Атырау аспанында әскери ұшақ неге ұшты? Министрлік түсіндірді

125
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/dG4oeJDef4nBHH7O1Xy6IBTi4cmqPSWPdYL1tJ4C.webp

Атырау қаласының тұрғындары түсіріп, әлеуметтік желілерде жариялаған әскери ұшақтың ұшуына қатысты қорғаныс министрлігі ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Ведомствоның мәліметінше, қала аспанында байқалған Су-30СМ әскери-әуе күштерінің жойғыш ұшағы жоспарлы оқу-жаттығу ұшуын орындаған.

Министрліктің хабарлауынша, мұндай жаттығу ұшулары ұшу құрамының кәсіби даярлығын жетілдіру, ұшқыштардың машықтарын сақтау және авиациялық техниканы қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету мақсатында тұрақты түрде өткізіледі. Барлық іс-шаралар бекітілген жоспар мен қауіпсіздік талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.

Сондай-ақ ведомство ұшудың қалыпты режимде өткенін және қала тұрғындарына ешқандай қауіп төндірмегенін атап өтті.

Осыған байланысты қорғаныс министрлігі азаматтарды әлеуметтік желілерде таралған расталмаған ақпаратқа сенбеуге және тек мемлекеттік органдардың ресми мәліметтеріне сүйенуге шақырды.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде Атырау қаласының әртүрлі аудандарының үстімен ұшып өткен әскери ұшақтың видеосы кеңінен тараған. Кадрлар тұрғындар арасында қызу талқыланып, оның ұшу себебіне қатысты түрлі болжамдар айтылған еді.

Пікірлер