Алматыда арзан тарифпен әуе билеттерін рәсімдегенін мәлімдеген Air Astana әуе компаниясының экс-қызметкерлеріне қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Алматы қалалық сотының мәліметінше, қылмыстық іс Алмалы аудандық сотында қаралған. Сот Е., И. және А. есімді бұрынғы қызметкерлерді сеніп тапсырылған ақшаны иемдену және ұрлау, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру баптары бойынша кінәлі деп таныды.
Сотта анықталғандай, 2019–2024 жылдар аралығында Е. мен И. менеджер ретінде, ал А. департамент директоры ретінде қызмет атқарып, әуе компаниясының қаржысын иемденген. Ұрланған қаражатқа жылжымалы және жылжымайтын мүлік сатып алынған.
Сотталушылар өз кінәсін мойындамаған. Прокурор мен жәбірленуші тарап бас бостандығынан айыру жазасын сұраған.
Сот үкімімен И. және А. 8 жылға, ал Е. 9 жылға бас бостандығынан айырылып, мүліктері тәркіленді.
Жаза тағайындау кезінде сот қылмыстың алғаш рет жасалғанын және сотталушылардың әрқайсысының екі кәмелетке толмаған баласы барын ескерген. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.