БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Иранның көрші мемлекеттерге шабуылын дереу тоқтату туралы қарар қабылдады. Бұл шешім 11 наурызда 15 мүше елдің 13 дауысымен қабылданды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы DW сайтына сілтеп.
Кеңес – халықаралық құқық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жауапты негізгі орган.
Қарар мәтінін Парсы шығанағы араб мемлекеттері ынтымақтастығы ұйымының мүшелері (Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы, Кувейт, Оман, Қатар, Бахрейн) және Иордания ұсынды. Құжатта Иранның бұл мемлекеттерге шабуылы халықаралық құқықты бұзу деп көрсетіліп, «жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікке ауыр қауіп» ретінде бағаланды. Алайда құжатта АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери әрекеттері туралы ештеңе айтылмаған.
Қарарда Иранның Ормуз бұғазындағы халықаралық кеме қатынасын бөгеуге, кедергі жасауға немесе бұзуға бағытталған әрекеттері мен қауіптері де айыпталды. Ормуз бұғазы – Таяу Шығыстан мұнай экспорты үшін маңызды көлік артериясы, ал Иран АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғыс басталғаннан бері бұған кедергі жасап отыр.
Қарарға екі тұрақты мүше – Ресей мен Қытай дауыс беруден бас тартты. Ресейдің БҰҰ-дегі өкілі Василий Небензя құжатты «біржақты және алдын ала шешім қабылданған» деп сипаттап, оның аймаққа бейбітшілік әкелуге қабілетсіз екенін айтты.
Небензяның айтуынша, Ресей құжат мәтінін Иранға қарсы соққыны айыптау арқылы толықтыруды ұсынған, сондай-ақ Ресей өз қарарын енгізуге тырысқан, бірақ АҚШ оған вето қойған.
Иран тарапынан да Парсы шығанағы елдерінің қарарын сынға алды. Ел өкілі Амир Саид Иравани бұл шешімді «БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мандатын АҚШ пен Израильдің саяси мақсаттары үшін пайдалану» деп атады. Иран өзін «агрессия құрбаны» деп жариялады.
28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға қарсы әскери операция бастай отырып, ауқымды авиациялық соққылар жасады. Нәтижесінде Ислам Республикасының жоғарғы лидері, аятолла Әли Хаменеи және басқа да Иран басшылары қаза тапты.
Осыған жауап ретінде Иран Израиль мен Парсы шығанағы елдеріне соққылар жасауда. Соңғы шабуылдар кезінде бейбіт нысандарға снарядтар мен БПЛА соққылары түскені бірнеше рет тіркелді.
Иран президенті Масуд Пезешкиан көрші мемлекеттерден кешірім сұрап, шабуылдардың Иран әскери жетекшілігі жоқ жағдайда жасалғанын мәлімдеді. Иранның Ислам революциясы корпусына қарасты әскерилер АҚШ-тың кез келген әскери базаларына шабуыл жасауды жалғастыратынын айтты.
АҚШ президенті Дональд Трамп Таяу Шығыстағы соғыс «Иран оны тоқтатқысы келгенше» аяқталатынын айтты. Израильдің қорғаныс министрі Исраэль Кац соғыстың «уақыт шектеусіз – қажет болғанша» жалғасатынын атап өтті. Ал Иран соғысты аяқтау шарттарын өз елі белгілейтінін мәлімдеді.
