Депутат Абзал Құспан шахтадағы жарылысқа қатысты ашық пікір білдірді

1801
Adyrna.kz Telegram
фото: Inbusiness.kz
фото: Inbusiness.kz

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Костенко шахтасында болған жарылысқа қатысты фейсбук парақшасында пікір білдірді, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

«Бүгіндікке қиналсам да бір емес, бірнеше БАҚ өкіліне сұхбат беруге, бірқатарынан бас тартуға тура келді. Айтар негізгі ойларым әзірге төмендегіше. Өзекті өртейтіні – соңғы жылдары «АрселлорМиттал Теміртау» өндіріс ошақтарында болған қайғылы оқиғалар тізбегі көбейді. Осы уақытқа дейін «АрселлорМиттал Теміртауға» қарасты кен орындарында болған апаттан 100-ден аса адам қаза тапқан, 150-ден аса адам түрлі деңгейдегі жарақат алған. Оның ішінде жарақатының ауырлығынан мүгедек болып қалып, еңбекке жарамдылық қабілетінен айрылғандары да бар. Былтыр бір аптаның ішінде бес жұмысшы қаза болғаны есімізде. Биыл тамыз айында «Казахстанская» шахтасында болған өрт салдарынан 4 адам бақилық болды. Осындай кезде Үкімет қайда қарап отыр деген сұрақ туындауы заңды», - деп жазды депутат.

Депутаттың сөзіне сәйкес, бұл апаттардың барлығы өндірістік қауіпсіздік ережелерін сақтамаудан туындаған. Бұл туралы компанияға мемлекет тарапынан талай аудит жүргізіліп, мониторинг жасалып, компания басшылығына талай ескерту жасалып, айыппұлдар салынған. Тамыз айындағы апаттан соң, президент аты шулы компанияның орнына басқа инвестор табу туралы Үкіметке тапсырма берген. Түндегі апаттан соң «АрселлорМиттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық келісімді бұзу туралы шешім қабылданған.

Сондай-ақ бұл көпшіліктің көптен күткен жаңалығы болғанымен, мұндай шешім бір күнде қабылданбайтынын, себебі оның құқықтық астары көп екенін жеткізді. Шамасы, былтырдан бері жүргізілген тексерулер мен бірнеше айдан бергі келіссөздердің нәтижесі осыған әкелген.

«Осы тұста ескеретін бірнеше мәселе бар. «АрселлорМитталдың» орнына кім келеді? Отандық инвестор болса, құба-құп. Екінші мәселе – компанияға қарасты кен орындарына толық тексеру жүргізіп, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек. Мемлекет үшін азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігі ең бірінші кезекте тұрған мәселе. Бұл ретте президенттің апат орнына дереу жетіп, бар жағдайға өзі қанығып, нақты ақпаратты алуы, шұғыл шешім қабылдауы – құптарлық. Тағы бір мәселе – мемлекеттің халықаралық бизнес-қауымдастық алдындағы инвестициялық бет-бейнесін сақтап қалу, Қазақстанның экономикасына қаржысын салуға дайын, өз ісіне адал шетелдік инвесторларды тарту», - деп атап өтті Абзал.

Абзал Құспанның айтуынша, бұған дейін «АрселлорМиттал» кен орындарындағы өндіріс қауіпсіздігін сақтауға қатысты, жергілікті халықтың денсаулығына тигізген зиян мен қоршаған ортаны ластауды азайтуға қатысты берілген шағымдар мен ескертулерді дұрыс орындалмаған. Мұны дәлелдейтін айғақ жеткілікті. Сонда да онымен келісімшартты біржақты түрде бұзу халықаралық деңгейдегі жанжалға апармауын қадағалау керек.

«Кеше ғана қамауға алынған экс-министрдің ісінен белгілі: шетелдік кәсіпкер Статимен болған сотта Қазақстан миллиардтаған шығынға батты, бірақ сонда да жеңіліске ұшырады. Яғни, мемлекет мүддесін кім қалай қорғайды деген мәселені майшаммен қарау керек. Бұл орайда, президенттің кәсіби биліктілігі, халықаралық аренадағы тәжірибесі мен беделі көмек болары сөзсіз», - деп жазды мәжіліс депутаты.

 «Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер