Жетісуда шаруашылықтар егістікке жаңа агротехнологияларды енгізуде

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/XVNzZXr9dILMQ59QCu3Lwiy5dOMrzNvqtzFmb9PE.jpg

Фото: Дмитрий Ерофеев

Бүгін облыс әкімі Бейбіт Исабаев Көксу ауданына жұмыс сапарымен барып, көктемгі егіс жұмыстарының барысын көрді. Сол сияқты жаңа агротехнологияны пайдалану арқылы өңірдегі өнімділікті көтеру шараларымен танысты, деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Лабасы ауылдық округінде орналасқан «Мырзахан» шаруа қожалығында 85 га жерге дәндік жүгері егілуде. Аталмыш шаруашылық 4 жылдан бері «Global Agro» компаниясы» ЖШС-мен бірлесіп жұмыс істеп келеді. Серіктестіктің агрономдарымен кеңесе отырып, компанияның тұқымын, минералды тыңайтқыштарын қолданып, жақсы өнімділікке қол жеткізіп жүр. Осы шаруашылықтың мысалында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәулет Кененбаев дәндік жүгері егу бойынша өңірде атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап берді.

- Жалпы облыс бойынша биыл дәндік жүгеріні басымдық беретін дақыл ретінде былтырғыдан 5 мың гектарға артық сепкелі отырмыз. Өйткені бұл өнімге өңдеу зауыттары мен құс фабрикалары тарапынан сұраныс бар. Оның үстіне бұл жүгері дақылының өнімділігін көтеру үшін бірнеше компаниямен жұмыс істеп, түрлі агротехнология қолданып жатырмыз. Соның ішінде «Мырзахан» шаруа қожалығы «Global Agro» компаниясының жаңа тұқымы мен жаңа агротехнологиясын пайдалану арқылы былтыр гектарына 140 центнерден өнім алды, бұл - облыс көлемінде рекордтық көреткіш. Биыл 10 гектарға қытайлық тұқымды эксперимент ретінде сепкелі отыр. Бұл тұқымның ерекшелігі - ауа райының түрлі қиындықтарына төзімділігі жақсы және потенциалы 15 тонна. Өзінің минералдық тыңайтқыштар қоспасы бар. Бұл оның бастапқы фазасында дәндік жүгері тамырының қалыптасуына, бойының өсуіне үлкен ықпалын тигізеді, - деді Нұрдәулет Кененбаев.

Атап өтсек, «Мырзахан» шаруа қожалығында 25 адам жұмыс істейді. Шаурашылықтың 97 гектар жерінің 85,5 гектарына дәндік жүгері, 11,5 га жерге мал азығы дақылдары өсіріледі. Биыл да жүгеріден өткен жылғыдан кем емес – шамамен 120-140 цн/га өнім жинауды жоспарлап отыр.

Алқаптағы жұмыс барысын көрген облыс басшысы Бейбіт Исабаев көктемнің әрбір күнін тиімді пайдаланып, егіс науқанын уақытылы, сапалы жүргізуді, сол сияқты заманауи агротехнологиялардың мүмкіндіктерін қолдану тиімділігін шаруашылықтарға кеңінен таратуды тапсырды.

Еске салсақ, осы жылы жалпы егіс көлемі 511,8 мың гектарды құрамақ. Соның ішінде бүгінге дейін масақты дәнді дақылдар 115,4 мың гектарға, дәндік жүгері 8,6 мың гектарға, майлы дақылдар 29,5 мың гектарға, картоп 1,1 мың гектарға, қант қызылшасы 7,8 мың гектарға, көкөніс 657 гектарға, бақша дақылдары 129 гектарға, мал азықтық дақылдар 23,9 мың гектарға себілді.

Сонымен қатар көктемгі дала жұмыстарына минералдық тыңайтқыштар, арзандатылған дизель отыны, сондай-ақ «Кең дала» бағдарламасы бойынша несиелер  берілуде. Оған қоса «ҚазАгроҚаржы» филиалы арқылы  184 техника сатып алынды.

   

 

Пікірлер