Допинг дауы. Жәнібек Әлімханұлы жекпе-жектерден уақытша шеттетілді

109
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/GOSXj2HVxamnu1Qviy6nbP3h6obwQwjX64oh9biQ.jpg

Қазақстандық боксшы, әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы допингке қатысты іс қаралу кезеңінде барлық жекпе-жектерден уақытша шеттетілді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Бұл туралы Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының президенті Рахымжан Ерденбеков мәлімдеді.

Федерация басшысының айтуынша, АҚШ-тағы VADA ұйымынан спортшыға қатысты 34 беттен тұратын қорытынды сараптама алынған. Онда «В» допинг-сынама нәтижесі расталып, боксшы ағзасында тыйым салынған заттың бар екені анықталған.

"Қазіргі таңда Жәнібек Әлімханұлына қатысты юрисдикцияны ҚКБФ өз мойнына алды. Себебі ол — біздің федерацияның лицензияланған боксшысы, ал оның қатысуымен өткен соңғы жекпе-жек кеші Астанада, федерацияның санкциясымен ұйымдастырылған. Ендігі басты мәселе — бұл затты ол саналы түрде қабылдады ма, әлде ағзаға басқа жолмен түсті ме", — деді Рахымжан Ерденбеков.

ҚКБФ президенті 19 қаңтарда өткен тыңдаулардың егжей-тегжейін де бөлісті. Оның сөзінше, іс тәуелсіз сарапшылардың және ҚР Туризм және спорт министрлігі өкілдерінің қатысуымен қаралып жатыр. Тыңдаулар халықаралық спорттық құқық талаптарына сай, спортшының кінәсіздік презумпциясы сақтала отырып жүргізілуде.

"Жәнібекке көптеген сұрақ қойылды. Сәуір айынан бергі өмір жолы, анықталған заттарға дейінгі барлық кезең толық қаралды. Қазіргі таңда жария етілмейтін жаңа деректер бар. Тыңдаулар 23 қаңтарда жалғасады", — деді федерация басшысы.

Ерденбековтің айтуынша, істі қарау аяқталғаннан кейін барлық материалдар WBO, IBF және өзге де халықаралық ұйымдарға жолданады. Титулдарынан айыру немесе айырмау жөніндегі шешімді сол ұйымдар қабылдайды. Ал әзірге тыңдаулар аяқталғанға дейін Жәнібек Әлімханұлы жекпе-жектерге қатыспайды.

Comments