Ақордаға үндеуден соң. Атырау мұнай зауытының басшылары қызметінен кетті

2306
Adyrna.kz Telegram
Фото: egemen.kz
Фото: egemen.kz

Атырау мұнай өңдеу зауытының бас директоры мен бас инженері қызметінен босатылды. «ҚазМұнайГаз» тарапынан құрылған комиссияның тексеру жұмысынан кейін осындай шешім қабылданды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Атырау мұнай өңдеу зауытындағы ахуалға байланысты құрылған комиссия жұмысының нәтижесін жария етті.

«Атырау мұнай өңдеу зауытының бас директоры Ғалымжан Жусанбаев пен  бас директордың орынбасары – бас инженер Әділет Шошанбасовты қызметтерінен босату туралы шешім қабылданды. Бас директордың міндетін атқару әрі қарай шешім қабылданғанға дейін Атырау мұнай өңдеу зауыты бас директорының орынбасары – техникалық директор Олег Александрович Лызловқа жүктелетін болады», деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.

Айта кетейік, зауыт мұнай өнімдерін өндіруді және жөнелтуді штаттық режимде жалғастырып жатыр.

Бұған дейін Атырау мұнай өңдеу зауытының (АНПЗ) бас директоры болған Ғалымжан Жусанбаев Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа бейнеүндеу жолдап,  ескі кланның билікке кедергі келтіріп отырғанына алаңдаушылық білдіргені туралы жазған едік. 

Пікірлер