Экс-президент екеу боп көріне ме? Кеше ләббай, бүгін қандай?

1624
Adyrna.kz Telegram

Елімізде 2011 жылдан бері 1 желтоқсан тұңғыш президент күні ретінде кең көлемде аталып өтілетін. Алайда былтыр Мәжіліс депутаттары бұл күнді мемлекеттік мереке мәртебесінен айыруды ұсынды. Бірақ депутаттардың бұл ұсынысы неге жартылай ғана орындалды?

Осы жылдың басында яғни ақпанның 8-і күні «Қазақстан Республикасындағы мереке күндерінің тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 31 қазандағы No 689 қаулысын жариялады. Аталған қаулыда  Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған "Тұңғыш президент күні" мерекесі  Қазақстандағы мерекелердің жаңартылған тізімінде сақталып қалды. Бірақ бұл мереке бұрынғыдай күнтізбедегі қызыл күн деген статуысынан айырылып, қарапайым датаға айналды.

Жалпы Қаңтар көтерілісінен кейін экс-президент бұрынғы құрмет, қошеметтен айырылып, теледидарда ол туралы көркем және деректі фильмдер көрсетілмейтін болды. Сондай-ақ экс-президентті жек-көкке сыйдырмай мақтап келген азаматтар оны ашық сынай бастады.

ЕДІЛ НЕГЕ ЕКІ СӨЙЛЕДІ?

Қаңтарға дейін Нұрсұлтан Назарбаевты мақтап, кейін оны сынағандар туралы айтқанда ең бірінші Мәжілістегі белсенді депутат Еділ Жаңбыршин есімізге түседі. Мысалы, ол 2021 жылы қараша күні «Мемлекет басшысымен тікелей кездесу әр адам үшін өмірдегі ерекше оқиға» деп, әлеуметтік желіде көлемді пост жариялады.

«Кортежі келіп тоқтады, Нұрсұлтан Әбішұлы шығып, қол бұлғап амандасып, қызыл кілеммен жүріп келе жатыр. Менің жаныма таяды. Бір кезде артымда тұрған студенттің бұлғап тұрған кішкене Қазақстан жалаушасы ұшып барып, Президенттің тап аяғының астына түсті. Мен де еңкейіп қалдым, бірақ есіме «оқыс қимыл жасамаң» деген арнайы орган қызметкерлерінің ескертуі есіме түсіп, тоқтап қалып едім, Н. Назарбаев аяғымен туды баспай, шапшаң қимылдап, Қазақстан жалаушасын лезде көтеріп алды. Қасындағылар туды құлатпау керек деп айтып жатты. Президент тоқтап, үндеместен біздерді көзім шолып шықты да, көп адамның ішінен менің қолыма жалаушаны екі қолымен ұстатып, әрі қарай жүріп кетті. Мен жалаушаны ұшырып алған Әсем Сүйіт (есімін әлі ұмытқан жоқпын) деген студентіме қайтып бердім. Үйге келгесін әкем Терекбайға болған жағдайды айттым. Ол біраз қынжылды «Неге сен ол жалаушаны алып қалмадың, ол тарихи естелік қой»,- деді. Шынымды айтсам ол жерде аса мән бермеппін. Солай болуы керек болған болар. «Халық өкілінен ұшты, халық өкіліне қайта берілді», - деп ой түйіп қойдым артынан.

«Елбасының адами қасиеттерін, Қазақстан үшін жаны ауыратынын, елін сүйетінін көруге болады»,- деген Еділ Терекбайұлы тура бір жылдан кейін «Әділ мемлекет құру үшін - шалдың жүйесін өзгерту керек! Әділ экономика құру үшін - қыз-күйеудің жүйесін бұзу керек! Әділ қоғам құру үшін - інісінің сектасын жоқ қылу керек!»  деп айды аспанға шығарды.

ЕРЛАН САЙЫРОВ ХРУЩЕВТЫ НЕГЕ ЕСКЕ АЛДЫ?

Еділ Жаңбыршиннан кейін экс-президентті сынаушылардың ішінде Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыровты ерекше атап өтуге болады. Ол әр жолдау сайын экс-президенттің бастамаларын қолдап, одан зор үміт күтті.

Мысалы, 2018 жылы «Президенттің жолдауы оптимистік мәнге ие болып отыр. Қазақстан әлемдік экономикалық кеңістіктің бөлігі болғандықтан, біз үнемі әлемдік әлеуметтік-экономикалық үрдістерді саралап, оның фарватерінде болуымыз керек. Әлемде жаппай цифрландыру процесі жүріп жатыр. Осы орайда Қазақстан бұл ірі өзгерістерге сақадай сай тұруы тиіс. Бұл ретте Президенттің жолдауы көптеген мәселелерді қамтып отыр», - деп ағынан жарылады.

Осы азамат Қаңтардан кейін күрт өзгеріп, экс-президент пен оның отбасын аяусыз сынайтын болды. Мәжіліс депутаты журналистің «Елімізде жеке басқа табынушылық болды ма?»-деген сұрағына «Менің ойымша Қазақстанда жеке басқа табынушылық болды. Тарихта не бар, соны біз ашық айтуымыз керек»-деп салды. Ал «Қаңтарға дейін неге осыны айтпадыңыз?» деген сұраққа «1961 жылы Хрущев Сталин туралы мәселесін шешкенде «Сіз неге осыны Сталиннің кезінде көтермедіңіз?» деп сұрапты. Сол кезде Хрущев тұрып «Мұны айтқан кім?» деп сұрағанда ешкім үндемеген екен. Сонда Хрущев «Дәл солай мен де үндемедім» депті», - дейді депутат.

