Дүниежүзілік көшпенділер ойындары. Қырғызстан Қазақстанның жеңісін мойындады

383
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/hmvtg154VLjz1guBxrP36vs9qVHF1JwW3o0uiWSL.jpg

Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы Асқат Алагөзов қайта есептеу нәтижесінде VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы медальдар есебінде Қазақстан бірінші орын алғанын мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Айтуынша, Көшпенділер ойындары жоғары деңгейде өтіп, үлкен спорттық мерекемен қорытындыланған.

Алагөзов спорттық бәсекелестіктің тек жарыс алаңында қалғанын, ал екі елдің жанкүйерлері арасында ешқандай түсініспеушілік болмағанын атап өтті.

Ол медальдар есебіне қатысты жағдайға да түсініктеме берді. Оның айтуынша, жалғыз техникалық айырмашылық медальдарды есептеу кезінде болған.

Бүгін ұйымдастыру комитеті Қазақстанның үш спортшысының әрқайсысы жеңіп алған медальдарды жеке есепке алу туралы шешім қабылдаған. Қайта есептеу нәтижесінде жалпы командалық есепте бірінші орынды Қазақстан иеленген.

«Қазақ бауырларымызды жеңісімен құттықтаймыз», — деді президенттің баспасөз хатшысы.

Ол Қырғызстан спортшыларының да лайықты өнер көрсетіп, өздерінің күші мен шеберлігін танытқанын айтты.

Алагөзовтің нақтылауынша, медальдар есебі — жарыстың бір ғана құрамдас бөлігі. Ол Ойындардың басты нәтижесі жарыстардың өзара құрмет пен адал бәсекелестік жағдайында өтуі, сондай-ақ қырғыз және қазақ халықтарының бірлігін көрсетуі болғанын атап өтті.

Еске салайық, VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Қырғызстанда 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында өткен еді.

Бұған дейін Қырғызстан тарапы жарыстарда ресми медальдық және жалпыкомандалық есеп жүргізілмейтінін мәлімдеген.

Comments