Достар арасындағы дау. Тоқтасынов пен Жақияновқа қатысты сот отырысы қалай өтті?

2781
Adyrna.kz Telegram

7 қыркүйек күні Алматы қаласы Медеу аудандық сотында Ғалымжан Жақияновтың Төлен Тоқтасынов пен оның жұбайы Алма Тоқтасыноваға қатысты, яғни ортақ кәсіптегі үлесіне жартылай төлем ретінде өз еркімен төлеген ақшаны өндіру туралы талап арызы бойынша ашық сот процесі өтті. Сот отырысына «Адырна» ұлттық порталы да қатысты.

Сағат 11-де басталып, бір жарым сағатқа созылған сот отырысы ашық түрде, қоғам белсенділері мен баспасөздің қатысуымен өткізілді. Дегенмен, арыз беруші Ғалымжан Жақияновтың өзі сотта төбе көрсетпеді.

Айта кетейік, Төлен Тоқтасынов пен Ғалымжан Жақиянов ертеден бері жақсы араласқан белгілі тұлғалар. 2000 жылдардың басында оппозияциядан орын тауып, халықтың сөзін сөйлеген жандар. Бұл туралы Ғалымжан Жақиянов өзінің «Өмір белестері» мемуарлық кітабында да кеңінен жазған. Дегенмен, 30 жыл араласқан достардың арасынан қара мысық кесіп өтті. Араздыққа не себеп?Даудың басы неден басталды?

ДАУДЫҢ БАСЫ – ДОСТАР АРАСЫНДАҒЫ ДОЛЛАРЛАР

Төлен Тоқтасынов пен Ғалымжан Жақиянов Моңғолияда бірге жүріп, біраз жыл жұмыс істеген. Екеуі компания басқарып, кейін жолдары екіге айырылған. Бұл туралы «Адырна» тілшісіне Төлен Тоқтасынов айтып берді.

«Моңғолияда біз Ғалымжан екеуміз бірігіп жұмыс істейміз деген келісім болды. Тағы бір үшінші адам болды. Сол келісім бойынша, арамызда келіспеушілік орын алды. Ғалымжанға «сен бізге білдіртпей, жасырын өз қалтаңа ақша алдың. Біраз қаржыны Моңғолияның артында тұрған офшорлық компанияның банк шотында қалдырдың» деген айып тақтық.

Осы мәселелер болғаннан кейін, арамызда біраз келіспеушілік болып, кейін Ғалымжан маған ұсыныс тастады: «Бұл компанияда екеуміздің біреуміз қалуымыз керек», деді. Мен бірден өзімнің шығатынымды айтып, Ғалымжанға өз үлесімді саттым. Ол келісті. Кейін ол менің үстімнен арыз жазды», деді Тоқтасынов.

7 қыркүйек күні өткен сотта Ғалымжан Жақияновтың талап арызы бойынша азаматтық іс қаралды. Яғни, ол Тоқтасынов Төлен мен Тоқтасынова Алмадан 462 500 АҚШ долларын өндіріп алмақ.

2019 жылы 30 тамызда Жақиянов пен Тоқтасынов арасында  Моңғолиядағы ALGT жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 37,5% көлеміндегі үлесін сату-сатып алу туралы хаттамалық келісім рәсімделеді. Хаттамалық келісім шарттарына сәйкес, тараптардың үлес құны 1 765 000 (бір миллион жеті жүз алпыс бес мың) АҚШ долларына бағаланды.

Тоқтасыновтың айтуынша, келісімшарт мәтінін Жақияновтың өзі жазған. Екеуара келісім WeChat мессенджері арқылы өткен. Келісім болғаннан кейін, Ғалымжан Жақиянов бірінші траншты төлеген. Тоқтасынов компанияны басқаруды Ғалымжан Жақияновқа берген, кейін Жақиянов келісілген ақшаның қалған бөлігін төлеуді доғарған. Жақиянов «Төлен мені алдады, ол компанияда үлескер емес, оны мен білмедім» деген желеумен Тоқтасыновтың үстінен арыз тастаған.

Жақиянов Тоқтасынов пен оның зайыбы Алма Тоқтасыноваға 462 500 АҚШ долларын түрлі транштармен төлеген. Осылайша, Жақиянов Тоқтасыновпен Моңғолиядағы «АLGT» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 37,5% мөлшеріндегі үлесін сату-сатып алу туралы Хаттамалық шарт жасасып, осыншама соманы төлегеннен кейін, қайта қайтарып алуды талап етіп арыз жазады.  

Сот барысында «Quinton» оффшорлық компаниясытуралы да айтылады.  Ол моңғолдық ALGTкомпаниясының 100% иелігінде. Алма Тоқтасынованың айтуынша, Төлен Тоқтасыновтың ол компанияда 50% иелігі бар. Жақияновтың қорғаушысы банктік құпия болса да, Алма Тоқтасынованың банк шоттарының деректемелерін жария етуді талап етті. Бірақ, сот оларды қабылдамады.

Сондай-ақ, сот ұйғарымымен үшінші тұлғалар ретінде ALGT.Co, Ltd жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, QUINTON OVERSEAS LTD компаниясы, ALGT компаниясының нақты қатысушысы Тагир Сисинбаев, сондай-ақ,Қоғамның кредиторы Мұхаметқали Оспанов тартылды. Олар Жақияновтың өкілі ретінде қатысты. Сот барысында екі жақ тараптың адвокаттары бірқатар өтінімдер берді. Алда сот оларды қайта қарамақ.

