Жезқазғанда Металлург күніне арналған мерекелік іс-шара көрнекті ғалым, Қазақстан Ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаевтың ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімімен басталды.
Салтанатты рәсімге Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен, Ұлттық құрылтай мүшесі, еңбек ардагері Төлеген Бүкіров, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Бақылау кеңесінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібеков, Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі, металлургия жөніндегі бас операциялық директор әрі «Kazakhmys Smelting (Қазақмыс Смэлтинг)» ЖШС бас директоры Жәнібек Байғабелов, өңір басшылығы, еңбек ұжымдарының өкілдері мен сала ардагерлері қатысты.
Қатысушылар Қазақстанның тау-кен металлургиясы саласының қалыптасуына және Жезқазған өңірінің минералдық ресурстарын ғылыми тұрғыдан зерттеуге өлшеусіз үлес қосқан Қаныш Сәтбаевтың рухына тағзым етіп, ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Рәсім барысында Қаныш Сәтбаевтың Жезқазғанның ірі мыс кен орындарын ғылыми негізде дәлелдеп, олардың өндірістік әлеуетін ашудағы еңбегі ерекше аталып өтті. Оның зерттеулері өңірдің әлемдегі жетекші мыс өндіру орталықтарының біріне айналуына негіз қалады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, гүл шоғын қою рәсімі отандық металлургия тарихына деген құрметтің және саланың еңбек дәстүрін жалғастырып келе жатқан ұрпақ сабақтастығының айқын көрінісі болды.
