"Зорлық құрбаны". Айзат Жұманованың өліміне қатысты іс бойынша алдын ала сот тыңдауы басталды

319
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/HgTphMJNNUA54Gs46cgFebFYlDqbBX93Fm4lmuvl.webp

27 қараша күні Талдықорған қаласында 32 жастағы Айзат Жұманованың өліміне қатысты істің алдын ала сот тыңдауы басталды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

 Іс бойынша басты күдікті – марқұмның күйеуі Айбар Жанболат.

Прокурордың айтуынша, оқиға 2025 жылдың маусым айында басталған. Айбар Жанболат үйге келгенде әйелінің біреумен сөйлесіп тұрғанын көріп, ашуға булыққан. Ол Айзаттың телефонын сындырған, оған жауап ретінде әйел де күйеуінің телефонын зақымдаған. Осы оқиғадан кейін екеуі 10–15 күн бойы телефонсыз жүріп, бір-бірімен сөйлеспеген.

Кейін күйеуі бірнеше күнге тауға кеткен, бірақ оралған соң жағдай қайта қайталанған. Прокурордың айтуынша, 22 маусым күні сағат 12 шамасында мас күйдегі Айбар Жанболат әйелін қақпа сыртына шығарып, қолы мен аяғымен денесінің әртүрлі бөлігіне бірнеше рет соққы жасаған. Сол сәтте Айзат айқайлап, тоқтауын сұрағанымен, күдікті соққыны жалғастырған.

Айзат ес-түссіз қалған соң ғана күйеуі жедел жәрдем шақырған. Әйелді Талдықорған облыстық ауруханасына жеткізгенімен, ол жансақтау бөлімінде көз жұмған.

Қайғылы оқиға Жетісу облысының Ақсу ауданына қарасты Баласаз ауылында болған. Туыстары бұл жағдайды «қорқынышты, адам шошырлық» деп бағалап, әйелдің өліміне күйеуі толықтай кінәлі екенін айтты.

Comments