30 адам эвакуацияланды. Өскеменде азық-түлік дүкені өртенді

2375
Adyrna.kz Telegram
Фото: ШҚО ТЖД баспасөз қызметі
Фото: ШҚО ТЖД баспасөз қызметі

Өскемен қаласында азық-түлік дүкені өртеніп, 30 адам эвакуацияланды. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Оқиға 22 маусымда сағат 04.40-та Сәтбаев даңғылындағы азық-түлік дүкенінде болған. Дүкен он қабатты тұрғын үйдің 1-қабатында орналасқан. Сауда жабдықтары мен азық-түлік өнімдері жанып кеткен.

Мәлімет бойынша, оқиға орнына келген ШҚО ТЖД қызметкерлері баспалдақ арқылы 30 адамды, оның ішінде 6 баланы эвакуациялады. Өрт сағат 05.40-та 25 шаршы метр алаңда сөндірілді. Қайтыс болғандар мен зардап шеккендер жоқ.

Сондай-ақ, өртті сөндіруге жеке құрамнан 35 адам және 11 техника жұмылдырылды.

Өрттің алдын ала себептері – электр жабдығының авариялық жұмыс режимі және электр жабдығын орнату мен пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамау.

ШҚО ТЖД кәсіпкерлерге өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауды ескертеді.

Пікірлер