Жақиянов неден жаңылды?

4495
Adyrna.kz Telegram

Ғалымжан Жақиянов - бұл есім-сойды мұқым қазақ құрмет тұтады. Оның екі мыңыншы жылдардан бері авторитарлы биліктің дегеніне көнбей, Қазақстанды демократиялық мемлекет ету жолында аянбай күресіп келе жатқанын, тіпті саяси көзқарасы үшін абақтыға да қамалғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Қоғам Ғалымжан Жақияновты ашық ойлы, әділ, шыншыл, ұстанымы жолында құрбандыққа бара алатын адам деп таниды. Осындай мақтаулы мінездерімен көптің көңілінен шыққан айтулы азамат қапелімде жүрісінен жаңылып жүр. Соңғы бес-алты ай көлемінде Ғалымжан Жақиянов тарапынан “Адырна” ұлтттық порталына жасалған қысым бізді осылай айтуға мәжбүрлеп отыр.

2023 жылдың 2-қаңтары күні “Адырна” ұлттық порталының Ютуб арнасында "Ғалымжан Жақияновқа сеніп едім" деген тақырыппен кәсіпкер Тоқтасынов Төлен Мұхамедиұлының сұхбаты жарияланды.

Әрине, бұл портал үшін қалыпты көп сұхбаттың бірі ғана еді. Қазақ елін былай қойып, жат ел Моңғолияда кәсіп істеп келген, Ғалымжан Жақияновтың өмірлік досы болған, экс-депутат Төлен Тоқтасыновтың айтар ойына, жеке пікіріне шектеу қоюға біздің хақымыз жоқ. Ол демократиялы мемлекет құндылықтарына сәйкес өзінің ашық ой айту құқығын пайдаланып, порталымыздың ютуб арнасына іштегі бар шерін ақтарды.

Төлен Тоқтасынов пен Ғалымжан Жақиянов екеуінің арасындағы қаржылық даулы мәселелердің жарыққа шығуы, әрине, Жақияновқа жақпапты. Арада екі күн өтпей жатып, өзін Жақияновтың адвокатымын деп таныстырған Мустахим Тулеев атты азамат "сұхбатты өшірмесеңдер, сотқа береміз" деп қорқытуды бастады. Олардың логикасына сүйенсек, "Тоқтасынов қылмыскер екен. Біздің порталдың қылмыскерден сұхбат алуға хақысы жоқ екен-міс".

Артынша, редакциямызға бұл сұхбатты терістейтін Жақияновтың мәлімдемесі келіп түсті. Біз бұқаралық ақпарат құралы ретінде тізгінді тең ұстап, мәлімдеменің бір әрпін де өзгертпей "Төлен жеке басының қарызынан құтыла алмай, енді маған жала жабуға кірісті" деген тақырыппен жарияладық.

4 қаңтар күні Жақияновтың адвокаты мәлімдеменің орысша нұсқасын және жолдап, оны да жариялау керектігін айтты.

Біз оған да портал бетінен орын бердік. Бұл мәлімдемені сол күндері Жақияновтың жары Қарлығаш Жақиянова Facebook-тегі жеке парақшасына салып, оқырманға жаппай таратты.

Ғалымжан Жақиянов “Адырна” ұлттық порталына жарияланған сұхбат бойынша, "Ар намысыма нұқсан келтірді" деп Төлен Тоқтасыновты сотқа берді. Ал, Төлен Тоқтасынов Ғалымжан Жақияновтың орысша мәлімдемесін негізге алып, заң органдарына жүгінді. Қызығы сол,  Жақиянов орысша мәлімдемесінен дереу бас тартты. Осы уақытқа дейінгі жариялаған ақпараттарын жоққа шығарып, сөзден тайқып шыға келді.

Біздің қолымызда адвокат Мустахим Тулеевтің жазбалары бар. Жақиянов "Мәлімдемені жариялау керек" деп жолдаған адвокатының хатын қоқысқа лақтыра салып, бізге ресми хат та жолдады.

Мақтаулы демократ адамның құбылып шыға келуін қалай түсінуге болады? Өзі, өзінің өмірлік жарының әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы таратқан мәлімдемесін мыңдаған оқырман оқығаннан кейін өшіре салып, "Адырнаны" біржақты қаралау қаншалықты әділетті?

