Атырау мұнай өңдеу зауытының бас директоры Ғалымжан Жусанбаев өз өтініші бойынша қызметінен кетуге арыз жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі orda.kz-ке сілтеме жасап.
«Ол «ҚазМұнайГаз» басшылығымен жұмыстан босату шарттарын келісіп жатыр-мыс. Атырау мұнай өңдеу зауытында жұмыс істейтін дереккөздің айтуынша, Ғалымжан Жусанбаев ҚМГ басқарма төрағасы Асхат Хасеновпен сөйлескен. Олар бас директор ауысқаннан кейін Жусанбаев пен зауыт арасындағы ықтимал қарым-қатынасты талқылаған болуы мүмкін. Жұмыстан босату туралы мәселе әлі шешілген жоқ»,—делінген хабарламада.
ҚМГ баспасөз хатшысы Ерлан Сисенов көпшілікті ресми көздерден алынған ақпаратқа сенуге шақырды.
«Атырау мұнай өңдеу зауытының бас директоры Ғалымжан Жусанбаевтың қызметінен кетуі мүмкін деген ақпарат таралуда. Тек ресми көздерден алынған ақпаратқа сеніңіз. Атырау мұнай өңдеу зауытының жұмысына келетін болсақ, зауыт қалыпты жұмыс істеп тұр»,—деді ол.
Айта кетейік, Ғалымжан Жусанбаев 2024 жылдың 10 қаңтарында Атырау мұнай өңдеу зауытының бас директоры лауазымына тағайындалған еді. 16 ақпанда зауыттың бас инженері Әділет Шошанбасов жаңа бас директорды зауытта қауырт жағдай жасады, балағат сөздер айтты және кәсіпорын басшылығы тарапынан ықтимал қаржылық ұрлық жасады деп айыптады.
Ғалымжан Жусанбаев бұл мәлімдемеге пікір білдіріп, президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ескі кланның билікке кедергі келтіріп отырғанын жеткізді. Бұл дау бойынша «ҚазМұнайГаз» тарапынан құрылған комиссия тексеру жұмыстарын жүргізіп, 19 ақпанда Жусанбаев қызметінен босатылды.
21 маусымда Астана соты Жусанбаевты Атырау мұнай өңдеу зауытының бас директоры қызметіне қайтарғаны белгілі болды.