«БҰЛ СОТ – ПРИНЦИПТІ МӘСЕЛЕ»

«Мен бір сұхбатымда айттым, бүгінгі болған жағдайға еш өкінбеймін. Ғалымжан Жақияновпен біз 30 жылдан астам дос болдық. Оны қазақстандықтар жақсы біледі. Ал бүгінгі жағдай осындай болып отыр. Біз мұндай жағдай болмаса, Ғалымжан Жақияновты тұлға ретінде өз қолымызбен ақ киізге отырғызып, таққа шығарушы едік.

Сот процесінің жалғасы болады. Бұл сот – дүние үшін деп айтылады. Бұл – дүние , ақша үшін емес. Бұл сот – принципті мәселе, шындыққа әкеледі. Алдағы сотқа сіздер де қатысып көрсеңіздер болады, біздің арамызда болған хаттарымыз, дәлелдеріміз бар, соларды көрсетеміз», - деді Тоқтасынов сот процесінен кейін «Адырнаға» берген сұхбатында.

ЖАҚИЯНОВ СОТҚА НЕГЕ КЕЛМЕДІ?

Төлен Тоқтасыновтың өтініші бойынша, баспасөз өкілдерінің қатысуымен сот ашық түрде өтті. Дегенмен, Жақиянов соттың ашық өтуіне қарсы болған. Тіпті, өзі сот отырысына келмеді. Қорғаушысының айтуынша, сотқа келмеуі Жақияновтың талабы болыпты.

«Жақиянов қоғам қайраткері әрі халыққа танылған тұлға бола тұра, Төлен бұған дайын болса да, онымен ашық жүздесіп, бетпе-бет сұхбат беруден әлі де жалтарады. Сот отырысының мерзімі 2 апта бұрын белгіленеді. Ол Моңғолияда деген болжам бар. Егер сонда болса, Моңғолиядан ұшақтар жиі ұшады. Қаласа, халық алдында ақ болса, сотқа қатысар еді», - деді Алма Тоқтасынова.

Айтып өткеніміздей, сотқа баспасөз өкілдеріненбөлек, қоғам белсенділері де қатысты. Кәсіпкер, қоғам белсендісі Ахметбек Нұрсила сот отырысында болып, екі достың ақша үшін жанжалдасқандарына қапалы екенін айтты.

«Мен Ғалымжанды да, Төленді де 90-шы жылдардан бері білемін.Екеуін айырып жатқан – қу ақша, қу дүние. Енді бұл ағайынның немесе ауылдың арасында болып жатқан әңгіме емес, бұл бүкіл Қазақ жұртына тарап кетті. Екеуін  30-дан асқан көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың көбі біледі. Ел үшін бір кездері бастарын бәйгеге тігіп, билікке қарсы шауып жүрген қанды көйлек достар еді. Енді бүгін бір-бірімен қырқысып, соттасып, бүкіл елге масқара болып жатыр.

Қазіргі болып жатқан сот процесі Ғалымжанның «мен байқамай беріп жіберіппін ақшаны, бұл компанияға Төленнің қатысы жоқ екен» деген әңгімесімен беріліп жатыр. Қалай 12 жыл Отанына келмей, Моңғолияда жұмыс істеп жүрген азаматтың мүлде ол компанияда үлесі жоқ дегенге кім сенеді? 400 мың доллар 400 теңге емес қой?!  Ең өкініштісі, осы 60-тан жасы асқан, бір кездері ел үшін, демократия үшін жемқорлықпен күресеміз, адал боламыз деген ел танитын азаматтардың бүгін тиын үшін бір-бірімен бет жыртысып, жағасынан алып, соттасып жатқаны, әрине, жанға батады. Сот әділ шешімін шығарады деген үмітіміз зор», - деді Ахметбек Нұрсила.

Сонымен қатар, Төлен Тоқтасыновтың досы, зейнеткер Сарыпов Айдарбек те сот отырысна қатысты. Оның айтуынша, Жақияновтың әрекеті Тоқтасыновқа тағылған жала.

«Төленнің отбасын 80-ші жылдардан бастап білемін. Жалғыз мен емес, Төленнің қандай екенін Семей халқының барлығы біледі. Қазір болып жатқан сот процесі дұрыс шешіледі деп ойлаймын. Семей қаласында Төленнің жұмысында менің жолдасым көмекшісі болып қызмет істеді.

Мынау ісТөленнің үстіне жабылып жатырған ашық жала. Бұл – дұрыс емес. Ыңғайсыз, ұят жағдай болып тұр. Бір нүктесі қойылуы керек. Төлен Назарбаевтың кезінде Моңғолияға келгенін білеміз. Сонда компаниясын 0-ден бастады. Моңғолияның ірі кәсіпкерлері де біледі. Ол жақтағылар да жақсы пікірін білдіріп жатыр. Сот дұрыс шешім шығарады деп ойлаймын. Аққа Құдай жақ. Ал Жақиянов туралы ештеңе айта алмаймын», - деді Айдарбек Сарыпбайұлы.

Еске салайық, қаңтар айында «Адырнаның» ютуб арнасына сұхбат берген Төлен Тоқтасынов қанды көйлек досы, өмірде де, кәсіпте де бірге жүрген Ғалымжан Жақиянов туралы айтып берген еді. Кейін Жақиянов ескі досының осы сұхбаты шабына тиіп кетсе керек, жауабын әлеуметтік желіге жазбаша жариялады. Әрине, Тоқтасыновтың сөзінің бәрін теріске шығарып, уәжін айтты. Төлен Тоқтасыновтың сұхбатынан кейін, “Адырна” ұлттық порталы Ғалымжан Жақияновқа алаң ұсынып, сұхбат беруін сұрады. Алайда ол оған оң жауабын бермей, "Адырна" порталының үстінен арыз тастап үлгерді. Қысқасы, достар арасындағы даудың шешімі алдағы сотта жалғасын таппақ. Сот отырысы қашан болатыны белгісіз.

”Адырна” ұлттық порталы

 

 

Пікірлер