Теңге бағамы және жасанды девальвация: Ұлттық Банктің бұрынғы басшысы ҚР экономикасының құпияларын ашты

198
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан Ұлттық банкінің бұрынғы төрағасы Григорий Марченко «Купол юрты» YouTube-арнасына  берген ашық сұхбатында елдің экономикалық шешімдеріне әсер еткен қиын жағдайлар туралы естеліктерімен бөлісті. Ол ірі девальвациялар, Ұлттық қордың құрылуы және Әзірбайжан банкіне инвестициялау мәселелері жайлы егжей-тегжейлі айтты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Orda.kz-ке сілтеп.

Қазақстан тарихындағы ең ірі девальвация

Ұлттық банктің экс-төрағасы Григорий Марченко ел тарихындағы ең маңызды девальвациялар туралы айтып берді.

«Ұлттық банк 2009 жылдың ақпанында жүргізген девальвациясы 25%-ды құрады, 50% емес, кейде айтылып жүргендей. Ал ең ірі девальвация 1994 жылдың ақпанында болды. Сол кезде бір айда теңге бағамы 11-ден 40 теңгеге дейін төмендеді – бұл үш жарым есеге тең. Бұл девальвацияның себебі Үкімет басшысы Сергей Терещенконың шешіміне байланысты болды. Үкімет Президент Назарбаевты кәсіпорындардың өзара қарыздарын жабу үшін Ұлттық банктің үлкен көлемде ақша басып шығаруы қажет деп сендірді. Президент Ұлттық банктің қарсылығына қарамастан, жарлыққа қол қойды. Бұл кезде Ұлттық банк тәуелсіз болмаған еді, сондықтан жарлық күшіне енді», – деді Марченко.

Оның айтуынша, бұл шешімнің салдары апатты болды: бір айда бағам үш жарым есеге құлады. Марченко АҚШ-та Джорджтаун университетінде тағылымдамадан кейін Қазақстанға оралғанда, 1994 жылдың маусымындағы инфляция 46,5%-ды құраған – бұл жылдық емес, айлық көрсеткіш.

«Сол кездер өте қиын болды. Бір қызығы, бірінші президент бұл оқиғаны мемуарларында мүлде атамаған. Бұл оқиғаны ұмытып кетті ме, әлде маңызды емес деп санады ма, білмеймін. Бірақ бұл – ең сәтсіз макроэкономикалық шешім болды. Қазіргі бағам – шамамен 500 теңге. Егер 1994 жылы бұл қателік болмағанда, қазір біз 200 теңге шегіне жете ме деп талқылар едік. Бүгінгі экономикалық мәселелердің көпшілігі – осыдан 20-30 жыл бұрын қабылданған шешімдердің жаңғырығы», – деп қосты ол.

Теңге бағамы мен Ұлттық қордың құрылуы

Марченко қазіргі теңге бағамы туралы пікірін білдірді:

«499 бен 500 арасындағы айырмашылық небәрі 0,2%-ды құрайды. Әлемдік нарықтарда мұндай ±1% ауытқулар техникалық және елеусіз деп есептеледі. Бірақ бізді дөңгелек сандар әрдайым қызықтырады. Мысалы, кеңес дәуірінде біз 1 миллиард пұт астық жинауға ұмтылдық. Пұт дегеніміз не? Бұл – небәрі 16 килограмм. Бірақ 20 миллион тонна жиналғанда, бұл көрсеткішті мүлде ұмыттық. Сол сияқты, 499 және 500 теңгенің арасындағы айырмашылық маңызды емес», – деп түсіндірді Марченко.

Ол сондай-ақ, көптеген адамдар теңге бағамын девальвациямен ғана байланыстыратынын айтты. Алайда теңге бағамының Ұлттық қордан тікелей тәуелді екенін екінің бірі түсіне бермейді.

Ұлттық қор болашақ ұрпақ үшін қаражат жинақтау құралы ретінде құрылған. Бірақ кейіннен оны жұмсау туралы саяси шешім қабылданды, ал қаражатты пайдалану Назарбаев президент болған кезде басталды.

«Бастапқыда Ұлттық қор активтерін сатып, қаражатты елге әкелу және оны Ұлттық банк арқылы бюджетке жіберу схемасы қолданылды. Кейін, мен және әріптестерім қызметтен кеткен соң, қаражатты нарық арқылы сатуға шешім қабылданды. Жылына қосымша 5-6 миллиард доллардың нарыққа шығуы теңгенің бағамын қолдады», – деді Марченко.

2014 жылғы жасанды девальвация

Марченконың айтуынша, 2014–2015 жылдары Ұлттық банктің төрағалары Қайрат Келімбетов пен Данияр Ақышев болған кезде үш девальвация орын алды. Ол кезде теңге бағамы 150-ден 380-ге дейін көтерілді.

«2014 жылдың ақпанында ірі экспорттаушылардың қысымымен қажетсіз девальвация жүргізілді. Экспорттаушылар бұл мәселені шешеді деп сендірді, бірақ олай болмады. Бұл шешім тек тар шеңбердегі компанияларға пайдалы болды», – деді Марченко.

Оның айтуынша, Қазақстан бұл девальвацияны Ресейден кейін емес, алдымен жасаған, бұл теңгенің бағамына ауыр зардап тигізді.

«2014–2015 жылдардағы екі жарым есеге девальвациядан кейін өндіріс өсті ме? Әрине, жоқ. Бұл бірнеше рет жасалған эксперимент болды. Сол сияқты, 1994 жылы үш жарым есеге девальвация жасалған болатын», – деп қорытындылады ол.

Әзірбайжан банкімен жанжал

Марченко Ұлттық қордың қаражатының Әзірбайжан банкіне аударылуы туралы да пікір білдірді.

«Бұл мәміле мен қызметтен кеткеннен кейін бір жылдан соң жасалды. Ол кезде Ұлттық банкті Қайрат Келімбетов басқарған. Мәміле ішкі процедураларға қайшы болған», – деп түсіндірді Марченко.

Сондай-ақ, ол бұл іске қатысы жоқ екенін және Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиевпен жеке байланысы жоқ екенін мәлімдеді.

Пікірлер