Қырғызстанда 12 жылдық білім беру жүйесі енгізіледі

934
Adyrna.kz Telegram
Фото: 24.kg
Фото: 24.kg

Қырғызстан үкіметі жалпы білім берудің жаңа мемлекеттік стандартын бекітті. Жаңа жүйе 2025 жылдың қыркүйек айынан бастап енгізіледі, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы fergana.agency-ге сілтеме жасап.

Бұл реформа білім сапасын арттырып, ұлттық білім беру жүйесін халықаралық деңгейге сәйкестендіруді көздейді.

Жаңа стандарт бойынша мектептер 12 жылдық оқыту жүйесіне көшеді. Оқу үдерісі үш деңгейге бөлінеді: бастауыш (1-6 сыныптар), негізгі (7-9 сыныптар) және орта білім беру (10-12 сыныптар). Сонымен қатар, оқушыларды бағалау жүйесі өзгеріп, 1-3 сыныптарда дәстүрлі баға қою алынып тасталады, ал 4-сыныптан бастап баллдық бағалау жүйесі енгізіледі. 7-12 сыныптарда критериалды бағалау әдісі қолданылып, оқушылардың өзін-өзі бағалау дағдыларын дамытуға бағытталады.

Жаңартылған жүйеге сәйкес, алты жастағы балалар 1-сыныпқа қабылданса, жеті жастағы балалар бірден 2-сыныпқа барады. 3-сыныпты аяқтаған оқушылар 5-сыныпқа, ал 6-сыныпты аяқтағандар 8-сыныпқа ауыстырылады. Жаңа білім беру бағдарламасы бойынша алғашқы аттестаттар 2027/2028 оқу жылында беріледі, ал толыққанды 12 жылдық мектептің алғашқы түлектері 2036/2037 оқу жылында мектеп бітіреді.

Қырғызстанның білім министрі Догдуркүл Кендирбаеваның айтуынша, 12 жылдық жүйеге көшуге байланысты бакалавриаттың оқу мерзімі 4 жылдан 3 жылға қысқартылады, себебі кейбір университеттік бағдарламалар мектептің жоғары сыныптарында оқытылатын болады.

Пікірлер