Фото: Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі
Бүгін, 13 шілдеде Байқоңыр ғарыш айлағында Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев АҚШ-тың Ұлттық аэронавтика және ғарыш кеңістігін зерттеу басқармасының (NASA) басшысы Джаред Айзекпанмен кездесті, деп хабарлайды “Адырна”.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен АҚШ арасындағы ғарыш саласы бойынша әріптестікті одан әрі нығайту мәселелерін талқылады. Әңгіме өзегінде ғарыш ғылымы, астрофизика, спутниктік технологиялар және Жерді қашықтықтан зондтау бағыттары бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері болды.
Сонымен қатар, ғылыми ұйымдар мен жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты кеңейту, білікті кадрлар даярлау және ғарыш индустриясындағы коммерциялық серіктестікті дамыту перспективалары қарастырылды.
Жаслан Мәдиевтің айтуынша, NASA-мен әріптестікті дамыту Қазақстанның ғылыми-технологиялық әлеуетін арттыру үшін маңызды стратегиялық қадам саналады.
“Қазақстан NASA-мен ұзақ мерзімді әрі нақты нәтижеге бағытталған ынтымақтастықты дамытуға мүдделі. Бұл бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуді, озық технологияларды енгізуді және жаңа буын мамандарын даярлауды қамтиды,” – деді министр.
Кездесу қорытындысында тараптар диалогты жалғастыруға ниетті екендерін білдіріп, салалық мамандарға болашақтағы бірлескен жобалардың нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеуді тапсырды.
The construction of the National Sports University will be entrusted to a company from Switzerland for 127 billions tenge
