Фото: Anadolu
ХАМАС пен Израиль арасында атысты тоқтату жөнінде келісім жасалғанына қарамастан, Газа секторында балалар шабуылдар мен суықтың салдарынан қаза табуын тоқтатпаған. Бұл туралы анклавқа жұмыс сапарымен барған БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) өкілі Джеймс Элдер «Анадолу» агенттігіне мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна".
Оның айтуынша, Газаға ауыр күн туған.
«Сыртта дауылды жел соғып тұр. Палаткалар құлап жатыр. Қатты жаңбыр жауып, балалар малмандай су болып жүр, жылыну мүмкін емес. Біз осындай жағдайда екі жарым жылдан бері өмір сүріп келеміз. Бұл – тамақтану мәселесі бар, иммундық жүйесі әлсіреген отбасылар туралы сөз», – деді ұйым өкілі.
Элдердің айтуынша, атысты тоқтату күшіне енгеннен кейін белгілі бір ілгерілеу байқалған. Газаның солтүстігінде ЮНИСЕФ-тің білім беру орталығы ашылып, анклавтың түрлі аймақтарында медициналық орталықтар іске қосылған.
Ол мұның жақсы белгі екенін, алайда жеткіліксіз екенін атап өтті.
«Екі жарым жыл бойы Газада болған жағдайдан кейін қаржыландыру жеткіліксіз. Израиль билігі әлі де негізгі дәрі-дәрмектер мен отбасыларға тамақ пісіруге арналған газ жеткізілімін бөгеп отыр, ал балалар қаза табуын тоқтатпайды. Атысты тоқтату жарияланғаннан бері 100 қыз бен ұл бала көз жұмды. Яғни атысты тоқтату кезінде орта есеппен күніне бір қыз немесе бір ұл бала өледі. Демек, атқарылатын жұмыс өте көп. Егер атысты тоқтату шарттары қатаң сақталса, көптеген қажетті қадамды жасау қиын емес», – деді ЮНИСЕФ өкілі.
Элдер Газада гуманитарлық көмектің жеткіліксіз түсіп жатқанын айтып, анклавтағы отбасылар әлі де көптеген қиындық көріп отырғанын жеткізді.
«Бізге ең сапалы палаткалар қажет. Бұл отбасылардың үйлері болған. Төрт қабырғалы, ыстық суы бар үйлері бар еді. Егер атысты тоқтату кезінде баланың күні қалай басталуы керек екенін ойласақ, ол ең алдымен қауіпсіз жерде ұйықтауы тиіс. Жылы жерде ұйықтауы керек. Оянып, ыстық сусын ішіп, аздап тамақтанып, мектепке баруы қажет. Ал қазір балалар осы бес қажеттіліктің бір-екеуін ғана алып отыр», – деді ол.
ЮНИСЕФ өкілі палестиналықтардың су жүйесі мен кәріз нысандарын қалпына келтіруге күш салып жатқанын, көптеген нысан қайта салынып жатқанын айтты.
«Біз бұрын-соңды болмаған қирауға тап болып отырмыз. Физикалық және психологиялық зияннан бөлек, ауруханалар, мектептер және үйлер қирады. Сондықтан әлдеқайда көп жұмыс атқару қажет. Бұл ең алдымен гуманитарлық көмектің шектеусіз көлемде жеткізілуінен басталуы тиіс», – деді Элдер.
Оның сөзінше, ЮНИСЕФ шамамен 150 мың баланың мектепке оралуына жағдай жасаған. Дегенмен әр бес баланың біреуі ғана мектепке бара алады.
Элдер Газа секторы өте суық екенін айтты.
«Адамдар мұндағы ауа райының қаншалық суық екенін ұмытып кететін сияқты. Шын мәнінде мұнда өте суық әрі желді, жағалауда орналасқандықтан ылғалды болады. Бүгін күні бойы желдің жылдамдығы сағатына 30-40 шақырымға жетті. Қатты жаңбыр жауды, сүйекке өтетін ызғар бар. Қалай жылынады? Балалар қалай жылынады? Естеріңізге салайын, Газа тұрғындары екі жыл бойы қолдан жасалған аштықты және әдейі азық-түлік тапшылығын бастан өткерді. Олардың иммундық жүйесі өте әлсіреген», – деді ол.
ЮНИСЕФ өкілі Газада жеті баланың гипотермиядан қайтыс болғанын еске салды.
«Соңғы бір аптада біз тағы да көп баладан айырылдық. Бұл жағдай екі жарым жыл бойы, әсіресе қыстың қақаған уақытында, палаткада өмір сүрудің қаншалық ауыр екенін көрсетеді», – деді Элдер.
Ол Израильдің Газада кейбір үкіметтік емес ұйымдардың қызметіне тыйым салу шешімінің салдары шамамен бір айдан кейін қатты сезілетінін айтып, бұл онсыз да ауыр жағдайды одан әрі ушықтыруы мүмкін екенін жеткізді.
Элдердің айтуынша, «Шекарасыз дәрігерлер» (MSF) секілді халықаралық ұйымдар ЮНИСЕФ үшін аса маңызды әріптес саналады және жергілікті жерде үлкен жұмыс атқарып жүр. MSF ұйымы госпитальдық шатырлар орнатумен қатар, палестиналықтарға медициналық және психологиялық көмек көрсетеді.
ЮНИСЕФ өкілі ұйым Израиль билігімен гуманитарлық көмекті көбейту мақсатында келіссөз жүргізіп жатқанын хабарлады.
Оның мәлімдеуінше, атысты тоқтату күшіне енгеннен кейін ЮНИСЕФ Газаны өңірге арналған гуманитарлық жүктің 75 пайызымен қамтамасыз еткен, алайда қажеттілік әлі де жоғары күйінде қалып отыр.
«Біз негізгі дәрі-дәрмектер мен тамақ пісіруге арналған газдың жетіспейтінін білеміз. Осы өмірлік маңызды материалдарды кіргізуге рұқсат алу үшін билікпен аптасына екі-үш рет кездесулер өткізіп отырмыз», – деп түйіндеді Элдер.