Ерлан Бияхметұлының Сталин мен Хрущевты еске алып, «Назарбаевтың кезінде үндемедім» деп шындықты айтуы азаматтық болса керек. Себебі көп адам Ерлан Сайыров секілді ойын ашық айтпай, бетперде киіп жүр.

СҰЛТАНОВ НҰРСҰЛТАНҒА АДАЛ БОЛДЫ

Азаматтық демекші, Нұрсұлтан Назарбаевты Қаңтарға дейін қалай мақтаса, одан кейін солай жақтаған азаматтар бар. Солардың ішінде экс-депутат Қуаныш Сұлтановтың есімін ерекше атап өтуге болады. Мысалы, ол былтыр сәуір айында "Тұңғыш президент – Елбасы" дейтін заңның күшін жоюдың қажеті жоқ» деп ашық айтты. Сондай-ақ ол таяуда дүние салған Болат Назарбаевтың асында Нұрсұлтан Назарбаевты мақтап, экс-президентке адалдығын кезекті рет дәлелдеді.

Адалдықтан аттамағандар туралы айтқанда экс-депутат Бақытгүл Хаменованы назардан тыс қалдыруға әсте болмайды. Ол алқалы жиында Нұрсұлтан Назарбаевқа

«Көкжиектен арғы жақты көретін,

Ел-жұртына шексіз қуат беретін.

Соқсадағы замананың дауылы,

Барша халқы тек соңынан еретін.

Елбасындай ерен тұлға тұрғанда,

Мен елімнің ертеңіне сенемін», – деп жыр шумақтарын арнаған болатын.

Бақытгүл Хаменова Атырау облысы әкімінің орынбасары болғаннан кейін жемқорлық ісі бойынша сотталды. Соттағы соңғы сөзінде «Мені Назарбаевтың жақтасы дейтін болар. Елбасын жақсы көремін. Оның елге сіңірген еңбегін  айта да беремін. Сол үшін мені жек көретін болса, жек көре қойсын»,- деді

Бақытгүл Қайыржанқызының бұл ер мінезі кейбір тұлғаларға жетіспейтін болып шықты. Мысалы, еліміздегі №1 жағымпаз деген атаққа ие болған Мырзатай Жолдасбеков экс-президенттен көрмеген қиянаты жоқ екенін айтты.

«Бір жағынан Назарбаевқа жаның ашиды. Сонша нәрсе істеп, бір нәрсеге ақыл жетпегені. "Дүние деген сары алтын, талайларды алдаған" деп Төле би бабамыз айтқандай, соның бәрін біле тұра істегеніне таңғаламын", - деді жуырда.

МАҚТАҒАНДАР НЕГЕ ДАТТАДЫ?

Бұған дейін Мырзатай Жолдасбеков «Бізді балапандай баптап, қызғыштай қорып келе жатқан кемеңгер қайраткерсіз. Сіз бізге Алланың берген сыйысыз. Арғы-бергі заманда қазақтың басында мұндай бақ қонған жоқ. Мұндай дәуренді қазақ басынан кешкен жоқ. Ұлан байтақ даласы бар, Астанадай қаласы бар, Нұрсұлтандай данасы бар Қазақстан жасай берсін!» деп Назарбаевты көзіне мақтаған болатын.

Мырзатай Жолдасбековтен бөлек экс-президентке арнап «Бәйтерек» поэмасын жазған Несіпбек Айтұлы да өзгеріп шыға келді. Нақтырақ айтсақ, аталған поэманы жазғанына өкінетінін ашық айтты.

Былтыр мәжіліс пен сенат «Тұңғыш президент – Елбасы" туралы заңның күшін жойып, депутаттар Нұрсұлтан Назарбаевқа қарсы дауыс берді. Экс-президентке қарсы дауыс бергендердің ішінде "Нұр-аға" деп ән арнаған Әли Бектаев бар. «Өрге тартып, биіктерге көтердің, Тілден, көзден сақтасыншы, Нұр аға!» деген сенатор экс-президентті «тілден, көзден сақтайтын» заңды қолдап дауыс берді.

Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаевты айрықша мақтап мақала, кітап жазған Сауытбек Әбдірахманов Мәжіліс депутаты кезінде «Тұңғыш президент – Елбасы" туралы заңға қарсы дауыс берді. Бірақ ол экс-президентті ашық сынап, көзге түскен жоқ.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Әли Бектаев пен Сауытбек Әбдірахманов секілді азаматтарға мандат маңызды болды. Биыл Әли Әбдікәрімұлы «Ауыл» партиясының төрағалығынан кеткенмен, сенат депутаты деген қызметті сақтап қалды. Ал Сауытбек Әбдірахманов мәжілістегі мандатын тапсырып, Нұрсұлтан Назарбаевқа адалдығын сақтап қалған секілді. Ол жуырда саяси ас деген атаққа ие болған жиында бой көрсетті.

Биыл күнтізбедегі қызыл күндер қатарына ілінбей қалған Тұңғыш президент күні Назарбаевтың естеліктері шыққаны ресми жарияланды. Оған дейін кітапта Назарбаевтың тоқалы туралы айтқаны дақпыртқа айналып үлгерді. Ал кеше ғана Алматыда 13 адамның өмірін жалмаған өрт болған. Экс-президент оған көңіл айтпады да. Назарбаев және оның командасы өз мерекесімен өзі әуре...  

 Серік Жолдасбай

«Адырна» ұлттық порталы

 

Пікірлер