Каспийдегі шабуыл. Иран Украинаны қатаң айыптады

162
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/xr2fdTdrnwqipxFlYuf90nhLPkyv41gZRMlQ8SBC.jpg

фото: psm7.com

Иран Украина қарулы күштерін Каспий теңізіндегі ирандық сауда кемесіне шабуыл жасады деп айыптады. Тегеранның мәліметінше, оқиға салдарынан кеме экипажының бір мүшесі қаза тауып, тағы бір адам жараланған, деп хабарлайды "Адырна".

Азаттық радиосының хабарлауынша, Иран Сыртқы істер министрлігі таратқан мәлімдемеде бұл әрекет Украина тарапынан Иранға қарсы бағытталған кезекті дұшпандық қадам ретінде бағаланды.

«Украина режимінің Каспий теңізінде ирандық сауда кемесіне шабуылдауы – мұны режимнің басшысы да тікелей мойындады – Украина режимінің Иран Ислам Республикасына қатысты жалғасып келе жатқан қисынсыз әрі дұшпандық көзқарасына дәлел», – делінген ведомство хабарламасында.

Бұл мәлімдеме Украина президенті Владимир Зеленскийдің 25 шілдеде жасаған мәлімдемесінен кейін жарияланды. Мемлекет басшысы украиналық күштердің Ресейдің Ростов облысындағы жанармай қоймасына соққы бергенін, сондай-ақ Каспий теңізінде әскери мақсаттағы нысандарға қарсы операция жүргізгенін хабарлаған.

Зеленскийдің айтуынша, шабуыл барысында Ираннан әскери жүк тасымалдап келе жатқан кемелер мен әскери кеме нысанаға алынған.

«Каспий теңізінде ұзақ қашықтықтан жасалған соққылардың нәтижесі өте жақсы болды. Атап айтқанда, Ираннан әскери жүк жеткізген кемелер мен әскери кемеге соққы жасалды», – деген еді Украина президенті.

Осы оқиғадан кейін халықаралық ақпарат құралдары АҚШ әкімшілігінің ұстанымы туралы да мәлімет таратты. The Wall Street Journal басылымының жазуынша, америкалық Chevron корпорациясының басшылығы Ақ үйге Ресейге тиесілі емес мұнай тасымалдаушы кемелерге жасалатын шабуылдардың энергетикалық қауіпсіздікке әсері жөнінде алаңдаушылық білдірген. Осыған байланысты АҚШ Украинаға мұндай кемелерге соққы жасамау қажеттігін ескерткен.

Бұл мәселенің Қазақстан үшін де маңызы бар. Chevron компаниясы «ҚазМұнайГаз», ExxonMobil және Lukoil компанияларымен бірге Қазақстандағы ірі Теңіз кен орнын игеруге қатысады. Кеніштен өндірілетін мұнайдың басым бөлігі Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы әлемдік нарыққа экспортталады. Сонымен қатар, Chevron консорциумның өзінде де 15 пайыздық үлеске ие.

Еске салсақ, бұған дейін Украина дрондары Каспий құбыр консорциумының инфрақұрылымы мен мұнай тасымалдауға қатысқан кемелерге шабуыл жасаған болатын. Сарапшылар мұндай оқиғалар өңірдегі энергетикалық қауіпсіздікке ғана емес, халықаралық мұнай жеткізу тізбегінің тұрақтылығына да әсер етуі мүмкін екенін айтып отыр.

Comments
Other materials