Имам Нұрлан Байжігітұлының пластикалық отаға қатысты айтқан пікірі әлеуметтік желіде қызу талқылануда, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Ол сыртқы келбетті қалпына келтіруге немесе денсаулыққа байланысты жасалатын пластикалық және косметологиялық процедураларға исламда тыйым салынбайтынын айтты.
Имамның сөзінше, бұрын болған шашты қайта егу, қабақтың салбырауын түзету, сондай-ақ бет күтіміне арналған кейбір медициналық процедураларды жасауға рұқсат бар. Оның пікірінше, мұндай ем-дом түрлері адамның денсаулығы мен қалыпты келбетін қалпына келтіруге бағытталғандықтан, шариғатқа қайшы емес.
Бұл мәлімдеме қоғамда түрлі пікір туғызды. Әлеуметтік желі қолданушыларының бір бөлігі имамның көзқарасын қолдап, медициналық қажеттілікке байланысты жасалатын операциялар мен косметологиялық емдердің орынды екенін жазса, енді бірқатары оның пікірімен келіспейтінін білдірді. Кейбір қолданушылар мұндай мәселелерде шариғат талаптарын қатаң ұстану қажет екенін алға тартты.
