Баласының еміне "жылу" жинаған. Қаржыны жеке қажетіне жұмсағандар сотталды

288
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/UxRj6IbaPUCwpx9uOli6GuE55bVF35cmni5frMqZ.jpg

Бүгін, 9 қаңтарда Астананың қылмыстық істер бойынша ауданаралық сотында ерлі-зайыпты Дәулет пен Толқын Тотақанованың ісі бойынша сот үкімі жарияланды. Олар баласының еміне жиналған қаражатты ұрлады деп айыпталған, деп хабарлайды "Адырна".

Сот төрағасы Қанат Тобағалиұлы Толқын мен Дәулет Тотақановты Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің екі бабымен кінәлі деп таныды:

  • 190-бап, 4-бөлім, 2-тармақ ("Алаяқтық");
  • 218-бап, 2-бөлім, 1-тармақ ("Қылмыстық жолмен алынған ақша мен (немесе) мүлікті заңдастыру (тазалау)").

"ҚР ҚК 58-бабының 3-бөліміне сәйкес, қылмыстардың жиынтығы бойынша жазаларды қосу арқылы Толқын Тотақановаға 7 жыл бас бостандығынан айыру, қаражат жинаумен байланысты қайырымдылық қызметімен айналысу құқығынан 10 жылға айыру және мүлкін тәркілеу жазасы тағайындалсын. ҚР ҚК 74-бабының 1-бөліміне сәйкес, жаза 2 жылға кейінге қалдырылсын", – деді сот төрағасы.

Дәулет Тотақановқа да 7 жыл бас бостандығынан айыру, қаражат жинаумен байланысты қайырымдылық қызметімен айналысу құқығынан 10 жылға айыру және мүлкін тәркілеу жазасы тағайындалды.

Бұған дейін жұбайлар үйқамақта болған. Даулет Тотақанов сот залында қамауға алынды.

Тотақановтар сот барысында өздерін фото-видеоға түсіруге қарсы болды. Алайда сот үкімінен кейін Толқын Тотақанова үкімге келіспейтінін, шағым түсіретінін айтты.

«Кінәміз жоқ екенін дәлелдедік. Бізде миллиард ақша жоқ. 30 миллион теңге қарыз алып, 700 миллион теңге қылып қайтардық. Бес жыл бойы үстіндегі пайызын төлеп келдік. Олардың үстінен шағымдандық, ол істе біз жәбірленушіміз», – дейді Толқын Тотақанова.

Тергеу дерегінше, 2020-2024 жылдары Тотақановтар Instagram желісінде ұлына қойылған диагноз туралы айтып, баланың еміне ақша жинаған. Әлеуметтік желіде эмоцияға толы видео жариялап, әрі қарай таратып отырған. Нәтижесінде ерлі-зайыпты 1,3 млрд теңге жинаған, алайда баланың еміне небәрі 6,4-6,5 млн теңге жұмсаған.

Қалған ақша Астанадан үш пәтер, жер телімін, бес автокөлік сатып алуға, бренд киім-кешекке, шетелге шығуға және букмекерлік кеңселердегі ставкаларға жұмсалған. Қаражаттың бір бөлігі (481 млн теңгеден астамы) әлеуметтік желідегі парақшаны ілгерілетуге бағытталған

Пікірлер