Ұлт мұрасын жаңғыртқан ғалым

1999
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/R6K1DIFm7soRUiot97cm1unn0F7oiNvKjvYpAQTf.jpg

2025 жылдың 24 маусымында М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты мен «Ғылым ордасы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының ұйымдастыруымен көрнекті ғалым, филология ғылымдарының докторы, академик, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Сейіт Асқарұлы Қасқабасовтың 85 жылдығына арналған «Академик Қасқабасов феномені: Ғылыми мектептер, теориялар және тәжірибелер»  атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті.

Конференция аясында Сейіт Қасқабасовтың ғылымға және ұлт руханиятына сіңірген еңбегі, отандық және әлемдік фольклортанудағы орны, қалыптастырған ғылыми мектебі жан-жақты сараланды. Шараға Сейіт Асқарұлының отбасы, отандық және шетелдік ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, жоғары оқу орындарының, ғылыми-зерттеу институттарының профессор-оқытушылар құрамы, қызметкерлері мен жас ғалымдары қатысты.

Іс-шара академик Сейіт Асқарұлы Қасқабасовтың жарқын рухына арналып, 1 минут үнсіздікпен басталды. Бұл үнсіздік – ұлттық ғылымға өлшеусіз еңбек сіңірген тұлғаның ұлт руханиятындағы биік орнына деген терең тағзымның белгісі болды.

Жиынды М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры, академик, филология ғылымдарының докторы Кенжехан Матыжанов жүргізді. Кенжехан Ісләмжанұлы кіріспе сөзінде Сейіт Асқарұлының ғылымдағы дара жолын, әдеби мұраға деген терең көзқарасын, шәкірт тәрбиелеудегі ұстанымын жеткізді. 

Шараның алғашқы бөлімінде ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдының құттықтау хаттары оқылып, табыс етілді. Сонымен қатар бірқатар жоғары оқу орындарының ректорлары, халықаралық ұйымдар басшылары ұйымдастырылып отырған конференция жұмысына сәттілік тілеп, құттықтау хаттарын жолдады. Атап айтқанда:

  • «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры, академик Дихан Қамзабекұлы;

  • Түркі академиясының президенті Шаһин Мәжідұлы Мұстафаев;

  • Ресейлік белгілі жазушы, «Художественная литература» баспасының бас редакторы Георгий Пряхин;

  • Беларусь Жазушылар одағының төрағасы, әдебиеттанушы Алесь Карлюкевич;

  • Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Ерлан Бәтташұлы Сыдықов;

  • Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Болат Анапияұлы Тілеп;

  • әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев;

  • «Ғылым ордасы» ШЖҚ РМК бас директоры Ұлар Оразғалиұлы Мұқажановтан құттықтау хаттары келіп түсті.

Шараға арнайы Астана қаласынан келген ҚР Парламенті Сенатының депутаты, академик Дархан Қыдырәлі ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Сағатханұлы Әшімбаевтың құттықтау хатын табыстап, академик Сейіт Қасқабасовтың қазақ фольклортану ғылымындағы көшбасшы рөлін, ұлттық руханиятты жүйелі зерттеу мен ғылыми мектеп қалыптастырудағы ерекше еңбегін атап өтті. Сондай-ақ Сейіт Асқарұлының ғылыми ізденістері тек Қазақстан көлемінде ғана емес, әлемдік деңгейде бағалануға лайық екенін айтып, бүгінгі конференция сол биік тұлғаға көрсетілген құрметтің жарқын үлгісі екенін жеткізді.

Халықаралық конференцияның пленарлық мәжілісінде ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының докторы Сауытбек Абдрахманов «Парасат императиві» атты баяндамасында ұстазы Сейіт Асқарұлының ғылымдағы биік парасат пен интеллектуалдық талаптарды ұштастыра білген тұлғалық болмысына тоқталды. Келесі сөз алған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтының директоры, профессор Жанғара Дәдебаев «Дара тұлға» атты баяндамасында Сейіт Қасқабасовтың әдебиетке көзқарасы мен көркемдік талғамын, ғылыми адамгершілігін терең пайымдаса, Түркияның Эге университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Метин Екижи (онлайн форматта) «Сейіт Қасқабасовтың түркі дүниесі фольклортануындағы орны» тақырыбында баяндама жасап, ғалым мұрасының түркі әлеміне ортақ рухани құндылық екенін атап өтті. Конференцияға Астана қаласынан арнайы келген Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, филология ғылымдарының докторы Серік Негимов өз баяндамасында Сейіт Асқарұлының шығармашылық жолын, фольклор мен жазба әдебиетті сабақтастыра зерделеудегі бірегей ұстанымын жан-жақты саралады.

Шара соңында филология ғылымдарының докторы, академик Кәрімбек Құрманәлиев, филология ғылымдарының докторы, профессор Қансейіт Әбдезұлы, филология ғылымдарының докторы Анарбай Бұлдыбай, Түркі академиясының сарапшысы, ғалым Ақеділ Тойшанұлы, Ислам ғылыми-зерттеу институтының директоры Төрәлі Қыдыр, Моңғолия Ұлттық университетінің докторанты Оргил Бүрэнжаргалын сөз алып, академик Сейіт Қасқабасовтың ғылыми мұрасының қазіргі заманғы өзектілігі мен ғылыми кеңістіктегі ықпалын кеңінен қамтыды. Сондай-ақ ғалым еңбектерінің фольклортану мен әдебиеттану саласындағы жаңашыл бағыттарға дем бергенін, оның теориялық тұжырымдары бүгінгі жас зерттеушілер үшін маңызды бағдар екенін ерекше атап көрсетті. Халықаралық конференцияға Ғылым ордасының Орталық ғылыми кітапханасы Сейіт Асқарұлының жеке және жетекшілігімен жарық көрген еңбектерінен арнайы көрме ұйымдастырды.

Академик Сейіт Қасқабасовтың ғылыми мұрасын арқау еткен бұл халықаралық конференция – тұлғаға тағзым, қазақ фольклортануы мен гуманитарлық ғылымының даму бағдарын айқындаған маңызды ғылыми-рухани оқиға болды. Жиын барысында жасалған баяндамалар мен айтылған пікірлер ғалым қалыптастырған ғылыми мектептің әлеуетін, оның теориялық тұжырымдарының заманауи маңызын айқын көрсетті. Бұл жиын – ұлттық ғылымның іргесін бекітіп, рухани сабақтастықты жалғастыру жолындағы іргелі қадам. Академик Сейіт Қасқабасовтың ілімі мен рухани мұрасы – болашақ ұрпақ үшін таусылмас тағылым, зерттеушілер үшін сарқылмас ғылыми өріс.

Нұр Жандосұлы Мағазбек

М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының баспасөз хатшысы

Comments