Абайдың "Бір жанға екі күймек әділет пе?" деген сөзі бар ғой. Сол айтпақшы, Төлен Тоқтасыновтың сұхбатына байланысты, "қылмыскерден сұхбат алуға хақыларың жоқ" деп айыптағандары аздай, артынша өздері мәлімдеме жолдап, одан тайқып шыға келуі "бір жанымызды" екі күйдірді. "Қылмыскерден сұхбат алуға хақыларың жоқ" деп үстем талап қойған Мустахим Тулеев бұл күндері екі айға қамауға алынған. Ол Ғалымжан Жақияновтың ғана емес, бұрынғы Мәдениет министрі болған Арыстанбек Мұхамедиұлының да адвокаты болған екен. Қазір “Мұхамедиұлының жазасын жеңілдету үшін сотқа ірі көлемге пара ұсынды" деген айыппен тергеліп жатыр.

“Адырна” ұлттық порталының қызметкерлері 5 қаңтар күні Жақияновтың бізге сұхбат беруін сұрап, бүгінде қамауда отырған адвокаты Мустахим Тулеевке хабарласты. Ол кісі бұл мәселеге қатысты өзімен жеке келісу керектігін айтып телефон нөмірін берді. Жақиянов біздің уатсап арқылы жолдаған өтінішімізге пысқырып та қарамады. Тек мәтіндік мәлімдеме жасаумен шындық ашылмайтынын айтып, Жақияновтың ашық ойын порталға жариялауға дайын екенімізді және білдіріп, Facebook-тегі парақшамыз арқылы да сұхбатқа шақырдық.  Оған да жауап болмады.

Баспасөз заңдарына сәйкес біздің бүйрегіміз еш тарапқа да бұрылмайды. Жақиянов бүгін келіссе, оның айтқан сөздерін өзгертпестен бүгін жариялауға дайынбыз. Өйткені, Ғалымжан Жақиянов тағдырын құрбан етіп, ұзақ жылдар бойы күрескен демократияның даңғыл жолы осы. Бірақ, Жақияновқа қоғамның алдына шығып, өз ойын ашық айтудан гөрі тасада тұрып ұлттық порталға қысым жасау, сол қысым арқылы порталдың ютуб арнасында жарияланған Төлен Тоқтасыновтың сұхбатын алғызып тастау ғана қажет сияқты.

Бұлай деуімізге 2023 жылдың 14 шілде күні Ғалымжан Жақияновтың тағы бір адвокаты Ю.Вершининаның бізге жолдаған сотқа дейінгі шағым хаты себеп болып отыр. Ол шағымда "Ғалымжан Жақияновқа сеніп едім" атты Төлен Тоқтасыновпен болған сұхбатты “Адырна” порталының ютуб арнасынан өшіріп, моральді шығын үшін 1 000 000 теңге төлеу қажеттігін, егер келіспеген жағдайда сотқа беретінін жазып және қорқытыпты. Осылай Төлен Тоқтасыновтың Жақиянов туралы айтқан уәждерін тұншықтыра салмақ көрінеді.

Ғалымжан Жақиянов сынды демократ азаматқа бұл лайық іс пе? Жақияновтың Тоқтасыновтың айтқандарын Ютуб арнамыздан жойып жіберіп, оның ашық ой білдіру құқығын шектеп тастауға хақысы бар ма? “Адырна” ұлттық порталы Жақияновтың уәжін жарияламай жатса, тек Тоқтасыновтың сөзін сөйлеп, негізсіз қараласа, онда сотқа жүгінуге болар. Өзі ашық сұхбатқа келіспей, Тоқтасыновпен тең дәрежеде портал ұсынған мінберге шығып, тойтарыс беру құқын пайдаланбай отырып, моральдік шығын талап етуі қаншалықты әділетті? Жақиянов деген абыройлы атпен онсыз да қал-жағдайы мәз емес қазақ басылымынан моралдік шығын талап етуі қай қисынға сай келеді?

Бұл сұраққа бәлкім, Ғалекеңнің өзі жауап беріп қалар! Қазақ құрмет тұтқан азаматқа қарсылық көрсетіп, оған тізе батыру ойымызда жоқ. "Қисынсыз қысым жасап, ағамыз жаңыла көрмесе екен" деген ізгі ниетпен осымен тоқтаймыз!

Құрметпен, “Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер