырысу бойынша ондаған фактілер тіркелді. Осындай заң бұзушылықтардың көбі сайлау учаскесінде шешілді.

Біз азаматтық қоғамның қалыптасып, беки түсу үшін сайлауды бақылау маңызды рөл атқарады деп санаймыз. Алдағы кезектен тыс Парламент сайлауы кезінде де байқаушылар институтын нығайтуға барынша атсалысамыз деген ниеттеміз.

Дос КӨШІМ: «Бақылаушыларды дайындау үшін қашықтан оқыту арқылы қазақ және орыс тілдерінде бірнеше тренинг өткізілді. Оған BAQYLA қозғалысына кіретін үкіметтік емес қоғамдық бірлестіктердің облыстық, қалалық деңгейдегі тренерлері қатысты. Қатысушылардың сұрақтарына жауап беріліп, тренингтердің электронды жазбасы барлық өңірлерге таратылды. Олар біз дайындаған «Бақылаушы дәптері» негізінде жүргізілді.

Динара ӨМІРЗАҚОВА, Петропавл қаласы: «Біз BAQYLA-ны халық арасында таныту жұмыстарын жүргіздік, соның арқасында қатарымыз толып, белсенділерді оқыттық. Бақылаушылардың жасы 19-дан басталды, көбісі 30-дан асқан. Қаламызда 84 сайлау учаскесі бар, барлығын қамтыдық. Бұл біздің алғашқы тәжірибеміз. Біз сайлаудың әділ өткенін қаладық, сол үшін байқаушы болдық.

Бақытжан БҰҚАРБАЙ: «Байқаушылар саяси тартыс болған жерде ғана піседі. Өкінішке қарай, биылғы сайлау бәсекелі болмады. Қалай болса да, белсенді азаматтардың ынтасын өшіріп алмау керек, сол себепті биылғы байқаушылықтың бір ерекшелігі – азаматтық қоғам мен сайлауды бақылау маңызы туралы, сайлау кезінде болатын жағдайларды талдап беретін көптеген дәрістер оқылды».

Аслан ЗУЛКАШЕВ, Ақтөбе қаласы: «Мен мектеп кезінен бері белсенді болуға ұмтылдым. Өскенде кәсіп аштым, блог жүргізіп, аудиториямды кеңейттім. Саяси үрдіске араласып, сол арқылы да елімізге пайдамды тигізгім келді. Ақтөбе халқы науқанға белсенді араласады деп күтпедім. Бірақ адам жинауда еш қиындық көрмедік. Арамызда тәжірибелі бақылаушылар да болды. Жұмыс барысында бір-бірімізге дос боп кеттік.

Ерлан ӨМІРЖАНҰЛЫ, Семей қаласы: «Байқаушының мақсаты не?» деген сұрақтың жауабы – әділ сайлаудың өтуін бақылау. Біз осыны жастарға жеткізгіміз келді, өйткені көбісі мұның маңызын біле бермейді, білсе де бейқам қарайды».

Пікірлер