Құлыбаевтың AUYL SPORT жобасы: ауылдағы балалар спортының жаңа моделі

6315
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/0tck93SoIT9KGUG5E68I61ZaTrkrT7zQDaOOk0Sj.jpg

Шалғайдағы ауыл мектебінің тар залдарынан басталған талай бала арманы биыл Алматыда өзгеше тыныс алды. Биылғы AUYL SPORT жобасының финалдық кезеңі Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында салтанатты түрде ашылып, мыңдаған ауыл жастарының үмітін арқалаған дода – жай ғана спорт жарысы емес, ауыл баласының болашағын өзгерте алатын үлкен мүмкіндік екенін анық аңғартты. "Адырна" тілшісі ауыл балаларының арманының орындалуына сеп болған жобаның кезекті мәресін көзбен көріп қайтты.

AUYL SPORT - ауыл арманын үлкен аренаға шығарған жоба

AUYL SPORT – екі жыл қатарынан ауыл жастарына есік ашып, елдің түкпір-түкпіріндегі таланттарды бір алаңға жинаған ұлттық жоба. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында бұқаралық спортты дамытуға ерекше назар аударып, ауылдағы спорт инфрақұрылымын қолдауды басым бағыт ретінде атап өтті.

Бұл бастаманы әрдайым қолдап келе жатқан Тимур Құлыбаев жетекшілік ететін Halyk қоры жобаға екінші жыл қатарынан демеушілік жасап, ауыл таланттарын қолдауды жүйелі түрде жалғастырып келеді.

Биыл турнир жыл басынан бері 17 облысты, 300-ден аса ауылды қамтып, 10 мыңнан астам жасөспірімнің арасынан 1700 жүйрік іріктеліп, 3–6 қарашада Алматыдағы үлкен финалға жолдама алды.

Балуан Шолақтағы ерекше атмосфера: ауыл балалары қызыл кілемде

Финалдың ашылу салтанаты – бөлек әңгіме.

Алматы төріндегі Балуан Шолақ атындағы спорт сарайына кірген сәттен-ақ жобаның ауқымын сезінесің: кәсіби сахна, жарық, дыбыс, ұйымдастыру - халықаралық деңгейден кем емес.

Ашылу рәсімі ауыл спортшыларының қызыл кілеммен жүріп өтуінен басталды. Әр аймақтың ауыл балалары тікелей эфирде өз облысының намысын қорғап, сахнадан салтанатты түрде өтті. Бұл - тек көрініс емес, ауылдың қара домалақ балалары үшін үлкен арманға алғашқы қадам.

Кәсіби жүргізушілердің сөзі, кәсіби бишілердің қойылымы, балалардың толқынысы бәрі қосылып, ұлттық деңгейдегі үлкен спорт мерекесіне айналды.

Сахнада Оқу-ағарту министрлігінің өкілі мен жоба жетекшілері сөз сөйлеп, ауыл спортының ел болашағы үшін маңызын атап өтті.

Жобаның жемісі: мыңдаған баланың еңбегі мен 1700 үздіктің Алматыда тоғысуы

AUYL SPORT биыл тек жарыс емес, ауыл жастарының мүмкіндігін кеңейткен әлеуметтік жобаға айналды.

Финалға қатысқан спортшылар толықтай тегін қамтамасыз етілді:

  • сапалы спорт киімі

  • жатын орын

  • тасымал

  • заманауи жабдықталған алаңдар

  • үздік төрешілердің төрелігі

«Бұл турнир – ауыл балаларының болашағына салынған инвестиция. Финалда тек чемпиондар емес, бүкіл елдің үміті анықталды» – деді Halyk қайырымдылық қорының атқарушы директоры Ғалымбек Жақсылықов. 

Биыл жарысқа тұңғыш рет үстел теннисі енгізіліп, ауыл мектептерінде кәсіби жаттығу жүйесі іске қосылды. Нәтижесінде жаңа чемпиондар айқындалды.

Маңғышлақтан Алматыға: ауылдан шыққан чемпиондар

Финал алаңында спортшылар ғана емес, олардың ата-аналары, жаттықтырушылары да ерекше толқыныста болды.

Наурызбек Нұрсұлтанұлы, жаттықтырушы:

«Маңғыстау облысы, Маңғышлақ ауданынан каратэ спорты бойынша келдік. Былтыр да қатысқанбыз, төрт баламыз чемпион болды – Ғанібек Қайратұлы, Айдар Нұрәли, Захар Онищенко және Мәдениет Мәджан. Биыл екінші жыл қатысып отырмыз. Мәди Бақтыбай өз бағын сынайды. Оның жеңетініне сенемін. Ауыл спорт жобасы – ауыл баласына есік ашатын керемет мүмкіндік. Барлық жағдайымызды жасап, ауыл балаларының үлкен белестерден көрінуіне жол ашып жатқан аталмыш жобаға алғысымыз шексіз", деді жаттықтырушы.

Ал өз кезегінде жобаның финалдық бәсекесінен бір-ақ шыққан каратэден Орта Азия чемпионы Мәди Бақтыбай қысқа да нұсқа тілегін айтты:

«Дайындығымыз керемет. Барлығына сәттілік, өзімізге жеңіс тілеймін».

Жеңімпаздар жолы: ауылдан әлемге

Жеңімпаз атанған балалар ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Бірақ бұл – олардың жолындағы алғашқы белес қана.

AUYL SPORT жобасының арқасында талай ауыл баласы халықаралық ареналарға жол ашты.

Былтырғы маусым жеңімпаздарының 12-сі Қазақстан құрамасына қабылданып, Сербияда өткен ISF U-15 Гимназиадасына барып қайтты. Олар елге 11 медаль алып келіп, оның төртеуін ауыл спортшылары жеңіп алды.

Бұл – ауылдағы таланттың мүмкіндігі шексіз екенін дәлелдеген оқиға болды.

Ерекше оқиға: арманға адалдықтың үлгісі

Жарыстардың бірінде ауыл баласы Махмет Жасұлан әжесіне Олимпиада чемпионы атанса, Меккеге апаратынын айтқан еді.

Баланың осы арманы туралы естіген жоба қамқоршылары – Тимур Құлыбаев бастаған команда жас спортшының әжесіне Меккеге жолдама сыйлады.

Биылғы AUYL SPORT — тек жарыс емес, ауыл баласының сенімін оятқан үлкен қозғалыс.

Мұнда әр бала чемпион бола алады, әр отбасының үміті жанады, әр ауылдың мүмкіндігі бар. AUYL SPORT – ауылдан басталған арманның үлкен аренаға жолы.

суреттер: Halyk қайырымдылық қорының баспасөзінен

Comments