Иранда тұратын қазақ диаспорасы жергілікті қоғамға толық интеграцияланған және Қазақстанға көшу мәселесін көтерген жоқ. Бұл туралы Иранның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Әли Акбар Джоукар баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды “Адырна”.
Елшінің айтуынша, Ирандағы қазақ диаспорасының өкілдері өздерін иран қоғамының бір бөлігі ретінде санайды және ел тарихындағы күрделі кезеңдерді басқа азаматтармен бірге өткерген.
“Иранда тұратын қазақ диаспорасы иран қоғамына толық сіңісіп кеткен және өздерін ел азаматтарынан бөлек қарастырмайды. Тіпті қиын кезеңдерде, шамамен 40 жыл бұрын Саддам Хусейн режимінің агрессиясы кезінде де қазақ диаспорасы ирандықтармен бірге болып, өз елін қорғады. Сондықтан осы уақытқа дейін ирандықтардың, оның ішінде қазақ диаспорасының Қазақстанға көшу туралы өтініш жасаған жағдайлары болған жоқ”, - деді ол.
Әли Акбар азаматтардың өтініштері негізінен тұрмыстық сипатта болып келетінін және екі ел азаматтарының өзара қатынастарына байланысты мәселелерге қатысты екенін айтты.
“Көбіне күнделікті мәселелер бойынша ғана жүгіну жағдайлары болады. Мысалы, Қазақстан азаматтары белгілі бір шаруамен Иранға барғысы келеді немесе Иран азаматтары Қазақстанға келеді. Бұл қалыпты жағдай. Мұндайда Қазақстан мен Иран тараптары қажетті көмек көрсетеді”, - деп түсіндірді ол.
