АҚШ пен Ұлыбритания Йеменнің солтүстігінде билік ететін «Ансар Аллах» қозғалысының (хуситтердің) әскери нысандарына соққы жасады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Reuters-ке сілтеме жасап.
«АҚШ пен Ұлыбритания қозғалыстың Қызыл теңіздегі кемелерге шабуылына жауап ретінде Йемендегі хуситтердің әскери нысандарына әуеден және теңізден соққы берді»,- делінген хабарламада.
Оның салдарынан Сана халықаралық әуежайы американдық-британдық коалицияның жаппай бомбалауына ұшырады. Бұдан бөлек Эль-Ходейда, Саада және Дамар провинцияларына да шабуыл жасалды.
Хуситтер тобының басшысы Абдулкадер әл-Мортада бұл жағдайға қатысты мәлімдеме жасады.
«Америкалықтар мен британдықтардың қоқан-лоққысы бізді қорқытқан жоқ. Тіпті қорқытпайды да. Болып жатқан жағдай бізді Газадағы бауырларымызды қолдау міндетімізден бас тартуға мәжбүрлемейді»,—деді ол.
Айта кетейік, Йеменнің басым бөлігін басып алған хуситтер ХАМАС-қа (кейбір елде террористік ұйым деп танылған — ред.) қолдау көрсету үшін аймақтағы кеме жолдарына шабуыл жасаған еді. Олардың әрекеті Еуропа мен Азия арасындағы маңызды сауда бағыттарын бұзып, түрлі кеме компанияларының аймақтағы жұмысының тоқтауына себеп болды.