Жас ақын Нұрсәуле Толқынның алғашқы кітабы жарыққа шықты

10605
Adyrna.kz Telegram

19 қазан күні Алматы қаласындағы №44 кітапхана бөлімшесінде жас ақын Нұрсәуле Толқынның тырнақалды туындысының тұсауы кесілді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы

Кітап “Топырақ иісі” деп аталды. 86 беттен тұратын еңбекте ақынның 70-тен астам өлеңдері жинақталған.

Түсаукесерге этнограф, жазушы Баяхмет Жұмабайұлы, ақын, ұстаз Мұрат Шаймаран, режиссер Тұрдыбек Майдан, ақын Хамит Айдар, кітапханашы Дария Нұрмұханбетова мен бірнеше ақын замандастары және №44 кітапхана бөлімшесінің ұжымы мен №205 мектеп оқушылары, жақындары мен әріптестері қатысты. 

Кешті ақын Әділ Ахметұлы тізгіндеді. Ал тұсауын елге сыйлы жазушы, белгілі этнограф ғалым Баяхмет Жұмабайұлы кесті. 

Нұрсәуленің алғашқы кітабы көптің көңілінен шығып, үлкендердің ыстық лебізіне ие болды. Жиынның шымылдығын ашқан этнограф ғалым Баяхмет Жұмабайұлы батасын беріп, тілегін айтты. Ал ақын Мұрат Шаймаран Нұрсәуленің “Топырақ иісі” еңбегіне пікірін білдіріп, жоғары баға берді.

Поэзияның жүгі, ол-әлемнің жүгі, ғаламның жүгі, адамның мұңының салмағы. Ал ол салмақты Нұрсәуле секілді талшықтай қыздың көтеріп кетуі екі талай. Бірақ Нұрсәуле оны көтере білді”,-деді ақын Мұрат Шаймаран.

 Кеште ыстық лебіз де, тілек те айтылды. Одан бөлек күй шертіліп, қазақтың әуезді әні шырқалды. Сағынышқа құралған Нұрсәуленің өлеңдерін оқушылар кезекпен оқыды.

Нұрсәуле ақындықты бойына сіңіріп қана қоймай, анимация саласын да меңгерген. Бүгінде балаларға арналған Отандық бірнеше мультфильмнің авторы. Сондықтан жиынға әріптесі әрі ұстазы Тұрдыбек Майдан қатысты. Ол Нұрсәулені жаңа қырынан танығанын жасырмады.

Ұрпақты тәрбиелеуге, балалардың қазақи танымын ұмытып қалмауына үлесін қосып жүр. Міне, бүгін ақындық қырын да байқап отырмын. Жазарың көп болсын. Шығармашылық табыс тілеймін”,- деді режиссер. 

Іс-шарада кітапхана қорына жаңа кітап сыйға тартылып, қатысушыларға да табысталды. Жиын соңында Нұрсәуле Толқын жиылған қауымға алғысын білдіріп, өлеңімен шашуын шашты. 


Айта кетейік, Нұрсәуле Толқын – ақын, сценарист. 1995 жылы 4 қыркүйекте ҚХР Іле облысы, Нылқы ауданында дүниеге келген. 2013 жылы атамекенге табан тіреген. Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-дың филология факультетінің түлегі. Өлеңдері бірнеше жыр жинаққа енгізілген.

Жас ақынның алғашқы еңбегі қазақ әдебиетінің бір кірпіші болып қаланары сөзсіз. Нұрсәулеге шығармашылық табыс тілеп, жазарың көп болсын дейміз!  Қаламың ұштала берсін! 

“Адырна” ұлттық порталы 

 

 

Пікірлер