Forbes-ке енген қазақстандық кәсіпкер ұсталды

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/SJLx2aLoHXMPblkTBpi1InxDFS2G2fQJI3RTo2pz.jpg

Құрылыс компаниясының басшысы Мөлдір Сүйіншәлі ұсталды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Қаржылық мониторинг агенттігі Астана қаласы бойынша департаменті аса ірі көлемдегі алаяқтық дерегі бойынша бірнеше құрылыс компаниясының басшысы Мөлдір Сүйіншәліге қатысты тергеу жүргізіп жатыр.

Агенттік мәліметінше, 2021–2024 жылдар аралығында күдікті Nura Elite коттедж қалашығын салу сылтауымен азаматтардан қаражат тартқан. Жоба бойынша 37 коттедж және 24 таунхаус салу жоспарланғанымен, таунхаустар толық аяқталмаған, тек қаңқалары ғана тұр. Құрылыс жұмыстарын 2023 жылдың төртінші тоқсанына дейін аяқтау жөніндегі міндеттемелер орындалмаған.

Тергеу деректеріне сәйкес, сатып алушылармен алдын ала сатып алу-сату шарттары жасалған. Нәтижесінде 56 адам жәбірленуші деп танылып, келтірілген шығын көлемі 3,9 млрд теңгені құраған. Оның ішінде 322 млн теңге күдіктінің, сондай-ақ оның жұбайы мен анасының есепшоттарына аударылған, ал 145 млн теңге қолма-қол ақшаға айналдырылған.

Сонымен қатар, бір жылжымайтын мүлікті бірнеше рет сату фактілері де анықталған.

Қазіргі уақытта іс бойынша тергеу амалдары жалғасуда.

Ашық дереккөздерге сүйенсек, Мөлдір Сүйіншәлі MM Group компаниясының негізін қалаушы болып табылады. 2021 жылы ол жас кәсіпкер ретінде Forbes Kazakhstan журналының “30 жасқа дейінгі 30” рейтингіне енген. Ол кезде жасы 26-да болған.

Пікірлер