Жас қыздың жұмбақ өлімі. Туыстары тергеуге күмән келтіреді

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/W9B8q2FuADBUElQWv0YPwgLpyHMqOH8edGM8GPdP.jpg

Ақтау қаласында 24 жастағы Маржан есімді қыз өз пәтерінде асылған күйде табылды. Полиция бұл оқиғаны суицид ретінде тіркеп, істі жапқан, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Lada.kz-ке сілтеп.

Алайда марқұмның ата-анасы бұл нұсқамен келіспей, күйеу баласын күдікті деп санап отыр.

БАҚ мәліметінше, Маржан медициналық колледжде оқып, стоматолог мамандығын меңгеріп жүрген. Оның болашаққа жоспарлары көп болған: оқуын аяқтау, жұмысқа орналасу, кәсіби біліктілігін арттыру және жүргізуші куәлігін алу.

Марқұмның анасының айтуынша, қыз өткен жылы тұрмысқа шыққаннан кейін отбасында жиі жанжал туындаған. Күйеуі материалдық қолдау көрсетпеген, ал енесі келінін ауылға көшуге мәжбүрлеген. Соған қарамастан, Маржан оқуын жалғастырып, қосымша жұмыс істеген.

Қайғылы оқиға алдында күмән тудыратын жағдай байқалмаған. 31 желтоқсанда Маржан анасымен кездесіп, болашақ жоспарларын талқылаған. Алайда келесі күні оның қайтыс болғаны туралы хабар жеткен.

Алғашында іс «өзін-өзі өлтіруге жеткізу» бабы бойынша қозғалғанымен, кейін тоқтатылған. Марқұмның туыстары тергеу толық әрі объективті жүргізілмегенін алға тартады. Олардың сөзінше, психоэмоционалдық жағдай жан-жақты зерттелмеген, кейбір тергеу әрекеттері кеш жүргізілген және барлық нұсқалар толық қаралмаған.

Comments