Жол ережесінде не өзгерді? Министрлік жүргізушілерге үндеу жасады

878
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/Y5pBVVQebfah4ORRCPVRXqqFrCEmQTtXJOZSWKe3.jpg

Қазақстанда 25 тамыздан бастап "Жол жүрісі туралы" заңға енгізілген өзгерістер күшіне енеді, деп хабарлайды "Адырна".

Осыған байланысты бүгін, 22 шілдеде, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі заңнамадағы өзгерістерге түсініктеме беріп, жүргізушілерге маңызды үндеу жасады.

Ең алдымен, 65 жастан асқан жүргізушілер мен мүгедектігі бар жүргізушілер екі жылда бір рет міндетті медициналық тексеруден өту қажет екенін еске саламыз. Міндетті медициналық тексеруден өткені туралы мәліметтер Денсаулық сақтау министрлігі мен Ішкі істер министрлігі арасында автоматты түрде алмасады.

"Егер мемлекеттік ақпараттық жүйеде жүргізушінің медициналық тексеруден өткені және көлік құралын басқаруға қарсы көрсетілімдерінің жоқтығы расталмаса, көлік құралын басқару құқығы тоқтатылады. Бұл талап тек 65 жастан асқан жүргізушілер мен мүгедектігі бар жүргізушілерге ғана қатысты екенін ерекше атап өтеміз. Келесі өзгеріс жол жүрісі қағидаларын білу деңгейін қайта тексеруге қатысты", - дейді ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова.

Заңда көзделген жағдайларда жолда жүру қағидаларын өрескел бұзған жүргізушілер қайтадан теориялық емтихан тапсыруға жіберілуі мүмкін. Мысалы, жол қиылысынан өту кезінде апаттық жағдай туғызу, белгіленген жылдамдықты бірнеше рет асыру, маневр жасау, жолақ ауыстыру немесе басып озу қағидаларын қауіпті түрде бұзу сияқты өрескел құқық бұзушылықтар.

"Бұл талап барлық жүргізушіге емес, тек заңда нақты көзделген жағдайларда ғана қолданылады. Егер жүргізуші дәлелді себепсіз тиісті қаулыны алған күннен бастап екі ай ішінде теориялық емтиханға келмесе, бұл да көлік құралын басқару құқығын тоқтатуға негіз болады", - деді Ақтоты Боранова.

Сонымен қатар, алкогольдік, есірткілік масаң күйде көлік басқарғаны үшін жүргізушілерге жауапкершілік күшейтілді. Енді қылмыстық іс жәбірленушімен татуласуына байланысты тоқтатылғанның өзінде, құқық бұзушы сегіз жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылады.

Бұл өзгерістердің барлығы жол жүрісі қауіпсіздігін арттыруға, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған.

Пікірлер